Президент Оңтүстік Кореяға барды

Қасым-Жомарт Тоқаев — пандемия басталғалы Оңтүстік Кореяға сапармен келген бірінші көшбасшы. Президенттің баспасөз хатшысының хабарлауынша, мемлекеттік сапар бағдарламасы аса ауқымды.

Ертең, 17 тамыз күні Президент Мун Чжэ Инмен келіссөз өткізеді. Онда Қазақстан мен Корея арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың кең ауқымды мәселелерін қарастырады. Келіссөз қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжатқа қол қойылады, — деп хабарлады Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мун Чжэ Инмен бірге Корея бизнесінің жетекшілерімен кездесу өткізеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Кореяның ұлттық батыры, өмірінің соңғы жылдарында Қазақстанда тұрған генерал Хон Бом Доны еске алуға арналған іс-шараға қатысып, Отан үшін құрбан болғандардың монументіне гүл қояды.

Бұдан кейін Кореяның ірі компанияларының қатысуымен бірқатар екіжақты кездесу өткізеді. Сонымен қатар БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мунмен жүздесу жоспарланған.