Біркомпонентті вакцина не үшін шығарылды?
Sputnik Light немесе “Спутник Лайт” — бұл SARS-CoV-2 вирусы тудыратын коронавирус инфекциясы профилактикасына арналған векторлық вакцина. Ол бұлшықетке 0,5 мл/дозада енгізіледі. Бұл — “Спутник V” вакцинасының бірінші компоненті. Оның тиімділігі — 79,4%, ал «Спутника V-дікі» 90% еді. Есесіне “Спутник Лайт” иммунизациясы тез, басқа вакциналардай 42 күннен кейін емес, 28 күннен соң тиімділік көрсете бастайды. Вакцина иммунизациясынан кейін күрделі жағымсыз реакция әзірше тіркелмеген.
Оны Ресейдің Н.Ф.Гамалеи атындағы Ұлттық эпидемиология мен микробиология зерттеу орталығы шығарды.
Ресейдің тікелей инвестициялар қоры хабарлауынша, бұл вакцина халықты вакцинациялау уақытын қысқартады және қоғамдық иммунитет қалыптастыруды жылдамдатады. «Спутник Лайт» қысқа мерзімде мүмкіндігінше көбірек адамға вакцина салу үшін шығарылды.
О баста адам организміне максимум иммуниген дәрежесін беру мақсат етілген еді. Солайша, екі компонентті вакцина ғана шығарылды. Ал ондай вакцина әуелі бірінші инъекция, одан біраз уақыт өткен соң екінші инъекция салған кезде қалыптасатыны белгілі. Сонда иммун әсері жоғары болады. Дегенмен оған ұзағырақ уақыт керек әрі қымбатырақ. Ал қазір адам организміне иммунитет әсерін барынша жылдамырақ беріп, қоғамдық иммунитетті тезірек қалыптастыру маңызды болып отыр.
Оның үстіне, біркомпонентті вакцинаны жылдам әрі арзан өндіруге болады. Бұл — 26 серотипті адамның рекомбинантты аденовирусы. Оған ген енгізгенде әуелі генді жасушалар өсіндісінде өсіреді. Олар сол жерде көбейеді. Бірінші компоненттегі ген, екінші компоненттегі генге қарағанда анағұрлым жақсы көбейеді.
Қазақстанда «Спутник Лайт» вакцинасына уақытша тіркеу куәлігі 8 айға берілді
2021 жылдың 12 шілдесінде Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті «Спутник Лайт» вакцинасына уақытша тіркеу куәлігін берді. Уақытша тіркеу куәлігі 8 ай мерзімге берілді.
Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасы Айжан Есмағамбетова Қазақстанда уақытша тіркелген «Спутник Лайт» вакцинасының ерекшелігі туралы былай дейді:
Қазақстанда “Спутник Лайт” вакцинасы уақытша тіркелді. “Спутник Лайт” – “Спутник V” сияқты вакцина, бірақ тек бірінші дозасы. “Спутник лайттың” сипаттамасы мынадай: ол 80% тиімділік көрсетті және екпеден кейінгі иммунитеттің ұзақтығы 6 айға дейін ғана сақталады. Қазір “Спутник Лайтты” халықтың таңдауына қарай қолдану жоспарланған – кім екі вакцина алғысы келмейді және оның қысқа иммунитетіне келіседі, сол азаматтарға “Спутник Лайт” егіледі.
Вакцинаны кімдерге салдыруға болмайды?
«Спутник Лайт» тек 60 жасқа дейінгі адамдарға салынады. Препарат компоненттеріне қатты сезімталдығы бар адамдар мен аллергияның ауыр түрімен ауыратындарға бұл вакцинаны салуға болмайды.
Ауыр дертпен ауыртындар немесе созылмалы аурулардың өршіген уағында аурудан жазылғанша немесе аурудың беті қайтқанша күтуі керек. Жүктілік кезінде немесе бала емізгенде босану мен емізудің аяқталуын күткен жөн. Оған қоса, кәмелет жасқа толмағандарға вакцина салынбайды.
Кей адамға вакцинаны салдыру-салдырмауды дәрігер шешеді
Жоғарыдағы тізіммен қоса, кейбір аурумен ауыратындарға «Спутник Лайт» вакцинасын салдыру-салдырмауды дәрігер шешеді. Ол пациент денсаулығына тиер пайда мен келер зиянды таразылап барып шешім қабылдауға тиіс.
Әрине, дәрігерлер вакцина салдыруға келген барлық адамды тексеруі керек. Дегенмен бауыр мен бүйректің созылмалы аурулары, эпилепсия, қатерлі ісік және басқа диагнозы бар адамдарға ерекше назар аударуы қажет.
«Спутник Лайтты» мына аурумен ауыратындарға абайлап салған дұрыс:
- бауыр мен бүйректің созылмалы аурулары;
- эндокриндік аурулар;
- қантүзілім жүйесінің ауыр аурулары;
- эпилепсия немесе орталық жүйке жүйесі аурулары;
- ауыр коронар синдромы және мидың қан айналымы ауыр бұзылысы;
- миокардит, эндокардит, перикардит;
- аутоиммунды аурулар;
- қатерлі ісіктің басталуы.
«Спутник Лайт» ревакцинациялауға қолданылуы мүмкін
«Спутник Лайт» қажеттік туындаған жағдайда қайта вакциналауға да пайдаланылуы мүмкін. Бұл дегеніміз — коронавируспен ауырып, жазылғанына 6 айдан асқан адамдарға салынатын вакцина. Бұл туралы Ресейдің Денсаулық сақтау министрлігі бас терапевті Оксана Драпкина айтты.
Қайта вакцина салдыру коронавируспен ауырып кеткендерге немесе оған қарсы екпе салдырғанынан 6 ай уақыт өткен адамдарға арналған. Екпе салар алдында организмдегі антидене деңгейін анықтау міндетті емес, — деді Оксана Драпкина.