«Өз диетамды тапқаныма қуаныштымын»
Алматылық Динара (есімі өзгертілді) етті, ауыр тамақты қорыта алмай, қиналатынын, асқазаны ауырлықты сезетінін бұрын байқаған. Қан тобына қарай тамақтануды жақында естіпті. Өзінің II қан тобына қатысты тамақтану әдебін оқып, өзіне сай келетінін айтып отыр. Енді соған сай тамақтануға кіріспекші.
Бала кезімнен етке құмар емеспін. Оны жеген күні әлсіреп, өзімді жайсыз сезінетінмін. Маған әрдайым тауық еті ұнайтын. Енді мұның бәрі қан тобыма тікелей байланысты екенін біліп, таңданып жүрмін. II қан тобындағы адамдарды «диқан» деп атайды екен. Оларға вегетариандар сияқты тамақтанған дұрыс деп жазылыпты. Шынымды айтсам, өз диетамды тапқаныма, бұрын байқаған дүниелер ғылыммен расталғанына қуаныштымын, — дейді Динара.
Енді ол қызыл етті рационнан ақырындап алуды, ауыр тамақ жемеуді көздеп отыр.
Жақында құрбымдікі І қан тобы екенін білдім. Сосын одан «Етті жақсы көретін шығарсың?» деп сұрадым. Ол етсіз өмір сүре алмайтынын айтты. Құрбым қан тобына қатысты мәліметпен таныспады, бірақ өз ағзасына не жағатынын біліп тұр, — дейді Динара.
- I қан тобындағы адамдарды тамақтануына қарай «аңшы» деп атайды. Олар етті жақсы көреді, ауыр тамақтарды қиналмай, қорыта алады.
- Ал II қан тобындағы адамдарды «диқандар» дейді. Себебі осы қан тобын адамзат аңшылық сияқты өмір салтынан отырықшылыққа, егіншілікке ауысқан кезімен байланыстырады. II топтағыларға табиғи тағамдар жағады. Оларға экология жағынан таза әрі пайдалы нәрсенің бәрін жеуге болады.
- III қан тобындағы адамдарды «көшпенділер» деп сипаттайды. Олар сүтті тағамдарға құмар әрі соны жақсы қорытады. Ал дәнді дақылдарды қорытуы қиын.
- IV топтағы адамдардың да дәнді-дақылды қорытуы қиын болуы мүмкін, бірақ соған қарамастан олар – хамелеон. Себебі олар II және III қан тобының қосылуынан пайда болды. Сондықтан кез келген өмір салтына бейімделе алады. Қаны III топтағы адамға ет пен көкөністі қатар жеп отыру қажет.
«Бұл тұжырымды қатып қалған қағида түрінде ұстанбаған дұрыс»
Ал дәрігер Ідірісова Гүлдинаның айтуынша, қан тобы адамның тек денсаулығынан емес, мінез-құлқынан да хабар береді. Әсіресе, Оңтүстік Корея мен Жапония халқы адам мінезі қан тобына қарай ерекшеленетініне сенеді.
Жапония халқы адаммен жақынырақ танысқанда қан тобы туралы сұрастырады. Олар үшін мұндай сұрақ таңсық немесе ерсі емес. Жұмысқа қабылдар кезде қызметкердің қан тобын біліп алуға тырысады екен. Мұның бәрі адам мінезін, табиғатын тану мақсатында. Ал дүниежүзі бойынша ұзақ өмір сүретін халық Жапонияда екенін бәріміз білеміз. Демек, қан тобына қатысты ерекшеліктер бекер болмағаны, — дейді дәрігер.
Мысалы, II қан тобындағы адамдар көбіне байсалды, салмақты болады деседі. Соған қарай жапониялықтар офис қызметкерін таңдауы мүмкін. Ал жұмыста көшбасшы қызметкер керек болса, қаны I топқа жататын адамды таңдайды.
Алайда Гүлдина Ідірісова міндетті түрде қан тобына байланысты тамақтану керек дегенмен келіспейді.
Қанша зерттелген тақырып, ескеру керек. Бірақ «Мынаны жемеу қажет екен» деп қатып қалудың қажеті жоқ. Әр адам өзіне сергектік сыйлайтын тағамдарды көбірек тұтынып, керісінше, ауырлық сезімін тудыратын тамақты анықтап алғаны дұрыс. Адамның геномы ата-анасынан беріледі және адамына қарай ағза да түрлі болады. Сондықтан қан тобына қатысты мәліметке ғана қарап қалмай, жан-жақты талдап, қызықтап көру артық болмайды, — дейді дәрігер.
Кейде нақты бір қан тобына берілген диета сол адамға жақпауы мүмкін. Дәрігер мұндайда ағзаны тыңдау керек екенін айтады. Геном ата-бабамыздан қалыптасып келе жатқан нәрсе болғанымен, қан тобымыздың нақтылануы ата-анамыздікіне байланысты.
Мысалы, менікі IV қан тобы дейік. Демек, ата-анамдікі II және IV қан тобы. Осы екеуінің қосындысынан менің қан тобым қалыптасып тұр. Енді мен өз қан тобыма қарай тамақтануды бастасам, ол маған келмеуі мүмкін. II қан тобындағы адамға тауық еті ұсынылады, ал қаны IV топтағы ағзаға бұл ет жақпайды. Осы мәліметке қарамастан, ағзам тауық етін жақсы қорытатын болса, демек менде әкемнің қан тобы басымырақ болып тұр, — деп түсіндірді дәрігер.
Питер Д Адамоның зерттеуі
Алғаш рет адам қаны бірнеше топқа бөлінетіні анықталғанда дәрігерлер кей қан тобы асты қиын қорытатынын байқады. Содан қан топтарына зерттеу жүргізілді, бірақ қан тобы мен тамақтану әдебін жеткілікті деңгейде зерттеген адам ретінде Питер Д Адамо аталады. Питер Д Адамо — америкалық натуропатия дәрігері. Ол «4 қан тобы – денсаулыққа 4 жол» тұжырымымен және осыған қатысты кітаптарымен танымал. Дәрігердің тұжырымы бойынша адамның денсаулығы мен аурулары олардың генетикалық ерекшелігіне, атап айтқанда қан тобына байланысты. Мұндай болжам генетиктер мен гигиенистердің бақылауына негізделген. Тіпті қан топтары зерттеле бастағанда адамдардың қанына қарай түрлі өзгеріс пен ауру болатыны байқалған.
Қан тобы бойынша нақты диета ұсына салу — өте жеңіл тәсіл. Адамның геномы анықтайтын жеке диетаны қалыптастыру үшін эндокрин және ферментатив белсенділікке жауап беретін кемінде 64 нақты генге талдау жасау қажет. Қан тобына ғана қарап, тамақтану әдебін бекіте салуға болмайды, — деп есептейді ол.
Дегенмен Питер Д Адамоның мұндай тұжырымымен кей дәрігерлер келіспейді.