Екібастұзда су арнасынан өрт шықты

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 29 тамызда «Сәтбаев су арнасы» ШЖҚ РМК филиалының №2 сорғы стансанда өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Сорғы Екібастұз қаласынан 35 шақырым қашықтықта орналасқан. №2,3,4,5 сорғы стансаның қызметі тоқтатылды.

Оқиға орнына келген кезде төрт деңгейлі темір бетон сорғы ғимаратының 3-ші және 4-ші деңгейде сегіз ұяшықтан тұратын бақылау-тарату құрылғысы, ағаш есік, жалпы алаңы 150 ш. м. ағаш қабырғалардың қаптамасы, 100 қума метр оқшаулау күштік кабельдің жануы анықталды, − дейді департамент өкілі.

Белгілі болғандай, кеше, 30 тамызда өрт салдарынан бірнеше агрегат істен шыққан. Материалдық шығын 270 млн теңгені құрады. Осыған байланысты бүгін Екібастұз қаласы әкімінің төрағалығымен төтенше жағдайлар жөніндегі қалалық комиссияның кезектен тыс отырысын өткізіп, жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жариялау жоспарланған. Кейіннен қаулы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне сорғыны жөндеуге қаржы бөлу туралы жолданады.

Сорғы стансаның басшысы В. Егердің айтуынша, жөндеу жұмыстары шамамен 10 күнге созылады, елді мекендерге қауіп төнбейді. Қазіргі уақытта Екібастұз су қоймасында 17 млн текше су, Екібастұз қаласының суды тұтынудың айлық нормасы 1,7 млн текше құрайды. Қарағанды облысы үшін де қауіп жоқ.