Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі хабарлады.
Алғашқы бес күннің қорытындысы бойынша мегаполистер алға шығып отыр. 46 480 астана тұрғыны санақтан өткені жайлы хабарлама алған. Онлайн санақтан өткен тағы 43 690 адам Алматыда тіркелген. Үздік үштікті Шымкент түйіндеді. Мұнда 40 791 адам санақ сауалдарына жауап берді, — делінген хабарламада.
Бұл көрсеткіш бойынша әзірше соңғы орындарда Маңғыстау және Атырау облыстары тұр. Бұл өңірлерде сәйкесінше 3 350 және 2 542 адам санақтан өтіпті.
Азаматтардан санақ кезінде алынған барлық ақпарат Ұлттық статистика бюросының орталық серверіне жіберіледі.
ҰСБ-ның ақпараттық жүйесі ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымдардың аса маңызды нысандарының тізіміне енгізілген және Ұлттық қауіпсідік комитеті «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ-ның талдауына алынған. Сондай-ақ, санақ қарсаңында ақпараттық жүйенің ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі сынақтан өткізіліп, ол бойынша оң нәтиже алынған болатын.
Арнайы sanag.gov.kz сайтының қорғанышы ретінде сервер мен қолданушы арасындағы ақпарат алмасу https хаттамасымен қорғалған, әлемдегі ірі сертификаттау орталықтарының бірі — Sectigo SSL-сертификаты алынды.
Ұлттық статистика бюросы азаматтарға белсенділігі үшін алғыс айтты. Халықты санақтан онлайн өтуге үндеді.
Sanaq.gov.kz сайты 15 қазанға дейін тәулік бойы қолжетімді болады. Онлайн санақтан өтпегендер 1-30 қазан аралығында интервьюерлердің сауалдарына жауап бере алады. Барлық сұрақ бойынша 1446 байланыс орталығына хабарласуға болады. Қоңырау шалу тегін.