Ел президенті Ашраф Гани бірнеше көмекшісімен бірге сол күні елден қашып кетті. АҚШ-тың Колумбия университетінде оқыған, Ауғанстанды қайта құруды мақсат еткен технократ президенттің қайда екені алғашында белгісіз болды. Түрлі медиа ресурстар оны Өзбекстан немесе Тәжікстаннан пана тапқанын мәлімдеді. Бірақ үш күннен кейін Ауғанстан бұрынғы президентінің Біріккен Араб Әмірлігінде екені жария етілді. The Associated Press басылымының Ауғанстандағы орыс елшісіне сілтей отырып жазған мәтініне сенсек, Гани тікұшақ толған ақшамен ұшып кеткен екен.
«Тәліп» сөзі шығыс иран тілдеріне жататын пушту тілінде «оқушы, ізденуші» деген ұғымды береді. Тәліптер Ауғанстанның оңтүстігінде Кеңес үкіметінің әскері 1989 жылы ауған территориясынан кеткеннен кейінгі азамат соғысы кезінде пайда болды. Олар 1996 жылы Ауғанстан Ислам Әмірлігін құрып, 2001 жылы АҚШ әскері басып кіргенге дейін елде Ислам шариғаты бойынша қатаң билік жүргізіп тұрды.
Батыс өркениеті тәліптердің Ауған үкіметін басып алуы бұлайша жылдам өріс алады деп күтпеген еді. Тіпті АҚШ президенті Джо Байден маусымның 8 күні өткен баспасөз брифингінде АҚШ әскері Ауғанстаннан кеткеннен кейін, тәліптердің билікке келу ықтималдығын жоққа шығарған болатын.
Тәліптердің билікке келуі екіталай. Себебі олардың саны 75 мың, ал ауған қауіпсіздік қызметінде 300 мың әскер бар, — деген еді ол.
Сондай-ақ, Байден Ауғанстан азаматтарының қауіпсіздігі ендігәрі америкалық әскердің қолында емес екенін жеткізді және АҚШ әскерінің Ауғанстандағы миссиясын тамыздың соңында аяқтайтынын мәлімдеді.
АҚШ әскері ауған жеріне осыдан 20 жыл бұрын Нью-Йорктағы террористік шабуылдан кейін осы оқиғаға жауапты деп айыпталған Осама бен Ладен және басқа да Әл-Қаеда мүшелерін жазалау үшін басып кірген болатын. Соңғы 20 жылда Ауғанстандағы АҚШ әскерінің саны өзгеріп отырды. Мысалы, 2003 жылы Ауғанстандағы АҚШ әскери базаларында 10 мыңға жуық әскер қызмет етсе, 2011 жылы бұл көрсеткіш 110 мыңға дейін жетті. Ал соңғы жылы небәрі 4 мың әскер Ауғанстанда қызметте болды.
Гарвард және Браун университеттерінің «COSTS OF WAR» біріккен жобасының есебінше, соңғы 20 жылда Ауғанстанда 2448 АҚШ әскері және АҚШ үкіметіне жалданып істеген 3846 қызметкер өлген. Ал ауған қауіпсіздік қызметі мен полициясы тарапынан 66 мың қызметкер және НАТО елдері тарапынан 1144 әскер қаза тапқан. Сонымен қатар, 51 191 тәліп пен өзге де оппозиция өкілі соғыс жағдайында өлді саналады. Одан бөлек, үкіметтік емес ұйымдардың 444 қызметкері, бұған қоса 72 журналист те қаза тапқан. Сондай-ақ 47 245 ауған азаматы соғыс құрбаны болған. Ал соғыс шығыны 2,2 триллион АҚШ долларын құрап отыр.
Байден айтқан ауған әскері тәліптерге төтеп бере алмады. 15 тамыздан бері Ауғанстанда билікті тәліптер өз қолына алып отыр. Осы күнге дейін олардың сыртпен байланыс өкілі ретінде Сухаил Шахин Қатар астанасы Дохадан ақпарат таратып келді. Ал тәліптер билікке келгеннен кейін екі күн өткен соң Кабулда алғаш рет баспасөз жиыны ұйымдастырылды. Жиында Забихулла Мужахид есімді азамат тәліптердің ресми өкілі ретінде «өздерінің іштен және сырттан жау іздемейтінін және әйелдер құқығы ислам заңдары шеңберінде құрметтелетінін» мәлімдеді. Сол күні тәліптер өзге бір өкілі ауған телеарналарының бірінде әйел тілшіге ресми сұхбат берді. Сарапшылар тәліптер осы әрекетімен әйелдер құқығы тапталмайтынын көрсетуге тырысып жатқанын айтады.
Тәліптер баспасөз жиыны арқылы ауған халқын да қорықпауға шақырды. Олар өздеріне қарсы күрескен, бұрынғы ауған үкіметінде қызмет еткен және АҚШ пен НАТО әскеріне көмектескен ауған азаматтарын жау көрмейтінін ашық айтты. Осы ретте АҚШ өзімен серіктес болған ауған азаматтарын отбасы мүшелерімен бірге алып кетіп жатқанын естіген ауғандардың америкалық әскери ұшаққа мініп кетуге тырысқанын айта кету керек. Нәтижесінде, бірнеше адам әуеге көтерілген ұшақтан құлап, қаза тапқан еді.
Тәліптер Ауғанстанда 1996 жылы билікке келгенде өлім жазасына кесілген азаматтарды дарға асып, ұрлық жасағанның қолын кесіп, әйелдерге ер адамның бастауынсыз көшеге шығуға тыйым салған болатын. Бұл жолы ондай қатаң тәртіп пен шектеу болмайтыны айтылып жатыр. Бірақ 16 тамызда БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Ауғанстанның кейбір аймағында әйел құқықтары тапталып жатқанын, қыздар мектептері жабылғанын мәлімдеді.
Тәліптер билікке келгелі АҚШ және Батыс Еуропа елдерінің Ауғанстандағы елшілері кетіп үлгерсе, орыс елшілігі Кабулда қалып, жаңа ауған үкіметімен байланыс орнатып жатқаны белгілі болды. Орыс елшісі Дмитрий Жирнов тәліптер билікке келгелі Кабулда тыныштық орнағанын айтқан еді. Бұл өз кезегінде Ресейдің Ауғанстанға қатысты позициясын түсіндіреді. Ал 7 тамызда тәліптердің бір топ өкілі Қытай билігімен байланыс орнатып, келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде, Қытай үкіметі тәліптер тыныштық орнату үшін билікке келетінін меңзеп, қолдау білдірген.
Ауғанстандағы ислам заңдарына негізделген жаңа тәртіп Орта Азия елдерін де ойландыратыны анық. Тәліптер толық билікке келмей тұрып, Орта Азия елдері басшылары Түрікменстанда ауған мәселесі бойынша кездесті. Осыға қатысты қазақ медиа ресурстары жиында сауда-экономикалық және қауіпсіздік мәселелері талқыланды десе, шетелдік басылымдар негізгі тақырып көрші елдегі саяси тоқырау болғанын жазды. Сонымен қатар, осы айдың басында Ресей мен Өзбекстан әскери күштері Ауғанстан шекарасында оқу-жаттығу жұмыстарын өткізді.
Белгілі саясаттанушы Досым Сәтбаевтың айтуынша, тәліптер Ауғанстанда Ислам әмірлігін орнатуды мақсат еткенімен, олардың билігі кезінде ауған территориясында өзге радикалды топтар күшеюі мүмкін.
«Өзбекстанның Ислам қоғалысы (Өзбекстанда тыйым салынған террористік ұйым — ред) немесе Ислам мемлекеті (әлемнің көптеген елдерінде және Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым – ред.) сынды радикалды топтар күшейсе, Орта Азияға қауіп төнуі бек мүмкін. Себебі олардың басты мақсаты Ауғанстан және Орта Азия елдерін біріктіріп, үлкен ислам мемлекетін құру», — деді Сәтбаев Азаттық тілшісіне берген СҰХБАТЫНДА.
Аустралия ұлттық университеті базасында құрылған Шығыс Азия Форумы сарапшыларының жазуынша, ауған территориясынан АҚШ әскерінің біржола кетуі Орта Азия елдері үшін қай жағынан алып қарасаң да тиімсіз.
«Түрікменстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдері үшін Ауғанстанның бұрынғы атқарушы билігі радикалды топтардың шекарадан өтпеуіне кепіл болып келіп еді. Ал тәліптердің басшылығына ондай кепілдік берілгеннің өзінде сену оңай болмас», — дейді сапаршылар.
Ал Ресейдегі Валдай сарапшылар клубының анализіне сенсек, Ауғанстандағы саяси ахуалдан Орта Азияға келетін ең басты қауіп босқындардың жаппай көшуі болып отыр. Өзбекстан және Қазақстан үкіметі босқындарға астыртын орын дайындап жатқанымен, ресми түрде оларды қабылдауға дайын емес екенін мәлімдеді. Әзірге тек Тәжікстан ауған босқындарын қабылдауға дайындалып жатқанын жеткізді.
13 тамызда Қазақстан мен АҚШ сыртқы істер министрлерінің телефон арқылы ауған мәселесін талқылағаны америкалық үкімет тарапынан ресми жарияланғанымен, Қазақстан тарапы бұл жайлы ешбір мәлімдеме берген жоқ.
Тақырып бойынша: Президент Ауғанстандағы жағдай Орталық Азия мемлекеттеріне сезіліп отырғанын айтты
Америкалық Джеймстаун қорының сараптамасына сенсек, Ресей мен Қытай Ауғанстаннан Орта Азияға қауіп төнбеуі үшін барын салады. Сол үшін Ресей Өзбекстанмен, ал Қытай Тәжікстанмен бірігіп, әскери оқу-жаттығу жұмыстарын бастап жіберді. Қытай Орта Азиядағы сауда тармақтарына қауіп төнуі мүмкіндігін алған тартса, Ресей қауіп төнген жағдайда аймақтағы (Қырғызстан мен Тәжікстан) әскери базаларын қолданбақ.
Десе де, Орта Азияға қауіп Түрікменстан арқылы келуі мүмкін. Америкалық сарапшылар Ауғанстанға көрші елдердің арасында Түрікменстан әскери қуаты ең нашар екенін жазады. Сонымен қатар, Түрікменстанның Орта Азия және Ресей арасындағы Ұжымдық қауіпсіздік келісімінде болмауы, оқшаулану саясатын жүргізуі де аймақ басшыларын ойландырып отыр.
«Дегенмен тәліптер тікелей шабуыл емес, партизан соғысын көбірек мақұлдайтыны белгілі. Одан бөлек, олардың діни идеологиясы мен саясатына симпатиямен қарайтын Орта Азия тұрғындары да жоқ емес. Сондықтан Орта Азия елдеріне тәліптердің әскери қуаты емес, идеологиялық үгіт-насихаты қауіптірек» — делінген америкалық қор сараптамасында.
Шығыс Еуропа және пост-кеңестік территорияны зерттеумен айналысатын америкалық Харриман институтының (Колумбия университеті) директоры Александр Кулидің айтуынша, геосаяси тұрғыдан АҚШ пен НАТО елдері әскерлерінің Ауғанстаннан кетуі Ресей мен Қытай билігінің Орта Азияға өз ықпалын күшейтуге зор мүмкіндік берді.
«Бұл аймақты енді пост-батыстық және пост-америкалық деуге болады. Аймақ Америка құрама штаттарынсыз трансформацияланады», — деді Кули The New York Times тілшісімен бөліскен пікірінде.