Қызылорда облысында төтенше жағдай жарияланды

Арал ауданының әкімі төтенше жағдайға байланысты қуаңшылық жағдайына күнделікті мониторинг жүргізілетінін айтты.

Бірінші кезекте 8 каналды тазалау жұмыстарын жоспарлап отырмыз. Ол Ақшатау, Қамыстыбас көлдер жүйесін ретке келтіруге септігін тигізеді. Сорадан Бұрмақұлақ тоспасын жасап, іске қосу керек. Қызыл аймақта орналасқан 15 су ұңғыманы қосуды да биыл атқарамыз деп отырмыз. Жанармай шығындарын өтейтін боламыз. Қажетті қаржының барлығы 1 миллиард 936 миллион теңге, — деді аудан басшысы Серік Сермағанбетов.

Оның айтуынша, оның бір бөлігін облыс бөлетін болады, қалғаны республикадан, яғни үкіметтің резервінен сұралады.

Бүгінде шөптің шығымына байланысты ауылдық округтер «қызыл», «сары», «жасыл» аймақтарға бөлінген.  Қыста шамамен 205 мың бас төрт түлік қолда бағылады деп жоспарланған. Оған 184 мың тонна шөп қажет.

Ауданға 2 мың 300 тоннасы ғана жеткізілді. Аудандағы шабындықтардан 36 мың тоннадай шөп дайындалады. Қалған 146 мың тоннасын сырттан тасымалдау жоспарланып отыр.

Қатты құрғақшылық

Айта кетейік, ауыл шаруашылығы министрлігінің жанынан жем-шөппен қамтамасыз ету және жедел ден қою мәселелерін шешуді үйлестіру үшін республикалық жедел штаб құрылды. Оның құрамына облыс пен аудан әкімдерінің орынбасарлары, Азық-түлік корпорациясы мен Бәйтерек холдингі ұйымдарының басшылары кірді.

Бұған дейін Маңғыстау облысында жылқылар аштан қырылып жатқаны хабарланды. Сондай-ақ Қызылорда облысының Арал ауданында құрғақшылықтан жүздеген ірі қара мал қырылып қалды.

10 шілдеде үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау және Қызылорда облыстарындағы қуаңшылыққа байланысты ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер тарапынан тиісті шаралардың қолға алынбағанын ерекше атап өтті.

Президент жүйелі әрі нақты жұмыс атқарылмағанын айтты. Соның кесірінен шаруаларымыз тығырыққа тіреліп отыр. Нақты іс-әрекет пен кері байланыс жоқ, деді Тоқаев. Фермерлер көмек сұрап, тікелей президентке өтініш айтып жатқанын жеткізді. Мемлекет басшысы қуаңшылық табиғи жағдай екенін атап өтті. Алайда оның пікірінше, осындай күрделі кезеңде министрлік бұл жұмысты тиімді ұйымдастыра алған жоқ.

Сондықтан осы салаға бірден бір жауапты тұлға ретінде министр Сапархан Омаров отставкаға кетті.

Үкіметінің қаулысымен Ербол Қарашөкеев ауыл шаруашылығы вице-министрі – министрінің міндетін атқарушы лауазымына тағайындалды.

ДереккөзSputnik.kz