Басты бетЖаңалықтарРеспублика бойынша...

Республика бойынша 93 504 адам онлайн санақтан өтті

Олардың 83 188-і sanaq.gov.kz сайтында, 8 639 Egov порталындағы сайт сілтемесін пайдалана отырып жауап берсе, 1 677 адам санаққа Аitu қосымшасы арқылы сілтеме жасаған.

Алғашқы екі күннің қорытындысымен Павлодар облысы алда келе жатыр. Аймақта 16 075 адам санақтан өткен. Одан кейінгі орында Нұр-Сұлтан қаласы тұр. Елордалықтардың 15 509-ы санақ сауалдарына жауап берген. Бұл көрсеткіш бойынша әзірге соңғы екі орын Маңғыстау және Атырау облыстарының еншісінде. Бұл өңірлерде сәйкесінше 1 406 және 1 230 адам санақтан өтіпті. Санақ парақтарындағы кейбір сауалдарға қатысты тұрғындар тарапынан сын айтылған еді. Мәселен, «Тұрғын үйлердің (тұрғын ғимараттардың) сыртқы қабырғаларының материалдарын көрсетіңіз» деген сауал не үшін қойылғаны туралы сұрақ көтерілді. Айта кетерлігі, бұған қатысты 11 түрлі жауап нұсқасы қарастырылған.

Бұдан бөлек, сауалдардың арасында үйдің инфрақұрылыммен қамтылу деңгейін анықтауға бағытталғандары да бар. Бұл сауалдардың жауабы арқылы әр елді мекен, тұтас мемлекеттегі тұрғын үй қорының жай-күйі жан-жақты сарапталатын болады. Тағы бір талқыға түскен сұрақтардың бірі – «Сіз қанша тірі бала тудыңыз?». Сонымен қатар неліктен сұраққа әйелдер 15 жастан бастап жауап беруі керек деген пікір айтылып жүр.

Айта кетерлігі, Халық санағы биыл 61 мемлекетте өтеді. Ал БҰҰ жариялаған раундқа сәйкес, 2020 жылға мейілінше жақын мерзімде барлық мемлекеттерде өтпек. Мәселен, біздің елде 16 жастан бастап тұрмыс құруға мүмкіндік беріледі. Өзге мемлекеттерде бұл көрсеткіш төмен болуы мүмкін. Сондықтан халықаралық деңгейде мәліметтерді біріздендіру мақсатында осы жас көрсеткіші белгіленген.

Ал тірі туған балалар жөніндегі сауалға келер болсақ, бұл сауал Еуропалық статистиктер конференциясының ұсынысы бойынша қосымша көрсеткіштерді анықтау үшін қосылды. Бұдан бөлек, сауалнама қорытындысы бойынша нәрестелер өлімі көрсеткішін нақтылау жүргізілмек.

Бұл жерде нақты санақ жүргізілген уақыттағы елдің демографиялық бет-бейнесі көрсетіледі. Халықаралық ұйымдардың кеңесімен қосылған сауалдардың ішінде азаматтардың денсаулық жағдайына қатыстысы да бар. Мәселен, көру, есту, жүру және есте сақтау қабілетіне байланысты нақтылаушы сұрақтар енгізілген. Балаларға қатысты табысы туралы сұрақ қажет пе? деген сауал да көпшіліктің назарына ілікті. Бірінші кезекте атап өту керек, кәмелет жасына толмағандар үшін олардың жақындары, ата-анасы және қамқоршылары толтыра алады. Бұл жерде баланың табысы деген сұрақта «Туған-туысқандардан немесе жақындардан (солардың асырауында) басқа материалдық көмек» деген нұсқа бар.

Сонымен бірге балаға қатысты белгіленген төлемдер бар. Ол әлеуметтік жәрдемақы алимент болуы мүмкін. Ал жұмыс істеуге рұқсат етілген жастан бастап, оның табысын көрсетуге болады. Санақтың ең алғашқы кезеңінде бір адам басқа да отбасы мүшелерін таңдай отырып, өзі толтыруына мүмкіндігі бар. Осылайша бір респондентті ғана емес, жалпы отбасының табыс көрсеткіштері бойынша да жалпылама мәлімет әзірленеді.

Ұлттық статистика бюросы азаматтардың белсенділігі үшін алғыс айта отырып, санақты онлайн өтуге шақырады. sanaq.gov.kz сайты 15 қазанға дейін тәулік бойы қолжетімді болмақ. Онлайн санақтан өтпегендер 1-30 қазан аралығында интервьюерлердің сауалдарына жауап бере алады. Барлық сауалдар бойынша 1 446 байланыс орталығына хабарласуға болады. Қоңырау шалу тегін.