Қазақстанда полицейлер үш ай бойы үй-үйді аралайды

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораздың айтуынша, қазір ел аумағында «Учаске» жедел алдын алу шарасы өтіп жатыр.

Операция барысында учаскелік полиция инспекторлары өзі бекітілген әкімшілік учаскеде халықпен танысу, сондай-ақ түрлі құқықбұзушылыққа жол берген адамдарды анықтау және ішкі істер органдарында есепте тұрған азаматтарды тексеру үшін аулалар мен пәтерлерді аралайды, — деді Нұрділдә Ораз.

Сонымен бірге тәртіп сақшылары жалдамалы пәтерлерді, базарлар мен сауда орындарын, тұрмысы нашар отбасыларды, жастар мен кәмелетке толмаған балалар жиналатын орындарды, азаматтық қару иелері мен шетелдіктерді тексереді.

Нұрділдә Ораздың айтуынша, сонымен бірге саяжай, құрылыс нысандары, соның ішінде уақытша тоқтатылған және бос тұрған, шатырдағы орын-жайлар мен жертөлелер де тексеріледі.

Ал ауылдарда қыстауларға, тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдарды, адамдарды заңсыз пайдалану фактілерін, заңсыз келген шетелдіктерді, тіркелмеген қару-жарақ пен басқа тыйым салынған заттарды анықтауға ерекше назар аударылады.

учаскелік инспекторлар әкімдік және жұртшылық өкілдерімен бірге халықпен кездесу өткізеді. Тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, проблемаларды шешуге көмектеседі.

«Учаске» жедел алдын алу шарасы 1 қыркүйек пен 1 желтоқсан аралығында өтеді.