Биыл 1-класс оқушылары жаңарған әліппемен қауышты. Тәуелсіздік алғаннан бері әліппе төрт рет ауысты. Ал 2016-2020 жылдары оқушылар сауат ашу оқулығымен оқыды. 2021 жылы әліппе қайта қолданысқа енді.

Жаңарған әліппеде не өзгерді? Бұл жөнінде ата-ана мен мұғалім не дейді? Бас кітапты алғаш қолына алған оқушы оқулық туралы не ойлайды? Бұл сауалдарды әліппенің оқу бағдарламасы авторы Бижан Игенбаева мен өзге де респонденттерге қойдық.

Серікбол Хасан, ата-ана:

“Әліппенің қайта оралғаны – өте қуанышты жайт”

Серікбол Хасан. Фото: Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Әліппе оқулығын қолымызға алдық. “Атамұра” басып шығарған екен. Қызым Кәусар 1-класқа барып, әліппесін арқалап келді. Біраз шолып шықтық. Әліппенің оралғаны – өте қуанышты жайт. Кезінде әліппе мен ана тілі оқулығы біріктіріліп, сауат ашу шығып еді. Ол біраз адамның ашуына тиді. “Сауат ашу” деген сөздің өзіне қарсылық болды. Енді, міне, ол оқулық жойылып, әліппе мен ана тілі оқушылардың қолына тиіп отыр.

Жаңа әліппе о баста Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі бойынша жасалатыны айтылған еді. Ол әдістеме бағыты қандай екенін білмеймін. Дегенмен оқулықты ашқанда әліппе ұстап тұрған Ахмет Байтұрсынұлының суреті кітап құндылығын арттыра түседі. Өйткені тұңғыш әліппені жасаған – осы кісі. Кішкентай балаларға оның кім екенін білдіріп тұрғандай.

Одан әрі балалардың күн режимі, оларды жақсылыққа баулу, жол ережесі, хайуанаттар түрі, бау-бақшада не өсетіні туралы тақырыптар кете берді. Содан кейін дыбыс, буын, сөзді бөліп оқу сияқты тақырыптар басталып, әрі қарай әріптерге жалғасады. Мысалы, алғашқы “А”, “Ә” әріптерінің қандай дыбыс екенін үйретіп қана қоймай, сол әріптерді асықтан жасау туралы тапсырма берілген. Сол сияқты “О” әрпін моншақтан жасап көрсет”, “Ы” әрпін ермексаз арқылы жасап көрсет”, “Ш” әрпін санағыштан жасап көрсет” деген тапсырмалар бар. Бұл – бір жағы сабақ болса, бір жағы ойын. Сонысы да ұнады.

Біз оқыған әліппедегідей беріліп отырған әріптерге сөйлем құралады, соған қатысты тақпақтар, қысқа әңгімелер ұсынылған. Мұның бәрі баланың сол әріпті есте сақтауына, өлеңді жаттауына, былайша айтқанда, ойын жинақтап, жеткізуіне үйретеді деп ойлаймын.

Әліппенің оралуы қоғам үшін, қазақ халқы үшін үлкен мерей болды. Өйткені бұл біз үшін қастерлі, құнды дүние еді. “Әліппемен қоштасу” деген дәстүрге айналған мереке болды. Бұл шарада бала өзін белгілі бір белесті бағындырған оқушы ретінде сезініп, әрі қарай ана тілі оқулығына көшетін. Бұл өзінің есейіп, білімі толысып келе жатқанының белгісі еді. Сондақтын әліппенің, әліппемен қоштасудың оралуы – біз үшін маңызды дүние.

Оқуды осы жаңа әліппемен бастаған 1-класс оқушыларына сәттілік тілеймін. Оқу жылы табысты болсын! Балалар үлкен азамат болып, қоғамда өз орнын тапсын деген тілек айтамын. Әліппеміз балаларға шырақшы болып, білім нәрін сеуіп, жақсылыққа бастай берсін! Тұғырынан еш уақытта түспесін!

Дана Нұрниязова, №78 мектеп-гимназиясының 1-класс оқушысы:

Фотожеке архивінен

“Әліппе туралы балабақшада естігенмін”

Кеше әліппені алдық. Оны бізге Гүлбану апай берді. Әліппе туралы балабақшада естігенмін. Бұл кітап маған әріп пен сөзді, оқуды үйретеді.

Әліппені аштым, ішінде әріптер, тақпақтар бар. Сосын әртүрлі сурет те бар екен. Кітаптың іші ұнады. Балаларға арналған суреттері әдемі. Енді жақсы оқимын.

Бибінұр Мырзабекова, “Мыңшұңқыр” жалпы орта мектебінің бастауыш класс мұғалімі:

“Жаңарған әліппеміз сәлемдесу әдебінен басталады”

Әліппе 5 жылдан кейін оралды. Бұған мұғалімдер де, ата-аналар да қуандық. Сауат ашу оқулығында оқушы 42 әріпті әлі танып үлгермесе де, тапсырма беріліп тастаушы еді. Оны орындауға оқушы қиналатын.

Фото жеке архивінен

Ал жаңарған әліппеміз оқушының партада қалай отырып, сәлемдесу әдебін үйретуден басталады. Мектептегі бір күні баяндалады. Сөзбен, буынмен, дыбыспен алдын ала танысады. Содан кейін барып әріп әлеміне саяхат жасайды.

Жаңа әліппенің ерекшелігі балалар әріпті әртүрлі заттан жасап көрсете алады. Кітапта сөздерді буынға бөліп қойған. Бұл оқушының оқуына өте түсінікті әрі жеңіл. Бала буынға бөліп, оқуды жылдам үйреніп кетеді.

1 қыркүйекте оқушыларға әліппені салтанатты түрде тапсырдық. Балалар да, олардың ата-аналары да қатты қуанды. Балалар кітапты ала сала парақтап шықты. Бір-біріне оқулықтағы суреттерді көрсетіп, қызықтады.

Бижан Игенбаева, Ыбырай Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының зертхана меңгерушісі, әліппенің оқу бағдарламасы авторы:

Оқулық қалай жаңарды?

Оқулық жазылуы үшін әуелі оқу бағдарламасы құрылады. Соған орай әліппе жазылады. Жаңарған әліппе мен ана тілі оқулығын шығару үшін оның Үлгілік оқу бағдарламасы қайта қаралып, Білім және ғылым министрлігі бұйрығымен бекітілді.

Бағдарламаны әзірлеуге Ыбырай Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы жанынан құрамына әдіскер-ғалымдар, лингвистер, практик мамандар бар жұмыс тобы құрылды. Өзім осы топтың мүшесі ретінде және бұрынғы әліппе оқулығы авторы ретінде тәжірибемді бөлістім.

Фото жеке архивінен

Әліппе мен ана тілі пәндерінің құрылымы мен мазмұнын анықтау үшін бұған дейін қолданыста болған оқу бағдарламалары мен оқулықтарды зерделедік. Ғылыми зерттеулерге шолу жасадық.

Нәтижесінде, біріншіден, жаңа әліппе мен ана тілі пәндерінің құрылымдық мазмұны ұлы педагог Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік ұстанымдарына негізделді. Екіншіден, 6 жасар баланың жасы мен жеке ерекшелігін ескеріп, оқу материалдарының көлемі анықталды. Үшіншіден, дыбысты ажыратып, әріп танытудың ғылыми-әдістемелік негіздеріне сүйеніп, әріптердің оқу реті айқындалды. Төртіншіден, заман талабына сәйкес, ақпараттық, заманауи ортада қарқынды даму үстіндегі бүлдіршіннің қызығушылығы мен талаптары ескерілді.

Оқулық 6 жасар ойын баласын оқу әрекетіне бейімдеуді, толыққанды сауатын ашып, оқу-жазуға үйретуді көздейді. Оқушының әуелі тілін дамытуға, одан кейін оқуға жаттықтырып, жазу дағдыларын игерту оқу бағдарламасында айқындалған әліппе кезеңдерінде іске асырылады.

Әліппенің соңғы кезеңіндегі оқу-жазуға машықтануын ана тілі пәні қалыптастырады.

Тағы оқыңыз:

Фоторепортаж. Пандемиядағы алғашқы қоңырау қалай өтті?