«Жол ережесін бұздым» Қанша айыппұл салынады?

Жыл басынан бері бірқатар айыппұл мөлшері өзгерген болатын. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексіне сүйене отырып, соңғы нұсқасын назарларыңызға ұсынамыз.

Қазақстанда әр 29 минут сайын бір жол-көлік оқиғасы тіркеледі. Соның салдарынан әр 2 сағат сайын  17 жасқа дейінгі бір жасөспірім немесе бала жарақат алады, ал әр 3 сағат сайын бір адам қаза табады /ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің соңғы деректері/.

1. Жылдамдықты арттыру

«2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңның 11-бабында, айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемі 2405 теңге деп бекітілді.

Жылдамдық
dribble.com ©Alexey Kuvaldin

592-бап. Жылдамдықты белгіленген нормадан сағатына:

  • 10-20 километрге дейiнгi шамаға арттыру – 5 АЕК;
  • 20-40 километрге дейiнгi шамаға арттыру – 10 АЕК;
  • 40 километрден астам шамаға арттыру – 20 АЕК;
  • Жылдамдықты сағатына 20-40 және 40 километрден астам шамаға арттыру жағдайы бiр жыл iшiнде қайталанса – 30 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

2. Телефонмен сөйлесу не радиостанцияны пайдалану

591-бап. Жүргiзушiнiң рөлде телефонды не радиостанцияны пайдалануы – 5 АЕК; егер ол бір жыл ішінде қайталанса, 10 АЕК айыппұл салынады.

Көлік жүргізу кезінде телефонның немесе радиостанцияның дауысын қатты қосып сөйлесуге рұқсат етіледі.

3. Ауаға лас заттардың таралуы

334-бап. 

Көлікте ластаушы заттардың болуы, сондай-ақ олардан шығатын шудың деңгейi белгiленген нормативтерден асып кетсе – ескерту жасалады немесе 2 АЕК айыппұл салынады.

Ол бір жыл ішінде қайталанса, 5 АЕК айыппұл салуға әкеп соғады.

4. Артық жолаушы алу, қауiпсiздiк белдіктерiн тақпау, мотошлем кимеу

593-бап. Жолаушыларды және жүктердi тасымалдау қағидаларын сақтамау – 5 АЕК;

Қауiпсiздiк белдіктерiн тақпау немесе мотошлемдердi кимеу – 5 АЕК;

Бұлар бiр жыл iшiнде қайталанса – 10 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

5. Көлiкті жолға қойып кету, қарсы жолға шығу, басып озу қағидаларын бұзу

596-бап. Жол жүрiсi қағидаларын бұзып, жаяу жүргiншiлер жолдарымен, жол жиектерiмен немесе тротуарлармен жүру – 15 АЕК;

Көлiкті жолдың бойына қойып кету, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу, сол сияқты ұйымдасқан көлiк колоннасын немесе жаяу колоннаны кесiп өту не оның арасынан орын алу – 15 АЕК;

Аталған жағдайлар  әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Жолдың тыйым салынған жерлерінен кері бұрылу немесе бұрылыс жасап шығу – алты ай мерзімге жүргізуші куәлігінен айыру жазасына әкеледі; Ал, оны көлік басқару құқығынан айырылған не ондай құқығы жоқ адам жасаса, оған 50 АЕК айыппұл салынады.

Бұрылыс
dribble.com ©Ben Stafford

6. Көлiкті тоқтату немесе тоқтап тұру ережелерін бұзу

597-бап. Көлікті тротуарда, гүлзарларда, балалар немесе спорт алаңдарында тоқтату немесе тоқтап тұру – 10 АЕК;

Басқа көліктердің қозғалуына кедергі келтіретін жерге тоқтау немесе тоқтап тұру – 10 АЕК;

Аталған жағдайларәкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталанса – 15 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады.

Көлік тұрағында мүгедектерге арналған жерге көлікті қою – 10 АЕК; Бір жыл ішінде қайталанса,15 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Ақылы көлік тұрғаныа көлігін қойғаны үшін ақысын төлеуден бас тарту жалтару – 3 АЕК; Ол бір жыл ішінде қайталанса, 5 мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

7. Жол қиылыстарынан өту ережесін бұзу немесе жолдың жүру бөлiгiн кесiп өту

594-бап. Көліктердің көлденең бағыттағы жүрісіне кедергі келтіретін кептеліс кезінде жол қиылысына шығу немесе жолдың жүру бөлігін кесіп өту – ескерту жасауға немесе 3 АЕК; бір жыл ішінде қайталанса, 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Жол қиылыстарынан өту кезінде өткізіп жіберу керек жол бермеу – 15 АЕК; бір жыл ішінде қайталанса, 20 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

8. Маневр жасау қағидаларын бұзу

595-бап. Жол жүрісі қағидаларының жүру, қайта ауыстыру, бұрылу, кері бұрылу немесе тоқтау алдындағы сигнал беру талабын орындамау – 5 АЕК;

Тыйым салынған жерлерде артқа жүру – 10 АЕК;

Осы Кодекстің 594-бабының екінші бөлігінде және 598-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, жол беруге тиісті көліктерге жол бермеу 15 АЕК;

Осы баптың екінші және үшінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер – 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

9. Бағдаршамнан қызылға немесе реттеушiнiң тыйым салатын қимылына қарамай өту

599-бап. Бағдаршамның тыйым салатын сигналына немесе реттеушiнiң тыйым салатын қимылына қарамай өту – 10 АЕК; бiр жыл iшiнде қайталанса, 15 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

10. Жаяу жүргiншiлерге жол бермеу

600-бап. Жаяу жүргiншiлерге немесе жол жүрiсiнiң өзге де қатысушыларына жол бермеу – 15 АЕК; әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет – 15 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Жаяу жүргінші
dribble.com ©李超

11. Жол белгiлерiн сақтамау

601-бап. Жол белгiлерiнің немесе таңбаларының талаптарын сақтамау – 3 АЕК; бір жыл ішінде қайталанса, 10 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады.

12. Сыртқы жарық түсіру аспаптарын немесе дыбыс сигналдарын пайдалану, авариялық сигнал беру қағидаларын бұзу

602-бап.  Күн жарық кезде сыртқы жарық түсiру аспаптарын немесе дыбыс сигналдарын пайдалану қағидаларын бұзу – ескерту жасауға немесе 3 АЕК; бiр жыл iшiнде қайталанса, 5 АЕК айыппұл салынады;

Қараңғы мезгiлiнде немесе жол анық көрiнбейтiн кездерде сыртқы жарық түсіру аспаптарын пайдалану, авариялық сигнал беру мен авариялық тоқтау белгiсiн қолдану қағидаларын бұзу – 5 АЕК; бір жылда қайталанса, 7 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

13. Көлікті мас күйде басқару

608-бап. Жүргізушінің көлікті алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлікті сондай басқаруына берген адам жүргізуші куәлігінен 3 жылға айырылады;

Мас адамның кінәсінен авария болса, жүргізуші куәлігінен 4 жыл мерзімге айыруға әкеп соғады.

Мас күйде адам денсаулығына зиян келтірмейтін, бірақ басқа көліктерді, жүктерді, жол құрылыстары сынды өзге мүлікті бүлдірген жүргізуші – жүргізуші куәлігінен 5 жылға айырылады.

Жоғарыда көрсетілген үш құқық бұзушылықты жүргізуші куәлігі жоқ адам жасаса, жиырма күнге қамауға алынады. Бір жыл ішінде қайталанса, 30 күнге қамалады.

Ал жүргізуші куәлігі бар адам бір жыл ішінде қайталаса, он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алынады және алты жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылады. Егер тағы қайталанса, отыз тәулікке әкімшілік қамаққа алыныпы, он жылға көлік басқару құқығынан айырылады.

Ал 50-баптың екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік қамаққа алу қолданылмайтын адамдарға – 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

14. Аварияға себепкер болу

606-бап. Аварияға себепкер болу, яғни жол жүрiсiне басқа да қатысушыларды жүру жылдамдығын, бағытын күрт өзгертуге мәжбүр етiп, жол жүрiсi қағидаларын бұзуы – 10 АЕК айыппұл салынады; бір жылда екінші рет қайталанса, алты ай мерзiмге жүргізушілік құқығынан айыруға әкеп соғады.

15. Темiржол өтпелерiнен өту қағидаларын бұзу

607-бап. Теміржолдан шлагбаум жабық тұрған немесе жабылып жатқан кезде не бағдаршамның немесе өтпе жолдағы кезекшiнің тыйым салатын сигналына қарамастан өту – 10 АЕК айыппұл салынады; бiр жыл iшiнде қайталанса, алты ай мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.

16. Адамды, өзге көліктерді қағып кету

610-бап. Көлiкті, жүктердi, жолдарды, жолдағы және басқа да құрылысжайлардың немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген, материалдық залал келтiрген көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын бұзуы – 20 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға немесе алты айға дейінгі мерзiмге жүргізуші куәлігінен айыруға әкеп соғады.

Жәбiрленушiнiң денсаулығына жеңiл зиян келтiруге әкеп соққан дәл сол әрекет – 40 мөлшерiнде айыппұл салуға немесе тоғыз айға жүргізуші куәлігінен айыруға әкеп соғады.

Бұл әрекеттерді жүргізуші куәлігі жоқ адам жасаса – 60 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады.

17. Жүргізушінің жол-көлік оқиғасына байланысты міндеттерді орындамауы

611-бап. Жүргізуші өзі қатысқан жол-көлік оқиғасына байланысты ҚР жол жүрісі саласындағы заңнамасында көзделген міндеттерді орындамауы – 5 АЕК;

Жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетiп қалу – бір жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айыруға әкеп соғады. Оны жүргізуші куәлігі жоқ адам істесе, 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады не отыз тәулікке әкімшілік қамаққа алынады.

Зардап шегушiге медициналық көмек көрсетуге байланысты жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетiп қалған адам осы бап бойынша жауапкершіліктен босатылады.

18. Көлікті жүргізуші куәлігінсіз басқару

612-бап. Өзімен бірге жүргiзушi куәлiгi немесе жүргiзушi куәлiгiнiң орнына берiлген басқару құқығына уақытша куәлiгi, көлiк құралдары иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру жөнiндегi немесе тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру жөнiндегi сақтандыру полисi, көлік құралына тіркеу және заңнамада белгiленген өзге де құжаттары жоқ жүргiзушiнiң көлiк құралын басқаруы – 5 АЕК

Көлiк құралын басқару құқығы жоқ адамның оны (жүргiзіп-үйренуден басқа) басқаруы, сол сияқты тиiстi санаттағы көлiктi басқару құқығы жоқ жүргiзушiнiң көлiк құралын басқаруы – 15 АЕК; Бір жыл ішінде қайталанса, 30 АЕК айыппұл салынады.

Жүргізуші куәлігінен айрылған жүргiзушiнiң көлiк құралын басқаруы – 10 АЕК; бір жыл ішінде қайталанса, 20 АЕК айыппұл салынады.

Басқару құқығы жоқ адамға (белгiленген қағидаларға сәйкес жүргiзуге оқыту жағдайларын қоспағанда) не көлiк құралын басқару құқығынан айрылған адамға көлiк құралын басқаруға беру – 50 АЕК; бір жылда екінші рет қайталанса, 70 АЕК айыппұл салынады.

19. Куәландырудан өтуден жалтару

613-бап. Ішкі істер (полиция), әскери полиция (тек қана Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының, Қарулы Күштерінің, Қазақстан Республикасының басқа әскерлері мен әскери құралымдарының көлік құралын басқаратын адамды) органдары қызметкерінің көлiк құралын тоқтату туралы заңды талабын орындамау – 30 АЕК; Бір жыл ішінде қайталанса, жүргізуші куәлігінен алты ай мерзімге айыруға әкеп соғады.

Бұны жүргізуші куәлігі жоқ адам жасаса, 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Көліктік бақылау бекеттерінде осы орган қызметкерінің көлікті тоқтату туралы талабын орындамау – 10 АЕК айыппұл төлету немесе жүргізуші куәлігінен алты айдан бір жылға дейінгі мерзімге айыруға әкеп соғады.

Ішкі істер (полиция), әскери полиция (тек қана Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының, Қарулы Күштерінің, Қазақстан Республикасының басқа әскерлері мен әскери құралымдарының көлік құралын басқаратын адамды) органдары қызметкерінің белгіленген тәртіпке сәйкес алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйін куәландырудан өту туралы заңды талабын орындамау – көлік құралдарын басқару құқығынан үш жыл мерзімге айыруға әкеп соғады. Қайталанса,  он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және алты жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады. Тағы қайталанса,  отыз тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және он жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.

Ескерту. Нысанды киім киген ішкі істер (полиция), көліктік бақылау, әскери полиция органдары қызметкерлерiнiң көлiк құралын тоқтату туралы талабы ысқырып сигнал берумен бір мезгiлде қол қимылымен немесе таяқшамен сигнал беру арқылы не дыбыс күшейткiш құрылғының көмегiмен бiлдiрiледi. Сигналдар жүргiзушiге түсiнiктi болуға және оларды орындау авариялық жағдай туғызбайтындай болуы үшін дер кезiнде берiлуге тиiс.

20. Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу

590-бап. Нөмірі оқылмайтын немесе стандарт талаптарына сәйкес келмейтін немесе нөмірі басқа жерде орнатылған көлік үшін – 5 АЕК; Бір жыл ішінде қайталанса, 20 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Нөмiрi жоқ немесе пайдалануға тыйым салынған нөмірді тағу, белгiленген тәртiппен тiркелмеген көлiк құралын басқару – 10 АЕК;

Жалған немесе қолдан жасалған нөмір тағу – жеке тұлғаларға – 15 АЕК, лауазымды адамдарға – 50 АЕК, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 100 АЕК, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 200 АЕК, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 400 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады.

Көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірінің түрін өзгерту, оларды жасырып тұратын құрылғылар қолдану – 20 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға немесе бiр жыл мерзiмге жүргізуші куәлігінен айыруға әкеп соғады.

Техникалық регламенттердің, стандарттардың талаптарына сай келмейтiн, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған ақаулары бар көлiкті айдау – 5 АЕК; Бір жыл ішінде қайталанса, 20 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Тежегiш жүйесiнiң, басқару рулінің, тартқыш-тіркеме құрылғысының ақауы бар көлiкті басқару – 15 АЕК; бір жыл ішінде қайталанса, 20 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Тиiстi рұқсатсыз қайта жабдықталған көлiк құралын басқару – 15 АЕК; Бір жыл ішінде қайталанса, 20 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Жолаушыларды, жүк тасымалдайтын көліктерді рейс алдында тексеруден өткізбеу, жүргізушінің медицникалық тексеруден өтпеуі – лауазымды адамдарға және шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 30 АЕК, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 40 АЕК, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 50 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Мемлекеттiк немесе мiндеттi техникалық қарап-тексеруден өтпеген көлiк құралын басқару – 5 АЕК айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанса, 20 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Ескерту: Бұл ережелер автомобильдердiң, тракторлардың барлық түрлерiне және өзге де өздiгiнен жүретiн машиналарға, трамвайларға, троллейбустарға, сондай-ақ мотоциклдер мен басқа да механикалық көлiктерге қатысты.

21. Мас боп айдау

619-1-бап. Көлiктің техникалық жағдайына және пайдаланылуына жауапты адамның көлікті алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйдегі жүргiзушiге басқаруға беруі – лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 40 АЕК, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 50 АЕК, iрi кәсiпкерлiк субъектiлеріне 60 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Жәбiрленушiнiң денсаулығына жеңiл зиян келтiруге немесе көлiк құралдарының, жүктердiң, жолдағы немесе өзге де құрылысжайлардың не өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген дәл сол әрекет – жеке тұлғаларға – 70 АЕК, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 100 АЕК, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 150 АЕК, iрi кәсiпкерлiк субъектiлеріне 200 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

22. Жедел жәрдемге, құтқару қызметтеріне жол бермеу

598-бап. Бiр мезгiлде жарқылдауық маягi мен арнайы дыбыс сигналы iске қосылған жедел және арнайы қызмет көліктеріне жол бермеген адамға – 7 АЕК; бір жылда қайталанса – 15 АЕК;

Сыртқы жағында арнайы түстi-графикалық схемалар, жазулар және белгiлеулер бар, бiр мезгiлде жарқылдауық маягi мен арнайы дыбыс сигналы iске қосылған жедел және арнайы қызметтер көлiк құралының жүруiне басымдық бермеу – 10 АЕК; бір жылда қайталанса – 15 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Жедел жәрдем
dribble.com ©Enisaurus

23. Арнайы қызмет көліктерінің дыбыс сигналдарын қою, суретін салу

603-бап. Көлiктің алдыңғы бөлiгiне қызыл түстi жарық аспаптарын немесе қызыл түстi жарық қайтаратын бейімдеме құрылғыларды, сол сияқты түсi мен жұмыс режимi талаптарға сәйкес келмейтiн жарық аспаптарын орнату – жеке тұлғаларға – 15 АЕК, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 70 АЕК, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 150 АЕК, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 1000 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. Аспаптар мен құрылғылар тәркiленеді.

Арнайы жарық немесе дыбыс сигналдарын беруге арналған құрылғыларды (күзет сигналын беруді қоспағанда) рұқсатсыз орнату – жеке тұлғаларға – 25 АЕК, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 100 АЕК, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 200 АЕК, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 1000 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. Аспаптар мен құрылғылар тәркiленеді.

Көлiктің сыртына жедел және арнайы қызметтер автомобильдерiнiң арнайы түстi-графикалық схемаларын заңсыз жазу – жеке тұлғаларға – 25 АЕК, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 100 АЕК, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 200 АЕК, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 1000 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

24. Көлiктердің жүруіне кедергi келтіру

614-бап. Көлiктердің қозғалысына қасақана кедергi келтіру, сол сияқты жол жүрісі саласындағы мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыруға уәкiлеттiк берілген лауазымды адамдардың осындай кедергiлердi жою жөніндегі талаптарын орындамау – жеке тұлғаларға – 3 АЕК, лауазымды адамдарға 10 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады.

25. Жаяу жүргiншiлердiң жол ережесін бұзуы

615-бап.  Жаяу жүргiншiлердiң жол ережесі талаптарын орындамауы – 2 АЕК; егер бір жыл ішінде қайталанса – 10 АЕК;

Жәбiрленушiнiң денсаулығына зиян келтiрмеген, алайда материалдық залал келтiрген әрекет үшін 10 АЕК айыппұл салынады. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса – 20 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға немесе үш тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.

Ескерту: Бұл бап мопед, велосипед мен ат-арба айдаушыларға, жол бойымен жүк артылған малды, мiнiс малын немесе табынды айдаушыларға да, көлiк жүргізушілеріне де қатысты.

26. Жүргізуші куәлігінен айыру

46-бап. Нақты адамға берілген арнайы құқықтан айыруды судья қолданады.

Көлiкті басқару құқығынан айыру мерзiмi алты айдан кем болмауға және он жылдан аспауға тиіс.

Көлiкті басқару құқығынан айыруды, көлікті масаң күйде басқару не масаң күйдi куәландырудан белгiленген тәртiппен өтуден жалтару, сондай-ақ аталған адамдардың белгiленген қағидаларды бұзып, өздерi қатысушысы болып табылған жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетiп қалу жағдайларын қоспағанда, бұл құралдарды мүгедектiгiне байланысты пайдаланатын адамдарға қолдануға болмайды.

27. Құжаттар мен көлік нөмірін шешіп алу

795-бап. Адамға әкімшілік құқық бұзушылық Кодексіне сай көлік құралын басқару құқығынан айыру тралы шешім шығарылса ғана, жүргізуші куәлігін ала алады. Қалған жағдайларда әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылғаннан кейін жүргізуші куәлігі дереу иесіне қайтарылады.

Алып қойылған жүргізуші куәлігінің орнына жүргізушіге уақытша куәлік беріледі.

Жүргiзушi емтиханға жiберу туралы қаулыны алған күннен бастап екi ай iшiнде жол жүрiсi қағидаларын бiлуiн тексеруге арналған емтиханды тапсырмаса, қаулы шығарған лауазымды адам ҚР жол жүрiсi қауiпсiздiгi саласындағы заңнамасында көзделген шараларды қолданады.

Көліктің мемлекеттік нөмірін екі куәгердің немесе көлік иесінің қатысуымен ғана шешіп алуға болады. Бұл ретте лауазымды адам нөмірді неге алатынын көлік иесіне түсіндіруі керек. Ал айыппұлды төлету үшін нөмірді шешіп алуға тыйым салынған.

28. Мастықты куәландыру

796-бап. Мастықтыкуәландыруға жiберу, масаң күйiн куәландыру және оның нәтижелерiн ресiмдеу ҚР Үкiметi белгiлеген тәртiппен жүргiзiледi. Жүргiзушi куәландыру нәтижелерiмен келiспеген жағдайда, медициналық куәландыруға жiберiледi.

Масаң күйiн куәландыру үшiн көлікті басқарудан шеттету туралы әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамаға белгi жасалады.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамада куәландырудан өткiзу үшiн көлiк құралын, кемені, оның ішінде шағын көлемді кемені басқарудан шеттетiлген күн, уақыт, орын, негiздер көрсетiледi. Хаттаманың көшiрмесi өзiне қатысты іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан адамға не оның заңды өкiлiне тапсырылады.

Масаң күйiн куәландыру актiсi тиiстi хаттамаға қоса беріледi

29. Айыппұлға 50%-дық жеңілдікті қалай алуға болады?

810-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша қысқартылған іс жүргізудің негіздері

Жол ережесін бұзғанын мойындайтын және оның дәлелдеріне шағымданбайтын, айыппұлды осы Кодекстің Ерекше бөлімінің бабындағы санкцияда көрсетілгеннен елу пайызы мөлшерінде төлеуге келіскен адамның үстінен қысқартылған іс жүргізіледі.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша қысқартылған іс жүргізу:

1) ескерту жасауды қоспағанда, баптың санкциясында өзге де жаза түрлері көзделген;

3) құқық бұзушылықты артықшылық берілген немесе иммунитеті бар адамдар жасаған;

4) олар бойынша істерді мемлекеттік кіріс органдары қарайтын әкімшілік құқық бұзушылықтар жасалған;

6) олар бойынша істерді Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қарайтын әкімшілік құқық бұзушылық жасалған жағдайларда, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің уәкілеттік берілген жұмыскерлері осы Кодекстің 804-бабының екінші бөлігінде көрсетілген баптар бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасаған жағдайда қолданылмайды.

Айыппұл
dribble.com ©Ben Stafford

811-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша қысқартылған іс жүргізу тәртібі

Әкімшілік құқық бұзушылық табылған және оны жасаған тұлға анықталған кезде, осы Кодекстің 804-бабынасәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасауға құқығы бар уәкілетті адам әкімшілік іс жүргізу қозғайды және тұлғаға айыппұлды баптың санкциясында көрсетілген айыппұл сомасының елу пайызы мөлшерінде жеті тәулік ішінде төлеу құқығын түсіндіреді.

Хаттама жасаған уәкілетті адам әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманың көшірмесін белгіленген үлгідегі түбіртекпен бірге адамға табыс етеді.

Егер әкімшілік құқық бұзушылық автоматты режимде жұмыс істейтін сертификатталған арнайы техникалық бақылау-өлшеу құралдарымен және аспаптармен тіркелсе, адамның айыппұлды белгіленген үлгідегі түбіртекпен бірге айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама тиісінше жеткізілген кезден бастап жеті тәулік ішінде көрсетілген айыппұл сомасының елу пайызы мөлшерінде төлеуге құқығы бар.

Айыппұлды көрсетілген айыппұл сомасының елу пайызы мөлшерінде жеті тәулік ішінде төлеген жағдайда іс мәні бойынша қаралды, шешім заңды күшіне енді, ал адам әкімшілік жауаптылыққа тартылды деп есептеледі.

Осы Кодекстің 47-тарауында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы тараудың қағидалары бойынша қаралған іс қайта қаралуға жатпайды.

30. Айыппұлдың бар-жоғын тексеру

Тексеру