Арайлым киім-кешек пен үйге керек бұйымдарды Aliexpress, Alibaba және Joom сияқты онлайн дүкеннен сатып алады. Оның айтуынша, қазақстандық дүкендер де тауарды осы секілді шетелдік ресурстардан алып, бізге қымбатырақ сатады екен.
Қытайлық онлайн дүкендерден киім аламын. Базардағы саудагерлер болсын, сауда орталықтарындағы дүкендердің қызметкері болсын — бәрі тауарды шетелден әкеледі. Пайда көру үшін қымбаттатады. Дайын сайттар тұрса, тауарды өзің алуға мүмкіндік болса, несіне екі есе шығындаламын? Осындай оймен киетін киіміме өзім тапсырыс беруді бастадым. Тәуекелден қорықпайтын адаммын. «Тауар ойдағыдай болмаса, шақ келмесе, қаражатым босқа кетсе, зат жетпей қалса, қайтемін?» деп ойламадым, — дейді Арайлым.
Дүкенді онлайн аралап, киім таңдап жүрген төрт жыл ішінде Арайлым бірде-бір келеңсіз жағдай болмағанын айтып отыр.
Қазақстандағы дүкендермен салыстырғанда киімді арзанырақ аламын. Сапасы да жаман емес, дұрыс таңдаймын. Тек бір айдай күтемін. Сол үшін күз басталмай тұрып, жылы киімге қазір тапсырыс беріп қоймақпын, — дейді ол.
Ақпарат үшін: Aliexpress дүкенінен тауарды таңдайсыз. Банк картасының мәліметін енгізесіз. Қаражатты алып қалады. Әрі қарай тауар 25-30 күнде Қазпошта арқылы келеді. Тауардың өзіне төлесеңіз, жеткілікті. Әдетте жеткізу тегін.
Арай өзіне қажет затты онлайн алудың мынадай тиімді тұстарын атады:
- Уақыт үнемдейсіз. Дүкенге шығу үшін киініп, бояну керек. Сосын транспортпен барасыз, бәленбай сағат ішін аралайсыз, киіп көресіз. Осының бәріне уақыт кетеді. Ал онлайнда тез таңдап, тапсырыс бересіз.
- Күш үнемдейсіз. Дүкен аралау — шаршататын іс. Сауда орталығындағы шу, музыка, ығы-жығы адам одан сайын қажытады. Ал онлайн дүкенге кіріп, беттерді ақтарып, тапсырыс беруге айтарлықтай көп күш кетпейді.
- Қаражат үнемдейсіз. Қазақстанда шикізат болмауына байланысты әлдебір дүниені шығару қиын. Сондықтан саудагерлер тауарды шетелден әкеледі. Олар әлбетте үстіне қосады. Ал мен сол елдердің онлайн дүкенінен бірден алып, қаражатымды сәл болса да үнемдеймін.
- Ақтөбеде тұратындықтан бізге келетін тауарлар маған ұнамайды. Ал шетелдік сайттардан өзіме ұнаған киімді таба аламын. Осы ретте «Қытайдікі болса, нашар» деген таптаурын түсінік бар. Негізі олай емес, Қытайда да сапалы дүние көп.
Онлайн саудада байерлер бар. Байер – киім таңдаудан хабары бар, тауарды алып, жеткізіп беретін адам. Олар шетелдік компаниялармен келісімшарт жасап, тауарды жан-жақа жеткізеді. Олардың арасында да сайт арқылы тапсырыс беріп, онлайн сауда жасайтындар бар.
Бір рет байер арқылы Америкадан аяқкиім алдым. Қымбатырақ шықты. Аяқкиімге 20 мың теңге, жеткізуіне 15 мың теңге жұмсадым. Бірақ өкінбеймін. Себебі ондай аяқкиімді Қазақстаннан дәл мұндай бағада таппаймын, — дейді респондентіміз.
Арайлым жоғарыда атап өткен дүкендерден басқа ақпараты тек қытайша берілген сайттарды да біледі екен. Тек ол жақтан тауар алу үшін біраз еңбектенуге тура келеді. Оның айтуынша, бетті аударып, сайтты түсініп, қолдануды білсең, өзіңе керекті әлдеқайда төмен бағада алуға мүмкіндік бар.
Екінші респондентіміз Ақжүніс шетелден тауарды онлайн алып, оны Қазақстанда сатады. Алғашында қаржылай тәуелсіз болуды, бизнеспен айналысуды армандап, онлайн саудадан бастағанын айтып отыр. Бастапқы кезде Aliexpress-тен әшекей бұйымдарға тапсырыс беріп, Instagram парақшасында жарнамалапты. Саудаға шығарған сырға-жүзіктерінің жартысын ғана сата алыпты.
Кейін қыз-келіншектердің киімін сатқым келді. Осы мақсатта «Қытаймен бизнес» деген ақылы курсты оқыдым. Қытайдан тауар алдырдым. 10 кардиганды Атырауға ұшып бара жатып, әуежайда фотоға түсіріп, парақшамда жарияладым. Бәрі үш сағатта сатылып кетті. Қазір не қаласаң, сол алдыңнан шыға келеді ғой. «Саудамен айналыссам» деп жүргенде әлеуметтік желіде «Қытаймен бизнес» деген жарнамалар шыға келді. Бәрі солай лезде басталды. Тауардың сапасын ойлап жатпадым. Тәуекел жасап, тауар ала бердім, — дейді ол.
Ақжүніс сататын тауарын арнайы жарнамаламаған. Бәрін Instagram-дағы парақшасына жүктеп, клиенттермен желі арқылы байланысып, кішігірім саудасын жасай берген. Ал жақында Түркиядан тауар алыпты. Бірақ ол әлеуметтік желі арқылы өте қоймаған. Сондықтан барған жерінде киім сататынын айтып, көрсетіп, сатуға тырысқан, одан бөлек таныстарына тауарды беріп жіберіп те өткізіп көрген. Өзінің айтуынша, бұл жолғы тауар баяу өтті.
Ақжүністің ойынша, онлайн сауданың мынадай тиімді тұстары бар:
- Офис жалдап, оған қаражат жұмсамайсыз. Бәрін үйде отырып-ақ істеуге болады.
- Тауар мен оны жеткізуге төлесеңіз, болғаны. Тек жеткізетін адамдар сенімді болуға тиіс.
Тауарды онлайн сатудың кемшіліктері:
- Клиент затты келіп, ұстап көре алмайды. Көбіне сыртынан ғана көріп, киіп көрмей алуға тура келеді.
- Тауардың ойдағыдай жететініне ешкім кепіл бола алмайды. Түгел келмеуі, жыртылған болуы мүмкін. Басында тәжірибе жоқ кезде бәріне дайын болуға тура келеді. Кейін көп нәрсені білген соң қорықпауға болады.
Шетелден қандай тауар алса, өтеді?
Ақжүністің айтуынша, саудамен айналысатын адам балалар киімін сатса, ұтылмайды. Оның ойынша, кез келген ата-ана өзіне ештеңе алмаса да, баласына жақсы бұйымды алғысы келіп тұрады. Осы жағынан балалар киімін өткізу оңайырақ. Шетелде тауарды біздегіден төмен бағада алуға болады Үстіне нарықтағы бағасымен сай болатындай қоссаң, соның өзінен біраз қаражат табуға болады екен.
Қыз-келіншектер мен балалардың киіміне қызығамын. Оның да сапалысын сатқым келеді. Сондықтан Түркиядан тауар алып, әлі де саудамен айналысуды жоспарлап отырмын, — дейді ол.
Байер арқылы тауар алу
Ақжүніс те байер арқылы зат алып көрген. Мұндай қызмет ұсынатындар клиентке хабарласады, тауарды бірге таңдайды, оны қаптап береді. Сосын діттеген мекенжайға жеткізеді. Байердің қызметіне әдетте 10% қосылады.
Егер шынымен сапалы өнім сатқыңыз келсе, онда байер арқылы алу сіз үшін тиімді. Бәрін ойдағыдай жеткізеді, әдетте сапалы заттарды таңдауға мүмкіндік бар, — дейді респондент.
Қытайдан тауар алу
Қытайдан зат алып, сатқыңыз келсе, түрлі сайт бар. Алайда басым көпшілігінде ақпарат қытайша жазылған әрі оған арнайы банк картасы керек. Мұндайда сол сайттарды түсінетін, қандай жұмыс істейтінін білетін адамдар көмектесе алады. Олар Қытаймен сауда жасап үйренген, қытай тілі мен онлайн сауда жүйесін біледі.
Мұндай қызмет ұсынатын адамдармен оңай байланысуға болады. Қандай тауар керек екенін айтып, сайт сілтемесін жіберсеңіз, жеткізіп береді, — дейді Ақжүніс.
Тағы оқыңыз: Қазақстандықтар онлайн-дүкеннен қандай тауарлар алып жатыр?