Алматыда коронавируспен ауырғандардың 17%-і инфекцияны қоғамдық көлікте жұқтырады

Алматыда эпидемиология ахуалы өршіп тұр. Өткен тәулікте қалада коронавирустың 1 492 дерегі анықталды.

Эпидемиологтардың мәліметінше, қоғамдық көлік – инфекцияны жұқтыратын негізгі бес орынның бірі (жұқтыру 16,8%). Сондықтан Алматының аудан әкімдіктері жанынан құрылған мониторинг топтары маска режимінің сақталуын бақылау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Әкімдіктің, жергілікті полиция қызметінің және «Бақылау-тексеру басқармасы» желілік қызметінің қызметкерлерінен құралған мониторинг топтарының өкілдері қоғамдық көлікте маска режимін тексеру бойынша іс-шаралар жүргізеді. Мысалы, тәулік ішінде 112-ден астам автобус пен троллейбус тексерілді.

Мына автобустарда бұзушылықтар анықталды: 1, 98, 32, 123, 79, 11, 9, 45, 22, 135, 105, 201, 7, 126, 60, 114, 25, 5, 5В, 29, 65, 37, 205, 224, 20, 148, 38, 62, 210, 45, 18.

Маска режимін бұзған 22 жеке тұлғаға айыппұл салынды, барлық жолаушы ҚР ӘҚБтК 1-бөлімінің 425-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.