Әр бөтелкеге ақша

2018 жылы Мюнхен қаласында мынадай қызық жағдай болыпты. Бұл қалада жылда «Қазан фестивалі» (October fest) өтеді. Сыраны жақсы көретін жандар әлемнің түкпір-түкпірінен жиналып, бірнеше күн қыдырады. Осы шара аяқталған соң жергілікті бір студент сыраның бөтелкелерін жинап, өткізіп, 4 мың еуро тапқан екен (шамамен 2 миллион теңгеден асады).

October fest
October fest. Фото: Reuters

Германияда тұрып жатқан Іңкәр Сәдуақасовамен әңгімелесіп, бұл елдің қоршаған ортаны қорғауға байланысты тәжірибесі жайлы сұраған едік. Жерлесіміздің айтуынша, Германия үкіметі де, халқы да табиғат ресурстарын сақтауға аса мән береді.

Германияның маған бір ұнайтын тұсы – сусынның бөтелкесін өткізсең, тағы бір шырынның ақшасын шығаруға болатыны. Еуропаның басқа елдерінен мұндайды көрмедім. Ал Германияда кез келген дүкенге кіріп, бөтелкені арнайы аппаратқа салып, өткізіп, әрқайсына 25 центтен алуға мүмкіндік бар. Сонда өткізген 4 бөтелкеңіздің ақшасына тағы бір шырын сатып аласыз. Барлық ел осындай шара қолданса, қоршаған ортаны таза ұстауға әжептәуір ықпал ететін еді, — дейді ол.

Германиядағы бөтелке өткізетін аппарат
Фото: Germany.nashieu.com

Бұл елде кез келген дүкенде бөтелке, пластик, жарамай қалған лампа мен батареяға арналған аппараттар бар. Тұрғындар қайта өңдеуге болатын қалдықты арнайы орынға апарып, әуре болмайды.

Қоқыстың түр-түріне арналған жәшіктер

Германияның шалғай орналасқан елді мекендерінде де тұрмыс қалдығына арналған әртүрлі жәшік орнатылған. Металл мен пластик қана емес, органиканы да бөлек салады. Мұндай жәшіктер 90-жылдары қолданысқа енгізілген.

Осындай шаралардың арқасында Германияда тұрмыс қалдығының 53%-і қайта өңделеді. Мұнда экология жағдайына қатысты заңдар бар және халық сол нормаларды ұстануға тырысады.

Қоқыс жәшіктері
Қоқыс жәшіктері. Фото: Germany.nashieu.com

Германияда қоқысты сұрыптауға қатысты ережелер бар. Азамат осы ережені ұстанбаса, айыппұл салады. Ал шетелдік азаматты тіпті визасынан айыруы мүмкін, — дейді Іңкәр.

Электромобиль сатып алған адамға жеңілдіктер бар

Германия тұрғыны электромобиль сатып алса, көлік бағасының үштен бірін мемлекет төлеп береді. Одан бөлек электромобиль жүргізетін азамат бастапқы 5 жылда салықтан босатылады. Жеңілдік мұнымен де бітпейді. 5 жылдан кейін де электромобиль иесі салықтың жартысын ғана төлейді. Ал көлігіңіз гибрид болса, оның салығы автомобильдікінен 1,5 есе аз болады.

Германияда кез келген елді мекенде велосипедке арналған жол бар. Велосипед дөңгелегінің желі шықса немесе бұзылса, жөндейтін пунктер де жетеді. Олардың қызметі тегін.

Қоғамдық көлікпен жүру өте қолайлы. Бұл да тұрғындардың жеке көлік сатып алмай-ақ жүріп-тұруына жасалған жағдай деп білемін, — дейді Іңкәр Сәдуақасова.

Германияның үкіметі ғана емес, халқы да табиғатқа бейжай қарамайды. Немістер экологиялық проблемалардан үнемі хабардар. Себебі елдегі климат жағдайлары, су мен ауа сапасының төмендеуі – бәрі арнайы порталдарда хабарланады. Осыған орай азаматтар да жергілікті органдардан шара қолдануды талап етеді. Ол болмаса, бейбіт митингке шығып, климат жағдайына байланысты талабын жеткізетін көрінеді.

Тағы оқыңыз: “Ысырапқа қарсы”: Жапония тұрмыс қалдығын қалай сұрыптайды?