Сіз лақтырған қоқыс мұхитқа қалай жетеді?

2019 жылы жапон ғалымдары компьютерлік модельдеудің көмегімен пластик қалдықтардың Жапониядан «шығып», Тынық мұхиттың бойымен қалай жылжитынын, басқа елдің жағалауына қай жолмен жететінін анықтады. Зерттеу нәтижесінде Күншығыс елінің түрлі қаласында тасталған қоқыстың түбінде бірігіп, бір бағытта ағып кететіні белгілі болды. Үлкен суға түскен қалдық 150-200 күннен кейін Тынық мұхиттың орталық бөлігіне барып қалады екен. Ал АҚШ пен Канаданың жағалауына жету үшін бір жылдан астам уақыт қажет. Оңтүстік және Орталық Америка елдерінің жағалауына сәл кейінірек жетеді. Кей қалдық Жапонияға оралуы мүмкін, енді бір қоқыс Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне, атап айтқанда Филиппинге дейін барады.

Экологтардың айтуынша, жыл сайын мұхитқа 4-12 миллион тонна пластмасса түседі. Сарапшылар «бұл үрдіс жалғаса берсе, 2050 жылға қарай мұхиттағы пластик қалдық балықтан көп болады» дейді. Қазақстанда мүхит жағажайы жоқ, алайда түбі мұхит-теңіздерге барып құятын Ертіс, Жайық секілді трансшекаралық өзендер арқылы көрші елдермен байланыста. Сондықтан қазақстандықтар өзенге қоқыс тастаса, ол түбі барып үлкен суды ластайды.

теңіздегі қоқыс
Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған қоқыс мұхит-теңіз бетінде осындай «бөгеттер» құрайды. Фото: Recyclemag.ru

Мұхиттағы қалдық-қоқыстың үлкен аумақты алып жатқаны сонша, оның жиналып қалған жерлерін, мәселен, Тынық мұхиттағы үлкен қоқыс алаңы, Солтүстік Атлантика қоқыс алаңы, Үнді мұхитындағы қоқыс алаңы деп атайды. Зерттеушілердің айтуынша, қазір Тынық мұхиты қоқыс алаңының массасы үш жарым миллион тоннадан, ал ауданы миллион шаршы шақырымнан асады.

Теңіз жануарларының ағзасында пластик қайдан жүр?

Теңіздегі пластик қалдық түрлі себептен (мысалы, күн мен судың әсерінен) бөлшектеніп кетеді. Сол майда бөлшектерді балықтар теңіз жәндігі (планктон) деп ойлап, жейді. Осының кесірінен балық ағзасында пластик қалдықтар жинала береді. Сәйкесінше, оны жеген адамның асқазанында да пластиктің микробөлшектері пайда болады.

Пластик стакан және теңіз тасбақасы. Фото: F-musor.ru

Адам ағзасына пластик қалай түсуі мүмкін?

Австралиялық зерттеушілер адам ағзасында пластик жиналатынын-жиналмайтынын анықтау үшін тәжірибе жасап көрді. Бұл туралы Der Spiegel журналы 2018 жылы жариялады. Тәжірибеге түрлі елдің 33 пен 65 жас аралығындағы еріктілері қатысты. Олар бірнеше күн бойы пластик ыдыстан су ішіп, тамақтанады. Бәрі ет, теңіз өнімдерін тұтынған. Бір аптадан соң Вена университетінің зерттеушілері анализді көріп, қатысушылардың денесінде пластик бар екенін анықтаған. Оның көлемі 50-500 микрон аралығында болған, тіпті ғалымдар қай адамның бойында пластиктің қандай түрі бар екенін, яғни PET әлде полиэтилен екенін де нақтылай алыпты.

Отшашудан соң ауа қалай өзгереді?

Мереке күндерінен кейін далаға шығып, ауаның қалай ластанғанын ешқандай аппаратсыз-ақ байқауға болады. Себебі отшашудың құрамындағы ауыр металдар ауаны ластайды.

Отшашудың құрамында литий, барий, мыс, натрий, стронций, күкірт, кремний, бор, хлор, алюминий, магний және тағы басқа ауыр металдар бар. Оның басым көпшілігі отшашуға түрлі түс береді, ал кейірі (мысалы, титан) дыбысы қатты шығып атылуына жауап береді. Бұл металдардың бәрі ауаны әп сәтте көк түтінге айналдыра алады.

Айтпақшы, отшашу атылған кезінде ғана зиян деп ойлау — қате. Бітіп қалған отшашуды қоқысқа тастаймыз. Бірақ мұндай қалдық түскен жеріндегі топырақты, суды әрі қарай да ластай береді.

Көрнекі сурет: отшашу қалдығы. Фото: Ru.dreamstime.com

Дәрігерлердің айтуынша, астма, бронхит және басқа да созылмалы аурулар ұзақ уақыт лас ауамен дем алғаннан пайда болады. Басқаша айтқанда, ауадағы ауыр металдар ағзаға біртіндеп еніп, оттегінің түсуіне жол бермейтін көрінеді. Сонымен қатар пиротехника атылса, қорқып, күйзеліске түсетіндер де болады. Сонда отшашу өкпе мен тыныс алу жолына ғана емес, адамның психикасына да зиян келтіреді деп топшылауға болады.

Адам бір аптада қанша қоқыс шығарады?

Бір апта бойы тастаған қалдықтарды жинап көрсеңіз, оның қаншалық көп екенін және мыңдаған адамның үлкен қоқыс полигонын оп-оңай толтырып тастай алатынын біле аласыз.

АҚШ фотографы Грег Сегал осы тақырыпта өзгеше эксперимент жасап көріпті. Ол Калифорнияда тұратын бірнеше отбасыдан бір аптаның қоқысын жинап отыруды сұрайды. Нәтижесінде «7 күндік қоқыс» атты фотолар жиынын әзірледі.

Жалпы, мамандардың айтуынша бір адам күніне шамамен 0,5-1,5 келі қоқыс шығарады екен.

Қоқыс бізбен бірге «өмір сүреді»

Грег Сегал қалдықтар проблемасына назар аударту үшін адамдардың күнделікті лақтыратын  қоқысын адам кейпінде бейнелеп, фотосет жасайды. Мына суреттерге қарап, қоқыс пен оның ауаға, суға, топыраққа тарайтын зиянының біз ойлағаннан әлдеқайда жақын екенін түсінуге болады.

Экологияны сақтауға үлес қосамын десеңіз, Baribar.kz дайындаған мына материалдарды оқып шығуға кеңес береміз: