Арыс стансасында жолаушыларға көмек көрсетіліп жатыр

«Ақтөбе-Алматы» бағытындағы N34 пойыздың 572 жолаушысы мен «Қызылорда-Көкшетау» бағытындағы N56 пойыздың 457 жолаушысы Арыс-1 темір жол вокзалында тоқтап қалған еді. Осыған байланысты Арыс қаласының әкімі шұғыл тапсырма беріп, бұл азаматтарға түрлі көмек ұйымдастырылды.

Жергілікті баспасөз қызметі мәлім еткендей, әкімдік қызметкерлері мен Арыс-1 темір жол стансасының басшылығы, қалалық жедел жәрдем стансасының 3 бригадасы мен желілік ішкі істер бөлімінің қызметкерлері жолаушыларға керекті көмектерін көрсеткен.

Жолаушыларға ас пен су ұсынылып, дезинфекция қызметкерлері санитарлық талаптардың сақталуын қамтамассыз етті. Ал жергілікті кәсіпкерлер Шымкент қаласына жеткісі келген жолаушылар үшін арнайы көліктер ұйымдастырды.

Айта кетерлігі, Арыс қаласының әкімдігі жанындағы жастар ресурстық орталығының еріктілері мен «Қолғабыс» қайырымдылық қорының өкілдері жамбылдық тұрғындарға жан-жақты көмек көрсету бағытында жұмыстарды бастап кетті.