БҚО-да «Күй құдіреті» домбырашылар сайысы өтті

Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қатысты.

Елорда күні қарсаңында, Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен, күйшілік дәстүр мектептері қалыптасқан, күй атасы Құрманғазы мен күй анасы Дина бастаған дүлдүл күйшілер мекен еткен Бөкей Ордасының 220 жылдығымен тұспа—тұс келген бүгінгі Сейтек Оразалыұлы бабамыздың 160 жылдығына арналған «Күй құдыреті» республикалық домбырашылар байқауы Ақжайық өңірін рухани серпілтті. Жылдың соңына дейін күй мерекесі Дина Нұрпейісованың 160 жылдық мерейтойы аясындағы шаралармен жалғаспақ. Ендеше, еліміздің егемен күнінде көкейге қонған қуаныш мерекесі — Ұлттық домбыра күні жасай берсін!, — деп құттықтады Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.

Солайша, Ұлттық домбыра күніне және күйші-композитор Сейтек Оразалыұлының 160 жылдығына арналған байқау мәресіне жетті. Сейтек Оразалыұлының есімін ұлықтап, төкпе күй мұраларын кеңінен насихаттап, республикамыздағы домбырашылардың кәсіби деңгейін шыңдауды және жас домбырашылардың жаңа есімін ашуды мақсат еткен байқауды облыстық халық шығармашылық орталығы ұйымдастырды.

Екі кезеңнен тұрған байқауға Алматыдан, Талдықорғаннан, Тараздан, Түркістаннан, Нұр-Сұлтаннан, Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан облысы аудандары және Оралдан 18-45 жас аралығындағы күйшілер қатысты. Тартысты өткен күй байқауын республика және облысымызға танымал мәдениет қайраткерлері, кәсіби күйшілерден тұратын қазылар алқасы бағалады.

Байқау қорытындысында бірінші орынға — атыраулық Қайрат Жұмағалиев, бас жүлдеге — шыңғырлаулық (БҚО) Азамат Қалиев ие болды. 2 күнге созылған байқауды ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» ордені иегері, күйші, қазылар алқасының төрағасы Ермек Қазиев түйіндеді.

«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ — домбыра» деп Қадыр ағамыз бекер айтпаған ғой. Сол домбыраның үнін елімізге, халқымызға өз деңгейінде жеткізіп, үлкен жол салып, композиторлығымен танылып кеткен Сейтек бабамыз еді. Көзін көрген, қасында жүрген үлкен кісілер маған Сейтек бабамыздың тек күйші ғана емес, қара күштің иесі болғанын жиі айтатын. Жас күйшілерге күй өнерін шыңдай беріңдер дегім келеді. Күй өнерінде дыбысқа мән беру маңызды. Әр күйді тартар кезде оның тарихын білген дұрыс. Сонда күйді бар болмысыңмен сезініп, халыққа жеткізе аласыңдар. Халқымыздың күй өнерін дәріптеп жүрген жас күйшілерге сәттілік тілеймін,- деді күйші-композитор.

Байқау жеңімпаздары арнайы дипломмен және ақшалай сыйлықпен марапатталды. Салтанатты шара соңы гала концерке ұласты.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ