Qatar Airways Қазақстанға әуе рейстерін ашады

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қыметі хабарлады.

31 тамызда Қазақстан аумағында коронавирус инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында Қазақстан мен Катар арасында тұрақты әуе қатынасын ашу мәселесі көтерілді.

Азаматтық авиация комитеті және Катар елінің авиациялық билік органдары екі ел арасындағы әуе қатынасы саласында құқықтық база құру және кеңейту жөніндегі жұмысының нәтижесінде Qatar Airways әуе компаниясы 2021 жылғы 15 қазаннан бастап Доха және Алматы қалалары арасында Қазақстанға тұрақты рейстер орындауды жоспарлап отыр, — делінген хабарламада.

Рейстер санитарлық-эпидемиология талаптарын қатаң сақтай отырып және әуекомпаниясының сайтында жарияланған кестеге сәйкес А-320 ұшақтарымен аптасына 2 рейс, дүйсенбі және жұма күндері орындалады.

Екі ел арасында тұрақты рейстердің ашылуы Қазақстан мен Катар арасындағы сауда-экономикалық, мәдени және туристік қатынастарды одан әрі дамытуға ықпал етеді, — делінген министрлік хабарламасында.