Елімізде Грузия мен Әзербайжаннан көлік әкелу жиілеп кетті

Кейінгі кезде кедендік баждар мен салықтарды төлеуден босатылған және уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын ел аумағына алып келу жағдайлары жиілеп кетті.

Айта кетерлігі, жеңіл көліктердің басым көпшілігі ЕАЭО кедендік аумағына Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өткізу пункттері арқылы уақытша әкелінеді. Әрі қарай шетелден әкелінген тауар мәртебесін алып, кедендік бақылауда болады. Бұл орайда ЕАЭО Кедендік кодексінің 264-бабының 6-тармағына және 275-бабының 2-тармағына сәйкес уақытша әкелінген көлік құралдары декларанттың (әкелуді жүзеге асырған тұлға) іс жүзінде иелігінде және пайдалануында ЕАЭО кедендік аумағында болуға тиіс.

Алайда, бүгінде Қазақстанға уақытша әкелінген көлік құралдары кеден баждар мен салықтарды төлеуден, кедендік тазартудан жалтарып мемлекеттік тіркеуге қойылып жатқан фактілер анықталды. Мысалы, жеке пайдалануға арналған шетелдік көлік құралдарын, шетел азаматтары өз көлік құралдарын әкелген соң, Қазақстан Республикасының аумағынан біраз уақыттан кейін кетіп қалып жатыр (бұлар негізінде Грузия мен Әзербайжан азаматтары).

Осыған байланысты Мемлекеттік кірістер кометитеті қазақстандықтарға уақытша әкелінген көлік құралдарын тек кедендік тазартудан өтіп, кедендік баждар мен салықтарды төлегеннен кейін ғана сатып алуға және Қазақстан аумағында аталған көлік құралдарын пайдалануға болатынын ескертеді.