Біздің ауыл фольклорға жақын болды. Қазір білмеймін, өйткені ол жақтан кеткелі біршама уақыт болып қалды. Ата-апалардың тойы, одан кейінгі буынның, жастардың отырысы салтанат болып өтетін. Бірінші кезекте — өнер. Ата-апалар діни қиссаларды, ауыз әдебиетін көбірек айтса, жастар да шығармашылық орта сияқты. Кез келген туған күн, кішігірім той-томалақ әсерлі өтетін. Әпке-жездеміздің отырыстарына көрермен ретінде баратынмын. Өйткені онда бәрі айтылады, неше түрлі ойын болады. Менің санамда қалған көрініс — осы.

Кітапты өте тез оқимын. Кейбіреулер сенбейді. Оның журналистикаға ешқандай қатысы жоқ. Әсері болды, сөздік қорым көбейді. «Журналист боламын» деген ой 10-класқа дейін болмады. Мақсатым басқа еді. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болсам деген жоспар болған.

Өкініш не? Түнгі клуб дегенге әлі кіріп көрген жоқпын, бәрібір цензура тұрады.

Біз кімбіз? Жауап көп. Біреуі әлімсақтан мұсылманмыз дейді, біреуі қазақпыз дейді. «Мен — мен едім» дейді. Ал сайып келгенде, біз кімбіз? Zero. Нөлміз. Біз ешкім емеспіз. Абай «Адам — ​​бір боқ көтерген боқтың қабы» дейді. Одан артық қалай айтуға болады? Рас. Бізді де Алла тағала жаратты. Тіршілік кешеміз. Жер бетінің қожайыны сезініп кетеміз, бірақ ең әлсіз жаратылыс екенбіз. Күн суыса — шыдамаймыз, күн ысыса — тағы шыдамаймыз. Аш та жүре алмаймыз. Шөлден қаталаймыз. Ұйқыға да әлсізбіз. Біз шынында да әлсіз пендеміз.

Біз ата-ана құрметтеуден чемпион емеспіз. Қайта сол ата-ана бізді құрметтеумен өмір бойы келеді. Кішкентай кезіңнен бастап бала шағыңа, бозбала кезіңе, тіпті шау тартқаныңа дейін еркелетіп, өмірден өтіп жатыр. Бұрындары осы көрініс бар еді. Қазір біз, балалар әке-шешенің қадіріне жетуді тіпті ұмытып кеттік.

Бала күресе алуы, суға жүзе алуы, садақ ата алуы керек. Ақыл-парасатымен қатар дене күші болуы қажет. Онсыз болмайды. Осы үшеуін меңгерген бала жаман болмайды. Оны біреуге көрсетпей-ақ қойсын. Өзі үшін. Күші көптер оны біреуге көрсетуден сақтанады, өйткені күші көп қой, артық кетіп қалуы мүмкін, содан кейін тыйылады. Біреудің жағасына жармасатындың, пышақ сұғып алатындардың күші жоқ.

Біреу билікке келсе, Facebook-те «Нағыз ұлтшыл, мемлекетшіл азамат» деп жазады. Оны біраздан кейін алып тастаса, бірде-бір пост жоқ. «Нағыз ұлтшыл, мемлекетшіл адамды неге алып тастадың?» деген пост көрмейсің. Содан кейін «Міне, қазаққа керемет үлес қосып жатқан азамат» деп бірге түскен фотосы тұрады. Ол не істеді? Бір талдау жоқ.

Мен өзімді үйірінен адасып қалған адам сияқты сезінемін. Жапан түзде жалғыз өзім жортып келе жатырмын. Мен ешкімді түсінбеймін, мені ешкім түсінбейді.

Көріну деген не? Эфир ме? Эфирде жоқпыз. Мың рет айттық. Біз сұранбаймыз ғой. Басшылар не айтады. Соны орындаймыз. Қарапайым сарбаз. Тіпті кіші командирлердің айтқаны — заң.

Иә, көрермен іздейді. Тірі адам болған соң оны сезінесің, жанармай құю бекеттерінде, базарда. Тіпті айтулы басқосуларда… Сұрайды. Жауап жоқ. Жауап болмайтыны – неге бізді қызметтен шеттеткенін білмейміз. Мүмкін, білеміз.

Асқар Жұмағалиев министр болып келді. Қатты қуандым. Оған дейін спортты шеттеді, эфирге әрең шықтық, архивті сақтап қалдық. «Спортқа жаны ашитын министр келді-ау, кіріп шықсам ба екен» деп ойладым. Ол көкем келді де, «Мына шалды не істеп жүрсіңдер?» депті. Эфирден алып тастады. Әрине, басында қорландым. Ешкімге керексіз болдым. Өз эфирім үшін емес, спорт үшін ғой.

Сынды тыңдадық. Керегін алдық. Керексізін ұмыттық. Бірақ сын дейсіз бе, пікір дейсіз бе, тіпті сөз, өсек-аяң дейсіз бе, оның болғаны жақсы. Әжуа болса, жүдә тамаша. Тез әсер етеді. Ес жинағанға жақсы.

«Сын шын болсын» деуші ме еді. Шын сынға құлдық ұрдық қой. Академиктер түзететін. Түзеле салатынбыз. Әріптестер айтатын, қабыл көрдік. Кейде менің мықтылығым сын тыңдай білетінімде деп түсінемін. Талдау деген бар ғой. Өзіме жиі талдау жасайтынмын. Жас кезімізден ұстаз көрдік. Ілімін тыңдадық. Бойға сіңірдік. Оны тәлім дей ме. Тәлімгерге жарыдық. Бұл енді – ерекшелік. Бүгінгі буын ұстазға жарып отырмаған секілді немесе олар тәлімгерді қажет етпейді. Біздерге ерінбегеннің бәрі ұрыса жөнелетін. Тіпті кейде қисыны келмесе де. Обалы не керек. Тисе терекке дейтіндер де табылатын.

Саясатқа араластың ба, басқа нәрсені ұмытуың керек. Сол партия үшін жаныңды беруің керек. Соның адал мүшесі болуың керек. Қорықпауың, ұялмауың керек.

Мен өкіне қоятындай ештеңе бола қойған жоқ. Баяғыда Жақсылық деген кісі Президент әкімшілігінде істеді, Америкаға көшіп кетті. 1998-99 жылдары ма екен, сол кезде үлкен конфликт болды. Қандай конфликт болғанын айтпай-ақ қояйын, ұзақ әңгіме, эфирге сыймайды. Сол кезде қазақтың мықты деген азаматтары конфликтіні шеше алмады. Сонда мен бастым. Ана кісі сүйсініп тыңдапты. Біткеннен кейін шақырып алды. «Айналайын, талай жылдан бері саясаттамын. Біздің мемлекетке конфликтолог керек екен. Сен сөз мәнісін, адамдар психологиясын біледі екенсің. Соныңа риза болдым. Сені алдырып, конфликтология бойынша оқыту керек» деді. Шынымен де конфликтология бойынша оқып, тәжірибем толысқанда кешегі Жаңаөзендегі, Қордайдағы даудың ортасында жүрер ме едім?! Қан шығармастан, екі жаққа да сабыр айтып, екі ортада ағайын болар ма едім?!

Материал «Ана тілі» газетінде, Abai.kz порталында, Хабар TANYM, «Амангелді Сейтханов», New Alash, Talim TV online, KOKSHE TV YouTube-каналдарында жарияланған сұхбаттар бойынша дайындалды.