Бұл —  Chevron компаниясы мен Орталық Азияның Еуразия қоры қолға алған Qolda жедел көмек беру жобасы аясындағы мақала.

Пәкизат Сайлаубекова, эколог:

Пәкизат Сайлаубекова
Пәкизат Сайлаубекова. Фото жеке архивінен

Әлеуметтік желі қолданушылары «Бұрын көрмеген құстар келді, таныс емес дауыс шықты» деп жазып жатыр. Кейбір құстың дауысын қала шуынан естімейтін едік. Енді қалада шу басылып, тыныштық орнағанда олардың дауысын естіп жатырмыз. Оған қоса, мұндай кезде жан-жануар мен құстың адам тұратын аймаққа жақындауы — заңды құбылыс.

Карантин кезінде Алматының тұмшадан қаншалық тазарғанын нақты айту қиын. Мұндай көрсеткіштерді арнайы ұйымдар жариялайды. Дегенмен көлік қозғалысы азайғасын ауаның ластануы да төмендеді. Бұған табиғат та үлесін қосты, қар мен жауын-шашыннан ауа тазарады. Бірақ ауаны толық тазарып кетті дей алмаймыз. Ауа райының суық болуына байланысты жылу электр станциясы жұмыс істеді. Қазір де жұмысын тоқтатқан жоқ. 25 мамырда карантин бітсе, күнделікті тіршілік, у-шу — бәрі бұрынғы орнына келеді. Қала да тұмшаға оранады. Төтенше жағдай кезіндегі тыныштықтың бәрі уақытша еді, сондықтан «қоршаған орта тазарып кетеді» деп үміттене алмаймыз. Ауаның карантин кезіндегідей таза болуын қаласақ, нақты шектеулер керек. Мысалы, Оңтүстік Кореяда көліктің нөміріндегі сандарға қарап, иесі аптаның сол күндері көлігін мінбейтінін, оны үйіне қалдыратынын естіген едім. Бізге де көлікке қатысты заң керек.

Төтенше жағдай кезінде ауаның тазарғаны, әсіресе Алматыда білінді. Қаланың ауасы таза болсын десек, автобус, троллейбус, метро сияқты қоғамдық көлікпен қатынаған дұрыс. Мегаполис шетінде тұратындарға үнемі автобусқа міну ыңғайлы болмауы мүмкін. Ал қаладағылар қоғамдық көлікпен жүруге тырысса, автомобильдің қоршаған ортаға зияны азаяр еді. Қалада велосипедке арналған жол да бар. Самокатпен қозғалуға да жағдай жасалған. Жұмыс орныңыз бен тағы басқа баратын жерлер үйіңізге жақын болса, жаяу жүрген жақсы. Тауға шыққанда да қолға қап алып, жолдағы қоқысты жинап өтуге болады.

Тағы бір әдет — үйдегі, жұмыстағы тұрмыс қалдығын сұрыптап, қайта өңдеу орталықтарына тапсыру. Алматыда және басқа қалаларда ағаш егу акциялары ұйымдастырылып тұрады. Қаланың әр тұрғыны мүмкіндігінше осындай шараларға қатысып, белсенді болғаны өзі үшін де, айналасы үшін де пайдалы. Бірреттік ыдыстың орнына ұзақ қолдануға болатын затты пайдаланған дұрыс. Жалпы, өзіміз өмір сүретін ортаның тазалығын жақсартуда не істесек те артық етпейді. Соның бірі – волонтер болу. Зообақтағы жануарларға қарауға болады, экологиялық акцияларға қатысуға мүмкіндік бар. Қоқыс жинауға, ағаш егуге де волонтер болып, ат салысуға болады.

Электр қуатын үнемдеген абзал. Компьютермен жұмыс істеп отырғанда оның қуаты толса, тоқтан суырып қойыңыз. Теледидарды көрмесеңіз, өшіріп қойыңыз. Кейде зарядтағыштың сымын телефоннан суырып алып, зарядтағыштың өзін тоқтан ажыратуды ұмытып кетеміз. Бұл дұрыс емес, себебі телефон зарядталып жатпаса да, зарядтағышқа электр энергиясы келіп тұрады. Ал электр энергиясын жылу электр станциясы өндіреді. Сол станциядан күніне қанша көлемдегі түтін ауаға тарап жатыр. Электр энергиясын орнымен пайдалансақ, ауаны зиян заттардан сақтаймыз.

Суды да үнемдеу артық етпейді. Себебі Алматының суы таза деп есептеледі. Қазақстанда таза ауызсуға жетпей жүрген елді мекендер бар.

Дархан Тілеужанов, ветеринар:

Дархан Тілеужанов
Дархан Тілеужанов. Фото: Айгүл Хожантаева

Карантиннің коршаған ортаға оң әсері болды. Ауаға тарайтын улы газ, өндіріс қалдығы мен қоқыс көлемі азайды. Бұл қалалардың экологиялық жағдайын жақсарта түсті. Індет адамзатқа өзі өмір сүріп жатқан ортаға басқаша қарауды үйреткен сияқты. Карантин біткенде үлкен зауыттар мен өндіріс орындарына қойылатын талаптарды күшейту керек. Әйтпесе, экологиялық жағдай бұрынғы қалпына қайта келеді.

Халық таулы аймаққа, табиғатқа көп шығып, саяхаттап, сол жердегі жануар мен құстарды үркітіп, олардың территориясын кішірейтіп жіберді.

Карантинде аң-құс мекендейтін кеңістігін кеңейтті, адамдар тұратын аймақта еркін жүрді. Енді жануарларды қайта шошындырып алмау үшін табиғи қорықтарға, адам аяғы баспайтын жерлерге баруды шектеу керек.

Жабайы жануарға арнайы территория белгілеп, ешкім сол кеңістіктен ары аспайтындай ережелер енгізу керек. Себебі көктем — ұйқыдағы жануардың оянып, құстардың көбейетін кезеңі.

Лилиана Әлжанова, эколог:

Эколог Лилиана Әлжанова
Лилиана Әлжанова. Фото жеке архивінен

Табиғаттың, қоршаған ортаның өзін-өзі қалыпқа келтіріп отыратын қасиеті бар. Атмосфера өзін тазартады, ағын су, өзен, тоғандар адам тимесе, уақыт өте келе біртіндеп қалыпқа келеді. Халық табиғатты аямайды дей алмаймыз. Дегенмен адамдардың өзі тұратын жердің бүлініп жатқанына бейжай қарайтыны рас. Пайдалы қазбаларды аламыз, бірақ орнын толтырмаймыз. Егіннің жақсы шығуына химикатты қолданамыз, бірақ оның топыраққа зиянын ескеріп жатқан жоқпыз.

20 жыл бұрын орманға, табиғатқа шығатынбыз. Сол кезде демалуға келген халық қоқысты орманға қалдырып кете беретін. Содан бері қанша уақыт өтсе де, ештеңе өзгерген жоқ. Кейінгі жылдары экологиялық жағдайға көңіл бөліп, белсенділер бас көтеріп жатыр. Бірақ айтылғанның бәрі бүкіл аудиторияға жетіп жатқан жоқ. Байқауымша, орысша мәлімет жеткілікті, ал қазақша сөйлейтін аудиторияға арналған ақпарат әлі де аз.

2 жыл бұрын Бостонда карантинсіз де қояндардың шұбырып жүргенін көрдім. Олар ешкімнен қорықпайды, өзімен-өзі тіршілік етіп жүр. Бізде көшеде мысық көрсе, оны жайына жібермейді. Әсіресе, кішкентай балалар білместікпен тас атып, қорлап жатады. Ағаш пен гүлге де қарым-қатынас осындай. Ағашқа шығып алып, тербеліп отырады. Сосын діңгегі қатпаған ағаш сынады. Осының бәрін мектепте мұғалімдер айтпайды емес, айтады. Бірақ баланың табиғатқа жанашырлығын қалыптастыруда ата-ана да үлесін қосуы керек. Мүмкін карантин біраз адамды ойландыратын шығар. 2 ай үйде отырып, далаға шыққанда айналаңа қарап, даланың, ауаның, тау-тас, ағаштың қадірін түсінесің ғой. Сондықтан енді экология мәселесіне келгенде бір қадам алға жылжимыз деп ойлаймын.

Үйдің қасында мектеп бар. Бір жылдары сол мектептің ауласы тап-тақыр болатын. Себебі онда күнде балалар асыр салып ойнайтын. Кейін смартфон шықты, балалар интернетке құмартып, үйде жататын болды. Былтыр сол мектептің ауласы жайқалып кеткенін байқадым. Сондықтан саябақтардағы арнайы өсірген шөпті, гүлді баспай, үстіне отырмай, қамқор болуымыз керек.

Карантин бітеді, бұрынғы тіршілікке ораламыз. Осындай кезде әр отбасы «Неге осындай вирус тарады? Адам карантинде отырғанда неге табиғатта өзгеріс болды? Біз нені ескермей жүрміз?» деп бір сәт ойланып, осы тақырыпта отбасымен, балаларымен әңгімелессе деймін. Бір отбасы табиғатқа жанашырлықпен қараса, оның сақталуына тамшыдай болсын үлес қосады. Ересектер кішкентайларға үлгі көрсетуі керек. Әкесі жүрген жерінде қоқыс жинап жүрсе, бала соны қайталайды.

Үйде балаларыммен бірге қағазды қоқысқа тастамай, жинап, қайта өңдеуге өткіземіз. Себебі 1 келі қағаз жасау үшін бірнеше ағаш кесіледі. Ағаш қанша көп кесілсе, сонша есе ауа да бүлінеді. Жақын жерге көлікпен бармаймын. Суды сарылдатып ағызуға да қарсымын. Әр тұрғын осындай кішкентай іспен ғана көмектесе алады. Ақыры ағаш егіп, қаладағы қоқысты теріп жатқан жоқпыз. Үйде отырып-ақ табиғаттың берген дүниесін орнымен жұмсайық. Біздің қолымыздан келетін нәрсе – осы. Табиғатқа адам тимесе, ол өзін тазартып, күннен күнге жақсара береді.

* * *

Бұл мақала «Qolda» жедел көмек көрсету жобасының аясында «Шеврон» компаниясымен және Орталық Азияның Еуразия Қорымен серіктестікте жасалды. Мақала авторының көзқарасы «Шеврон» компаниясының және Орталық Азияның Еуразия Қорының көзқарасымен сәйкес болмауы мүмкін.