Қазақстанда дінге сенбейтіндердің құқығын қорғайтын заң пайда болады

Бұл туралы ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов мәлімдеді.

Біз дінге сенетін ғана емес, сенбейтін адамдардың да құқығын қамтамасыз етуді көздейміз. Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, заңға «дінге сенбейтіндердің құқықтары» деген анықтаманы енгізуді жоспарлап отырмыз. Мысалы, қазір бізде дінге сенетіндердің құқығы бар. Сол сияқты дінге сенбейтіндердің құқығы шектелмеу керек. Біз — зайырлы мемлекетпіз. Конфессия мен діннен бұрын заңның үстемдігі жоғары. Заң барлығына ортақ және оны орындау міндет, — деді Ержан Нүкежанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Оның айтуынша, Қазақстандағы діни ахуал тұрақты. Алдағы уақытта тағы бірқатар өзгеріс болады.

Біздің комитетіміз дін саласындағы заңнамасы жетілдіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Соның аясында діни бірлестіктерді тіркеуді жеңілдету және жалпы діни шараларды өткізуге қатысты бірқатар өзгеріс енгізуді жоспарлап отырмыз, — деді ол.

Айта кетейік, 2019 жылы Қазақстанда дінге сенбейтін адамдардың саны халықтың 18 процентіне тең болды. Ал 75 проценті өздерін дінге сенетіндердің қатарына жатқызды. Бірақ діни әдет-ғұрыпты қатты сақтамайды, діни бірлестіктерге де көп қатыса бермейді.