— Мадина ханым, сіз телеарнада жұмыс істейсіз, университетте сабақ бересіз, бұған қоса, саяхаттап жүресіз. Бес балаңыз бар. Бір сөзбен айтқанда, сізді «универсал адам» деуге болады. Сіздің ойыңызша, нақты қай қырыңызды бағалап, «Қазақстанның 100 жаңа есімінің» бірі деп таныды?

— Биыл Білім және ғылым министрлігінен доцент дәрежесіне ие болдым және «Жас ғалымдар» байқауының жеңімпазы атандым. Өзім қызмет ететін университет басшылығы білім саласындағы осы жетістіктерімді айрықша бағалап, мені «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына ұсыныпты, бірақ бұл жобаға қатысып жатқанымды ешкімге айтпадым. Себебі оған 3000-ға жуық адам қатысып, тек 30-ы үздік атанатынынан хабардармын, яғни жеңіске жетуім екіталай деп ойладым. Дегенмен бір күні жолдасым жоба қатысушы екенімді біліп, дауыс бергенін айтты. Осылайша, жақындарым, туыстарым, достарым, әр саладағы әріптестерім қолдау көрсете бастады. Бір қызығы, қатысушылардың ішінде ең көп дауыс жинаған екенмін. Маған 14 000 адам дауыс беріпті. Мен үшін таңғаларлық жайт болды.

Адамдар түрлі хат жазды. Көбі көпбалалы аналарға, жалпы әйелдерге үлгі екенімді айтты. Көпбалалы ананың ғылым, педагогика, журналистика саласына үлгеруі, саяхаттауы мотивация беретінін айтты. Байқауда әйел ештеңеге қарамастан дами алатыны, белгілі бір жетістікке жете алатыны негізгі идеям болды.

Мадина Ашилова
Фото жеке архивінен

— Сіз тек саяхаттап қоймай, әр барған жеріңізден деректі фильм түсіріп келесіз. Журналистиканы саяхатпен байланыстыру қайдан келген идея?

— Мен телевизия журналисімін. 2006 жылдан бастап түрлі телеарнада жұмыс істедім. Бір кезде Қазақстан журналистикасы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент сияқты ірі мегаполистердің айналасында ғана екенін байқадым. Біздің журналистер көбіне осы қалалардағы оқиғаларды, жаңалықтарды хабарлайды.

2016 жылы теларна басшысы 9 мамыр — Жеңіс күніне орай жаңа жоба, сюжет дайындау керек екенін айтты. Жыл сайын ардагерлерге қалай сыйлық себетін беріп жатқанын, жастардың флешбомын көрсетеміз. Бұл жолы олай жасағым келмеді. Адамдарға жаңа дерек беру керек екенін түсіндім. Сөйтіп редакциямен Берлинге қарай жол тарттық.

Дәл сол жылы Мәскеудегі архив директоры «Панфиловшылар ешқандай ерлік жасамады. Мұның бәрі — миф» деп айтты. Соның кесірінен тіпті, біздегі Панфиловшылар атындағы саябақтың атауы өзгере жаздады. Журналистер деректің рас-өтірігін тексермей, ақпарат таратты. Тарихымыз туралы еш негізсіз мәліметтер таратқаны шамымызға тиді. Бұл мәселенің анық-қанығына жету үшін әуелі Мәскеуге барып, архив директорын іздедік. Соңында дәл осы сөзі үшін ол директорды жұмыстан шығарылғанын білдік. Ал Ресей азаматы жалған ақпарат таратқаны үшін Қазақстаннан кешірім сұрады. Бір ай бойы панфиловшылардың ерлігін толық зерттеп, тікелей эфирден көрсетіп отырдық. Олардың немере-шөберелерімен кездестік. Олар соғысқан Латвияда, Рақымжан Қошқарбаев ту тіккен Берлинде болдық.

Осыдан кейін жұмысымды саяхатпен байланыстырамын деп шештім. Сол кезде Алматы Nomad саяхатшылар тобын құрып, көлікпен шетелдің тарихи жерлерін аралай бастадық. Амстердамда, Орталық Азияның бірнеше елінде болдық. Кейін басшылық «басқа мемлекетті емес, өз жеріміздің түкпір-түкпірін аралап, халыққа көрсетейік» деген ой тастады. Қуана келістім.

Алматы Nomad саяхатшылар клубы жұмысымның аясында құрылғанымен кез келген қызығатын топ мүшесі бола алады. Қазіргі таңда клубта 900-ға жуық адам бар. Олар — тек Қазақстан емес, көршілес ел азаматтары. Клубтың ерекшелігі — көлікпен Қазақстан жерлерін аралауы, сол мекен туралы деректі фильм түсіруі. Мемлекеттен көп қаражат бөлінгенде студенттерді де экскурсияға алып барамыз.

— Қазақстанның қай өлкелерін араладыңыздар?

— Бұрын елдегі барлық тарихи жер, ерекше локация зерттелген деп ойлайтынмын, бірақ саяхаттау барысында қазақстандықтар білмейтін, аяқ басып көрмеген әлі көп ғажап, тылсым мекен бар екенін байқадым. Біздің клубтың мақсаты — туған жеріміздегі сол ерекше, әдемі локацияларды таныстыру, ішкі туризмді дамыту.

Мәселен, көбі Абайдың ауылына, музейіне барады, бірақ ауылына жақын маңда Қоңыр әулие деген ғажап үңгірдің бар екенін біле бермейді. Үңгір кең далада орналасқан, бірақ ішінде мөлдір, таза су аққан көл бар. Кезінде Абай тыныш жерде демалғысы келсе, осы үңгірге барған екен.

Бұл жерді Қазақстан азаматтарына қарағанда Ресей халқы жақсы біледі. Олар топ-топ болып келіп жатыр.

Тағы бір керемет локация — Батыс Қазақстанның ең шетінде орналасқан Бөкей ордасы. Қазақстандағы ең алғашқы мектеп, ең алғашқы газет, емхана барлығы осы жерде ашылған. Меніңше, бұл жер — біздің ел үшін ең маңызды стратегия объекті. Бірақ, өкінішке қарай, ол жаққа қызығып барушы аз.

Солтүстік Қазақстанда Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғанымның сарайы бар. Оны І Александр Шоқанның әжесіне арнап салған, бірақ сарайды Кенесары Қасымұлының әскері өртеп тастаған. Қазір ол сарайды бала Шоқанның салған суретіне қарап, қайта жөңдеген. Айтқым келгені — ерекше локацияны шетелден ғана іздеудің қажеті жоқ. Еліміздің әр өңірінде тарихи, табиғаты ерекше орын көп.

— Ішкі және сыртқы туризмді дамыту үшін не істеуіміз қажет?

— Журналист әрі саяхатшы ретінде айтарым, әуелі медиа арқылы тәрбиелік мәні бар бағдарламалар, деректі фильмдерді жиі көрсетуіміз қажет. Жастарға өз туған жеріне деген махаббатын ашуымыз керек. Өкінішке қарай, қазір жастар шетелде тек оқуды емес, сол жаққа бірден көшіп кетуді армандайды. Бұл — өте өкінішті жағдай. Егер біз медиадан өлкеміздің ғажап жерлерін көбірек насихаттасақ, отандастырымыздың туған жеріне деген патриот сезімі ашылар еді.

Мадина Ашилова
Фото жеке архивінен

Екіншіден, Қазақстан туризмін дамытудың бірден-бір жолы — табиғат. Өзбекстан халқы тарихи кесенелерін сақтап қалған, қазір соның арқасында олардың ішкі және сыртқы туризмі жақсы дамытып келеді. Ал қазақтар — көшпенді халық. Бізде мұндай тарихи кесене аз. Оңтүстік өлкеде ғана деуге болады. Есесіне, Қазақстанның табиғаты ерекше. Туризмді дамыту үшін табиғатқа мән берген абзал.

Сонымен бірге Қазақстан азаматтарына экомәденитетті үйрену керек. Өкінішке қарай, кей жерде қоқыс көп. Мысалы, Түркістанда Үкаш ата кесенесі бар. Онда адамдарды құдықтан қасиетті су шелектеп алады, бірақ артынан сол шелектерді, ыдыстарды жинамайды. Біз өз жерімізді аяламайынша, туризм дамымайды.

Үшіншіден — инфраструктура. Елдегі жол нашар, бір мекеннен екіншісіне жету қиын, тіпті, ең үлкен Алматы-Нұр-Сұлтан жолының жағдайы мәз емес.

Осы мәселелерді қарастырсақ, туризмді дамыта аламыз деп ойлаймын.

— Nomad саяхатшыларының жоспары қандай?

— Қазақстан жерлері туралы тағы да деректі фильмдер түсіріп, оны 12 тілге аударуды жоспарлап отырмыз. Кейін Еуропа, АҚШ елдерінде саяхаттап, студенттеріне елімізді таныстырғымыз келеді. Соған байланысты қазір шетел университеттерімен келіссөз жүргізіліп жатыр.

— Әңгімеңізге рақмет!