Аутизмі бар балалардың мінез-құлқы ерекше болып келеді. Педагог-психолог Айнұр Нурованың айтуынша, «Әр бала мектепке лайық» жобасы бойынша инклюзив мектепте сабақ беретін әріптестері мұндай баланың кейбірі басқа оқушылармен бір класта оқуға қиналатын байқаған. Сол себепті қазір аутизмі бар балалар ең әуелі ABA (Applied behavior analysis) методикасынан өтеді.

ABA — баланың мінез-құлқын бейімдеуге көмектесетін, өмірде әр адамға қажет қарапайым дағдыларды үйрететін әдіс.

Бізге көбіне өзін басқара алмайтын балалар келеді. Есеп-қисапты жақсы білуі мүмкін, бірақ өз қалауын айта алмайды, сұрай алмайды. Көбейту кестесін білсе де, сабақ үстінде  айғайлап жібереді. Ерекшелігі бар ол баланы басқа оқушылармен бірге оқыта алмаймыз. Себебі ондай жағдайда оқу барлық оқушыға зиян. Сондықтан мамандар ең әуелі баланың мінез-құлқымен жұмыс істеуді жөн көреді, — дейді педагог.

Айнұр Нурова. Фото жеке архивінен.
Айнұр Нурова. Фото жеке архивінен.

Маманның айтуынша, бұл әдісте баланы партаға отырғызып қойып, ақпарат бермейді. Көбіне қарапайым қажет дүниелер үйретіледі. Мысалы, дәретханаға бару, беті-қолды жуу, адамның көзіне тік қарау, әлдене ұнамаса, айғалап қашудың орнына, сұрау немесе айту. Сонымен бірге методика баланы жазалауға қарсы.

Аутизмі бар бір оқушы болды. Өте ақылды, жазады, сызады, есеп шығара алады. Бірақ тақтадағыны дәптеріне көшіріп үлгермесе, барлық киімін шешіп, жерге отырып жылайды.

Бала өз ісінің дұрыс емес екенін білмеуі де мүмкін. Бірақ кластастарының алдында күлкіге қалуына педагог ретінде жол бере алмаймыз. Ең бастысы, қоғаммен араласуды, өз-өзіне қызмет көрсетуді үйрету — міндетіміз, — дейді мінез-құлық аналитігі.

* * *

Мақсаттың анасы — Сабира. Нұр-Сұлтандағы № 34 балабақша: Ерекшелігі бар балаларымыз үлкен өмірге дайын болады деген сенімдемін

«Болашақ» ашқан кабинетке айтар алғысым шексіз. Келген күннен бастап балам үйге кеткісі келмей жылады. Барған жері қатты ұнаған. Күмісай және де тьюторларға үлкен рахмет. Аз уақыт болса да, балам біраз жағымды тұсын көрсетіп үлгерді. Күтуді, адамның көзіне тік қарауды, бір орында ұзақ отыруды үйренді, сабаққа деген құлшынысы пайда болды. Мамандардың еңбектері елеусіз қалмасын. Олардың арқасында ерекше балаларымыз үлкен өмірге дайын болады деген сеніммен жүрмін.

* * *

Педагогтың сөзінше, бүгінде ерекшелігі бар балаларды жан-жақты дамытуға арналған басқа да әдіс-тәсіл көп. Әрқайсының пайдасы орасан зор.

Томатис, холдинг, арт-терапия, музыка терапия секілді түр-түрі бар. Әр баланың қабілеті мен қызығушылығына қарай оларды да қолданамыз, — дейді Айнұр Нурова.

Фото: «Болашақ» корпоратив қоры

Дегенмен педагог-психолог әр баланың ақпарат қабылдауы әртүрлі екенін айтады. Сол себепті ата-ана баласының жетістігін өзге оқушымен салыстырмағаны жөн дейді.

Ата-ана баласы үшін ештеңені аямайтыны рас. Өкінішке қарай, осыны пайдаланатын кей пайдақор «Балаңызды біздің әдіс толық жазып шығады» деп сендіреді. Бірақ даун, аутизм секілді ерекшелігі бар балалар емделмейді, олардың тек денсаулығын, мінез-құлқын бейімдеуге тырысып, қоғаммен тығыз араласуға үйретуге болады. Басқалар істейтін алатын әрекетті, оқуды, жазуды үйретеміз. Сонымен бірге әр баланың қабылдауы әртүрлі. Бірінде қарқынды даму байқалады. Енді бірі сөйлей алмай кетуі де мүмкін. Ата-ана бәріне дайын болуы қажет және жақындары оларға қолдау көрсетуі керек.

* * *

Нұрқасымның анасы — Бибігүл, Ақтау №17 мектеп: Біз ұлымызды, ол бізді түсіне бастады

Нұрқасым аутизмі бар бала болғандықтан кәдімгі мектептер қабылдамай, қатты қиналдық. Сол кезде өзім тұратын қалада менің ұлым сияқты балалары бар ата-ананың басын қосып, бізге инклюзив мектеп керек екенін айттым. 2018 жылдың қыркүйегінде 5 отбасы «Әр бала мектепке лайық» жобасы бойынша баланы мектепте оқыту үшін Ақтауға көштік. Сол күннен бастап баламда прогресс байқалды. Ақырындап сөйлей бастады, оқиды, жазады, мінезі өзгерді, сирек ашуланатын болды. Біз ұлымызды, ол бізді түсіне бастады. Қазір балам өз бетімен мектепке бара алады, сұрақтарға жауап береді. Мұндай жобалардың одан әрі дамығанын қалаймын. Себебі әлі де аудан, қалашықтарда зәру ата-ана мен бала көп.

* * *

Маман ата-анадан аутизм және даму барысында басқадай ерекшелігі бар баланы ең әуелі өмірлік дағдыға баулуын және бұл істі ерте бастауды сұрайды.

Өкінішке қарай, кей ата-ана баласының оқудың академиялық базасын меңгергенін қалайды. Бірақ бала қоршаған ортада өзін-өзі ұстай алмаса, одан еш пайда жоқ. Әрине, ата-ана бала бойынан аутизм белгілерін туа сала байқай алмайды. Дегенмен дамуында мәселе бар екенін байқай сала, жұмыс істеу керек. Сонда балаға қоғамға бейімделу оңай болады, — деді Айнұр Нурова.