БҰҰ Ауғанстаннан 120 қызметкерін Қазақстанға эвакуациялады

Бұл туралы БҰҰ бас хатшысының өкілі Стефан Дюжаррик таратқан мәлімдемеде айтылған, деп хабарлады ТАСС агенттігі.

БҰҰ 22 тамыз күні Ауғанстанның астанасынан 120 адамды Алматыға жеткізді, бұл кейінгі аптадағы осындай екінші әуе рейсі. Жолаушылар қатарында БҰҰ қызметкерлері мен Ауғанстандағы БҰҰ-ның әріптестері саналатын бірнеше үкіметтік емес ұйым мүшелері бар, — делінген хабарламада.

Өткен аптада БҰҰ-ның жүзге жуық қызметкері Кабулдан Алматыға қашықтан жұмыс істеуді жалғастыру үшін жеткізілді. «Талибан» радикалды қозғалысының шешуші шабуылының алдында Ауғанстандағы БҰҰ-ның түрлі миссиясында жергілікті халық арасынан 3 мың адам және 700-ден астам шетелдік жұмыс істеген.

«Талибан» радикалды қозғалысының жауынгерлері 15 тамыз күні шайқассыз Кабулға кіріп, бірнеше сағаттың ішінде ауған астанасында толық билігін орнатты.

ДереккөзҚазАқпарат