Бердібек Сапарбаев Президентке Қордайдағы ахуал туралы айтты

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Бердібек Сапарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қордай ауданындағы ахуал туралы баяндады.

Жамбыл облысы әкімінің айтуынша, қазіргі уақытта жағдай тұрақты. Биыл ауданда тұрғын үй және жол құрылысы, білім беру, медицина, мәдениет және спорт саласында жалпы сомасы 31,7 миллиард теңгеге 336 жоба іске асырылған.

Тұрғын үйлер мен коммерция нысандарын қайта қалпына келтіру мәселелері қатаң бақылауда. Қайырымдылық қорларымен 311 миллион теңге жиналып, 41 тұрғын және 13 коммерция нысаны қалпына келтірілген. Сонымен қатар қатты зардап шекпеген 103 нысанға жөндеу жұмыстары жасалған.

7 ақпан күні Жамбыл облысының Қордай ауданында жергілікті тұрғындар арасында қақтығыс болып, арты жаппай тәртіпсіздікке ұласқан. Көп ұзамай құқық қорғау органдары жағдайды тұрақтандырды. Оқиға салдарынан 11 адам қаза тапты. 30-дан астам үй, 15 сауда нысаны мен 20-дан астам автокөлік өртенген. Жергілікті тұрғындардың бір тобы Қырғызстан аумағына өтіп кеткен. Ішкі істер министрлігі оқиғаның себебі мен негізгі арандатушысы анықталғанын мәлімдеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 наурыз — Алғыс айту күні Жамбыл облысындағы Қаракемер ауылының тұрғындарымен кездесті.