Қазақстанда жем-шөпті сыртқа шығаруға тыйым салынуы мүмкін

Құжатта жем-шөпті Қазақстан аумағынан әкетуге алты ай мерзімге тыйым салу көзделіп отыр.

НҚА порталында ел аумағынан әкетуге тыйым салынатын тауарлардың тізімі көрсетілген. Олар пішен, пішендеме, сүрлем, тұқымдық сұлы, басқа да сұлы, тұқымдық қарабидай, басқа да қарабидай.

Бұйрық жобасы 6 тамызға дейін қоғамдық талқылауға шығарылды.

10 шілдеде үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев жем-шөпті ел аумағынан шығаруға уақытша тыйым салу қажет екенін айтты. Оған Маңғыстау және Қызылорда облыстарындағы құрғақшылық пен малдың қырылуы себеп болды. Мемлекет басшысы осындай күрделі кезеңде ауыл шаруашылығы министрлігі тиімді жұмысты ұйымдастыра алмағанын атап өтті. Сол себепті Қасым-Жомарт Тоқаев осы салаға бірден бір жауапты тұлға ретінде Сапархан Омаровты қызметінен босату туралы шешім қабылдады.

Бұған дейін премьер-министр Асқар Мамин Маңғыстау облысына барып, облыстағы құрғақшылықтан зардап шеккен фермерлік шаруашылықтарға көмек көрсетуді тапсырды.