«Мед Исмаил» омарталары Қазақстанның бірнеше өңірінде бар. Көкшетауда 40, Өскеменде Сергей Синельников деген омарташымен бірге 600, Меркіде Довгань деген омарташымен бірге 2,5 мың, Жетісайда Ермек Құсабекпен 200 омарта ұстайды. Түркістан облысының Машат ауылында тағы 200 омарта бар. Бал бүкіл Қазақстанға жеткізіледі.
Бал алып, оны сату — маусымдық кәсіп. Тек күннің жылы уағында айналысуға болады. Ал күн суықта аралар ұясында қыстап шығады. Бал жинау маусымы сәуір айында басталып, қыркүйектің соңына дейін созылады.
Бір маусымда әр омартадан 70-150 келі арасында бал алынады. Соның шамамен 10 келісін араның қыстап шығуына қалдырамыз. Араға аса бір күтімнің қажеті жоқ. Бастысы, бал жинайтын гүлін тауып, қыстайтын орнын жасап берсең болғаны. Өйткені аралар кез келген жерге бейімделіп кетеді, өмір сүру қабілеті мықты, — дейді Исмаил Құттықожа.
Аралар қыста көбеймейді, керісінше, суықтан өзін сақтап шығады. Күн жылынғанда көбейе бастайды, бал жинайтын қарт аралар орнын жас араларға береді.
Омарташылардың көлікке жалғайтын үлкен арбасы болады. Арбаға омарталарды салып, гүлі көп аймақтарға көшіп жүреді. Өйткені бір жердің гүлінен ғана бал жинау тиімсіз.
Бірақ омарташының әдеттегі арбасына аз ұя сыяды. Бір арбаға көп ұяны қалай орналастыруға болады деп ойлаушы едім. Ақыры арба үстіне ара павильонын салып алдым. Біреуден қарыз ала тұрып, павильонның арбасын сатып алған едім. Ал павильонды толық жасап біткен түні ұйықтай алмай шықтым. Жарты сағат көз ілем де, терезеден арбама қараймын. Жасап шыққаныма риза болып, қайта көзім ілінеді. Содан кейін қайта тұрып, тағы қараймын. Сөйтіп, ұзындығы 5 метр арбаға 40 ұя сыйғыздым. Қазір сол бір арбамды кәдімгі көлігіммен сүйреп жүре берем, — дейді омарташы.
Балдың табиғи екенін қалай білуге болады?
Балды ағызғанда бәрі сұйық болады. Оның табиғи не жасанды екенін білу үшін 1-2 ай күтуге тура келеді екен.
Табиғи бал осы уақыт ішінде міндетті түрде қоюланып, кристал сияқты болуы керек. Түйіршік, болмаса майда түйіршік, майлы болып кристалға отыруы қажет. Олай болмай, сұйық күйінде қалса, бал жасанды деген сөз. Негізі көбі керісінше ойлап, қателеседі. Одан кейін табиғи бал суда жылдам ерімейді, — дейді омарташы.
Жұрт «майский бал» деп айтатын мамыр айындағы бал әдеттегілерден кристалға ұзағырақ отырады. Мамырда орман акациясынан жиналған балды ғана қоюланбайды деуге болады. Дегенмен қыстың ортасында ол да ақырын қоюлана бастауы мүмкін.
Негізі мамыр айында алынған балдың қоюлануына 3-4 ай кетеді. Осынша уақыт бойы сұйық болып тұратындықтан, халық балдың осы түрін алуға ұмтылады.
Жасанды бал біздің саудамызға кесірін тигізеді. Олардың бағасы төмен, сол себепті табиғи балға лайық баға қоя алмаймыз. Әйтпесе, біздің балымыз өтпей қалуы мүмкін, — дейді Исмаил Құттықожа.
Балдың қандай пайдасы бар?
Негізі бал сәуірдікі немесе тамыздікі деп бөлінбейді. Бал алынған өсімдігіне қарай монофлорлы және полифлорлы болады. Монофлорлы деп өсімдіктің тек бір түрінен алынған балды айтады. Полифлорлы деген — көп өсімдіктен жиналған бал. Оны омарташылар мен балды көптен тұтынатындар жақсы айырады.
Исмаил Құттықожа әр гүлден алынатын балдың пайдасы мен бал алынатын өсімдік ерекшелігі туралы айтып берді:
- Кез келген табиғи бал адамның иммунтитетін көтереді.
- Мақта балы тұмау жұқтырып, суық тиіп ауырғанда жақсы көмектеседі. Қақырық шығарады. Ангинаға бірден бір ем. Басқа гүлдің балынан ерекшелігі тонзиллит ауруына қарсы пайдаланылады. Балдың бұл түрі кристалға жылдамырақ отырады.
- Түйежоңышқа (донник) балын көбіне Сібір аймағына жататын Көкшетау мен Қостанайдан табуға болады. Шығыс жақта да бар, бірақ балының түсі сары, ал солтүстік өңірдегісінің түсі ашық келеді. Бірнеше айдан соң кристалға айналғанда аппақ болып шығады. Түйежоңышқадан бал жыл сайын жиналмайды. Бірінші жылы өсімдіктің гүлі аз болады, оған аралар қонбайды. Келер жылы гүлі жайқалып, бал жинауға келеді. Балдың бұл түрі қан қысымын тұрақтандыруға әсер етеді.
- Жетісайдағы жантақтан алынатын балдың түсі ақшылдау келеді. Ол бауырға пайдалы. Қанды тұз бен уыттан тазартады.
- Павлодардағы қарақұмықтан алынған балдың түсі қою қоңыр болады. Оның құрамында темір көп, сол себепті қанның гемоглобин деңгейін көтереді.
- Өскемендегі күнбағыс балының түсі сары. Ол асқазан-ішек жолдары жұмысын жақсартады. Көбіне оны язваны, асқазан жарасын емдеу үшін пайдаланады.
- Эспарцет өсімдігінің балы ер адамның денсаулығына пайдалы. Оның құрамында В9 витамині бар. Бұл — простатитке қарсы ем. Балдың бұл түрі қанды сұйылтады.
Бал жеу әдебі қандай?
Балды сол күйінше ауызға салып, жұта салды делік. Асқазанда асты ерітетін тұз қышқылы болады. Бал соның ықпалына түсіп, құрамы өзгереді. Солайша организмге табиғи күйінде сіңбей қалады.
Бал жеудің екі түрлі әдісі бар. Біріншісі, балды ауызға салған соң бірден жұтпау керек. Тілге, ерін астына, таңдайға, тіл астына жағып, біраз ұстап тұрған жөн. Бұлай ететін себебі — бал организмге ауыз қуысындағы қантамырлар арқылы сіңеді. Кей дәріні дәрігерлер тіл астына салу үшін беретіні де содан. Артынан су, шай ішуге болады. Өйткені балдың тәттілігі ауыз қуысын тұтып қалады, — дейді омарташы.
Екінші әдісі — балды ерітіп ішу. Ол үшін жылы суға бір қасық балды қосып, араластырады. Таңертең аш қарынға, таңғы астан 15-20 минут бұрын сіміріп ішу керек.
Сонда бал асқазандағы тұз қышқылы ықпалына түсіп үлгермей бірден ішекке өтеді. Ішектен ағзаға тарайды, — дейді Исмаил Құттықожа.
«Мед Исмаил» балға жидек қосып та сатады
Полифлорлы балға қарақат, шие, манго, ананас қосып, жидек миксін жасауға болады. Соңында қантсыз тосап сияқты болып шығады. Қант орнын бал басады.
Бұл әдіс Еуропада жақсы дамыған. Мұндай микс бал жей алмайтындарға арналған. Балдың өз дәмі болады. Кей адам, әсіресе, балалар сол дәмін ұнатпай, жемей қояды. Сол себепті арасына түрлі жеміс-жидек қосып та сатамыз, — дейді кәсіпкер.
Исмаил Құттықожа балдан сабын дайындап сатады. Оны «балсабын» деп атайды, 20%-і балдан тұрады. Балсабынмен қолды жуғаннан кейін май жағудың қажеті жоқ. Оған қоса, безеу, қайызғаққа ем саналады.
«Омарташылықты қолға алуға бата алмай жүрдім»
Исмаил Құттықожа омарташылыққа бұрыннан қызыққанымен, оны қолға алуға бата алмай жүреді. Ондай арманының барын мойындауға қорыққанын айтады.
Павлодар облысының Ертіс ауданында малмен айналысып жүргеніз. Бір күні әріптесіммен келе жатып, жұпыны үйлердің алдынан өттік. Әлгі әріптесімнен мына үйлердің неге сонша нашар тұратынын сұрадым. Үйдің іші-сыртын реттеп, ақтап, қора-қопсыны жинап алуға болады ғой деп ойладым. Сонда досым: «Исмаил, олардың арманы жоқ», — деді. Ал менің арманым бар ғой. «Омарташылықпен кәсіби айналысу қолымнан келмейді» деп қорқып жүргенім бекер екен. Сосын кірісіп кеттім. Қазір арманым жүзеге асып жатыр, соған қуанамын, — дейді кәсіпкер.
Басында бір-екі ұя ұстап, одан кейін басқа омарташылардың жанында көмекші болып бастаған. Қазір жан-жақта серіктестері бар. Бір ғана Көкшетаудың балы аздық еткенін, оның үстіне, халыққа ассортимент жақсы өтетінін айтады.
Негізі омарташылықпен айналысып жүргеніме 15 жылдан асты. Қазір жұбайымыз екеуіміз айналысамыз, сүйікті істі кәсіпке айналдырғаныма 3 жыл ғана болды. Сосын Instagram-аккаунтын аштық, — дейді омарташы.
«Мед Исмаил» болашақта балды шетелге сатуды жоспарлап отыр.