Гүл күтімі қызметі қанша тұрады?
Ольга былтырғы қатаң карантин уағында қоғамның екіге бөлінгенін байқапты. Біріншісі үй жөндеуге кіріссе, екіншісі бағбаншылықпен айналысқан.
Бақша өсірумен, бөлме өсімдігімен айналыса бастаған адамдар кімнен кеңес сұрарын білмейді. Әрине, интернеттен қарап, гүл сатушысынан білмегенін сұрап алуына болады. Дегенмен бәрібір маман үйге келіп, өсімдіктің жағдайын көріп кеткені жақсы. Солайша, мен сияқты бөлме өсімдігін күту жөніндегі мамандар жаңа кәсіп тауып алды, — дейді Ольга Шенцова.
Ольга 2017 жылы жылыжайға жұмысқа тұрады. Бірақ былтыр иығын шығарып алған соң ол жұмыстан кетіпті. Өйткені ондағы 4,5 мың өсімдікті қажет күйде күте алмайды. Қазір жеке консультант болып істеп жүр.
Аптасына кем дегенде 3-4 рет гүл күтуге қатысты шақырту аламын. Біреу аса үлкен өсімдіктің құмырасын ауыстырып беруді немесе бірнеше құмыраға бөліп отырғызуды сұрайды. Болмаса, ауырып қалған гүлдерін көрсетеді. Үйге барып өсімдікті күту 5 мың теңгеден басталады. Баға үйдің алыс-жақындығына, өсімдік түріне, саны мен оған қандай күтім жасау керек екеніне қарай өзгереді. Қазір бұл қызметтің құны артып жатыр, бірақ мен бастапқы бағаны ұстап тұрмын. Бұл жұмыста маған әзірше ақша аса маңызды емес. Үйде тек 30-ға жуық гүлім бар. Олардың жағдайын күнде жасаймын. Сосын өсімдікке қатысты шаруа бітіп қалады, ал қолым тағы да басқа гүлдерге күтім жасағысы келіп тұрады. Сол себепті консультацияға шақырған адамдарға қуана барып, өсімдігін көргенше асығамын, — дейді маман.
Ольга онлайн консультация да береді. Оның бағасы 500-1500 теңге арасында. Ол үшін әуелі гүлдің қазіргі фотосын алып, оған қандай күтім жасалып жүргенін біледі. Соған сай не істеу керек екеніне кеңес береді. Кейін сол өсімдіктің жағдайын сұрап тұруды да ұмытпайды екен. Оған қоса, түрлі ұйым офистегі, мейрамханадағы гүлдерге қарайтын адам жалдайды. Бұл — айлық қызмет. Ольга мұндай қызметтің 50 мың теңгеден басталатынын айтады.
Бұл бағаларды Ресейдің гүлге күтім жасау жөніндегі ұйымдары, мамандары ұсынатын қызметке қарап қойдым. Өйткені біздің елде мұндай қызмет өте аз. Содан кейін өзімді клиенттің орнынан қойып көрдім. Гүлімнің жағдайын айтып, құмырасын, топырағын ауыстыратын адамға қанша теңге төлер едім деп ойладым. Солайша, орташа баға шықты, — дейді Ольга.
Ольга маман кеңесін бұлжытпай орындаса, гүл иесі өз бетінше кез келген өсімдікті аурудан сақтап, солудан құтқарып қала алатынын айтады.
Әуелде бұл хобби еді. Қазір қанатты кеңірек жаю керек екенін түсініп отырмын. Биыл денсаулығыма байланысты консультация беретін жұмысымды жалғастыра беремін. Келер жылдан бастап бизнес бастаймын. Әзірше, оны қалай бастайтынымды жоспарламадым. Идея уақыт келгенде өзі туады. Кез келген хобби бизнеске айналуы қажет. Өйткені ол басқа жолмен өспейді, — дейді өзі.
Ольга гүл күтіміне қатысты консультация беруден түскен пайда өмір сүруіне жетіп жүргенін, қалғанын бизнес ашуға жинап жатқанын айтты.
Бөлме өсімдігін күту тәртібін қайдан білуге болады?
Маман жылыжайда әр өсімдікті зерттеп, ақпарат іздеп жүретін.
Адамдар бізге хабарласып, белгілі бір бөлме өсімдігі күтімін сұрайды. Сонда мамандардан сұрап, гуглдан оқып, білгенімді айтып беретінмін. Сөйтіп көптеген бөлме өсімдігі күтімін үйреніп алдым. Бірінші, гүлдің шыққан тегін білу қажет. Мысалы, кактусты алайық. Олар құмды жерде өседі. Сондықтан сол жақтағыдай жағдай жасау керек. Күн көп түсетін жерге қоямыз, суды аз құямыз. Топырағы құмнан, тастан болады. Кактусқа су бүркіп тұруға болмайды. Өйткені оның табиғи ортасында дымқыл ауа жоқ. Кактус бойына көп мөлшерде дымқыл жинап алады, сөйтіп құрғақшылықтан қорғанады, — дейді Ольга.
Қазір интернетте мамандар әр өсімдікті қалай күту керек екеніне қатысты түрлі пікір білдіреді. Ең дұрысы — Уикипедияға сүйену. Сол жерден өсімдіктің шыққан тегін оқып алып, соған сай күтім жасауды ұсынатын маманның айтқанын істеген жөн.
Бөлме өсімдігін жаңадан бастағандар нені білуі керек?
Гүл өсіруді енді бастаған адам шырмауық пен хлорофитум өсірсе болады. Әсіресе, хлорофитумге күтім жасау оңай. Суды қашан құю керек екенін жапырағының түсіне қарап білуге болады. Жапырағының түсі ашық бола бастаса, су жеткіліксіз деген сөз.
Ол көбіне бала-бақшада, балалар бөлмесінде тұрады. Өйткені бөлмені басқаларына қарағанда кислородпен көбірек толтырады.
Гүлдің шаңын тұрақты сүртіп тұру қажет. Шаң өсімдіктің ұсақ тесіктерін бітеп тастайды. Содан ол қажет мөлшерде жарық, жылу ала алмай, сола бастайды. Мен жазда шаң сүртудің орнына су бүркимін. Қыста жұмсақ дымқыл матамен сүртіп отырамын. Микрофибрадан тігілген шүберекті пайдаланамын, — дейді маман.
Бөлме өсімдігін өсіруге қажет құрал-жабдықтар мыналар:
- лейка;
- су бүркігіш;
- топырақ араластыратын шұңғыл ыдыс;
- қолғап;
- жүзі өткір қайшы; Қайшыны пайдаланбас бұрын спиртпен сүрту керек. Шырыны улы өсімдіктер болады, соның бірі — диффенбахия. Оның артық сабағын қиған соң, сол қайшыны басқа гүлге пайдаланса, әлгі гүл солып қалады.
Гүлдің топырағына назар аудару қажет. Мысалы, антуриум (мужское счастье) гүлі тропикалық аймақта өседі. Демек оның топырағы да сол аймаққа тән болуы шарт. Бақшадан тамырымен қазып алып, құмыраға отырғызып қою жеткіліксіз.
Топырағына жапырақ, қабық қалдықтарын араластырамыз. Агроперлит қосамыз, ол дымқылды бойына жинап, ақырындап топыраққа береді. Тыңайтқыш ретінде аздап ағаш көмірін қосады. Олар өсімдікті керек емес қалдықтан тазартады.
Әрине, гүл бақшадан әкелген топырақпен-ақ солмай тұра беруі мүмкін. Дегенмен өсімдік те адам сияқты. Әркімнің-ақ кең, барлық жағдайы жасалған үйде тұрғысы келеді. Өсімдікке де жайлы жағдай жасау қажет, — дейді Ольга.
Сингониум Пинктің күтімі қандай?
Бұл гүл «Сингониум пинк» деп аталады. Оған аса көп күтім қажет емес. Бастысы, жарық жақсы түсетін жерге қою керек. Мына гүлдің бір шеті жасыл, қалғаны түгел қызғылт. Жасыл боп тұрған жеріне жарық аз түскен. Сингониум пинк үйімдегі солтүстік балконда тұрады. Балкон ашық, күн түспейді, бірақ жарық жақсы түседі, — дейді Ольга.
Сингониум пинктің сабағында тамыршалар шығып қалыпты. Бұл — өсімдіктің сол сабағын қиып алып, бөлек отырғызуға болады деген сөз. Әрине, әуелі суға салып, тамырлатып алу қажет. Болмаса, гүлдің бойына тірек орнатып, әрі қарай осы құмырада өсіре беруге болады.
Бұл гүл суды да жақсы көреді. Топырағы ылғи дымқыл болып тұруы қажет. Күн сайын су бүркіп тұру керек.
Балконымда 30-дан аса өсімдік бар. Оларға күнде су бүркимін. Бір күнде 2 литрлік су бүріккішім таусылады. Өткенде Алматыда күн қатты ыстық болып, күніне 4-5 рет су бүркіп отырдым. Өйткені олар ашық балконда тұр, жылдам құрғайды, — дейді маман.
Су бүркуді қажет етпейтін гүлдер де ар. Мысалы — кактустектес өсімдіктер. Ал қалған өсімдікке су бүрки беруге болады.
Фикус Али — күтімі оңай, төзімді өсімдік
Бұл — фикус али. Көбіне офистерде жайқалып тұратын гүл — осы. Офистерге қоятын себебі, күтімі жеңіл әрі өте төзімді өсімдік. Ольга «өлмейтін өсімдік» деп айтады.
Жапырақтары жіңішке болғанымен, фикус али ағаш болып өседі. Бөлме жағдайына тез бейімделеді және жылдам өседі. Бір жыл ішінде кішкентай қалемшеден (черенок) 1,5 метрге дейін өсіп кете алады. Тұрақты суарып, су бүркіп тұрса, болғаны, — дейді маман.
Ольганың қолындағы фикус али тамырлап кетіпті. Бұл өсімдікті үлкенірек құмыраға ауыстыру керек екенін білдіреді.
Гүл құмырасын өсімдіктің тамыр жүйесі мөлшеріне қарай таңдау керек. Мысалы, мына фикус алиді диаметрі қазіргі құмырадан 1,5-2 сантиметр үлкеніне ауыстыру керек. Одан үлкенін таңдар болса, гүл кері кетіп, сола бастайды, — дейді ол.
Бөлме өсімдігі не үшін қажет?
Гүлдердің, ең әуелі, екі түрлі пайдасы бар. Біріншісі, үйдің сәнін кіргізіп тұрады. Екіншісі, ауаны кислородқа толтырады.
Кей өсімдік ауаны токсиннен, формальдегидтен тазартады. Ондай өсімдіктерді асханаға қоюға болады. Токсиндерді бойына сіңіріп, өңдеп, өзі кислород бөледі.
Гүлмен әңгімелесу қаншалық маңызды?
Таңертең ұйқыдан тұра сала, балкондағы гүлдеріме барамын. «Қайырлы таң! Жандарым менің! Қалың қалай?» деп амандасып аламын. Қатты ауырып жатқан бір гүлім бар. Бірінші соған барып, жағдайы қалай екенін сұраймын, — дейді Ольга.
Оның айтуынша, гүлді жақсы көретін адам онымен арнайы уақыт бөліп әңгімелеспейді. Бұл — саналы емес әрекет.
Мен гүлге өсімдік ретінде қараймын. Ол қандайда бір жансыз зат емес. Оған қандай энергия берсем, ол соны маған қайтарады. Гиппеаструм деген гүлім болды. Пиязды өсімдік. Тамырлап кеткен соң оны үш құмыраға бөліп отырғызып қойғам. Біріншісіне Марфа Ивановна, екіншісіне Алексей Петрович, соңғысына Сергей Анатольевич деп ат қойып алдым. Олармен есімдерін атап әңгімелесетінмін, — дейді ол.
Кей өсімдіктің «бақытсыздық әкелетіні» немесе «байлыққа жеткізетіні» рас па?
Жұрт арасында әйелдерге бақыт әкеледі, ерлерге бақыт әкеледі деп саналатын гүлдер бар. Шырмауықты көбі бақытсыздық әкелетін гүл дейді.
Өз басым мұндайға сенбеймін. Иә, самокаттан құлап, иығымды шығарып алдым. Бірақ ол жағдайдың шырмауыққа қатысы шамалы. Өйткені шырмауықтың үйде өсіп тұрғанына 2 жыл болды, — дейді Ольга.
Ольга Шенцова өсімдік қатты ұнап тұрса, ол о баста-ақ жамандық әкелуі мүмкін емес екенін айтады. Неге сенсең, сол болады. Шырмауық жамандық әкеледі десең, бір жамандық болуы мүмкін. Өйткені гүл айна сияқты, бергеніңді өзіңе қайтарады.