«Токио Олимпиадасынан сабақ алу керек». Президент Олимпиада нәтижесі туралы

Токиода өткен Олимпиада ойындарына Қазақстаннан 93 спортшы қатысты. Жеңіске жету жолында бар күш-жігері мен шеберлігін көрсеткен атлеттерге алғысымды білдіремін. Олимпиаданың қола жүлдегерлерін құттықтаймын. Бұл — ұзақ уақыт бойы жүргізген табанды жаттығулардың жақсы нәтижесі, — деп жазды Президент Twitter-парақшасына.

Мемлекет басшысы ұлттық құраманың Олимпиададағы ойындары спорт сияқты маңызды салаға жедел әрі тиімді реформа қажет екенін көрсеткенін айтты. Оның айтуынша, жаппай және балалар спортының дамуына көңіл бөліп, сол негізде әлемдік ареналарда үлкен жетістікке қол жеткізуге ұмтылу қажет.

Дегенмен ұлттық команда нәтижесі — 8 қола медаль мен жалпы командалық көрсеткіште 83-орын алғаны Қазақстанның спорт потенциалына сай келмейді және мемлекеттің спорттың дамуына салған қаржысын ақтамайды, — деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Токио Олимпиадасынан сабақ алып, Парижде өтетін келесі ойындарда халық үмітін ақтайтындай нәтижеге қол жеткізу керек екенін айтты.