Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысының өкімі бойынша Марат Рақымұлы Құсайынов Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы лауазымына тағайындалды, — делінген хабарламада.
Марат Құсайынов 1967 жылы 20 мамырда Қарағанды облысының Амантау совхозында дүниеге келген.
1988 жылы Челябинск жоғары танк командалық училищесін, 1997 жылы РФ ҚК бронетанк әскерлерінің Әскери академиясын, 2010 жылы РФ ҚК БШ Әскери академиясын бітірген.
Офицерлік қызметін Белорусь әскери округінде взвод командирі болып бастады.
1993-1997 жылдары танк ротасының, оқу танк батальонының, танк полкінің, танк дивизиясының командирі болды.
1997-2005 жылдары мотоатқыштар бригадасы штабының бастығы — командирінің орынбасары, Қорғаныс министрлігінің әскери-ғылыми орталығы әскери-арнайы зерттеулер басқармасының бастығы, мотоатқыштар бригадасының командирі, жағалау қорғанысы бригадасының командирі болған.
2005 жылдан 2008 жылға дейін механикаландырылған бригаданың техника мен қару-жарақты сақтау бөлімінің бастығы, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының басқармасы штабы жедел басқармасының бастығы болды.
2010 жылдың шілдесінен бастап 2016 жылға дейін «Батыс», «Шығыс» және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының басқарма штабтарының бастығы болды.
2016 жылғы маусымда президент өкімі бойынша «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы болып тағайындалды.
2019 жылдың мамырында Қарулы күштер құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы болды.
Еске салайық, 2021 жылдың 31 тамызында қорғаныс министірі болып Мұрат Бектановтың тағайындалғаны хабарланды. Экс-қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймадағы жарылыстан кейін өз еркімен отставкаға кетті.