Бұл туралы Нұр-Сұлтан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Карантин талаптарының сақталуын анықтайтын мониторингтік топтардың жұмысы күшейтіліп, тәулік бойғы режимге ауыстырылды. Егер мейрамханаларда/кафелерде және басқа да мекемелерде іс-шаралар өткізілсе, ол нысанның жұмысы тоқтатылады, — делінген хабарламада.
Сонымен бірге 4 шілдеден бастап Ashyq жобасы бойынша жұмыс істейтін тамақтану орындарының (мейрамханалар, кафелер) уақыты 02.00-ден 22.00-ге дейін (жабық жерлерде), ал сыртта, яғни есік алдында жұмыс істейтін тамақтану орындарының уақыты 02.00-ден 00.00-ге дейін қысқарады.
Сондай-ақ, жексенбіде қоғамдық көліктің жұмысы тоқтатылады. Бұл күні автобустар дезинфекцияланады.
Ashyq жобасын қолданбайтын фитнес-орталықтардың (йога орталықтары, т.б.) жұмысы аптаның барлық күнінде де тоқтатылады. Ал Ashyq жобасы бойынша істейтін фитнес-орталықтар (йога орталықтары, т.б.) дүйсенбі-жұма күндері жұмыс істесе, демалыс күндері тоқтатылады.
Қалада қатаң карантин шараларын енгізбес үшін ұжымдық иммунитетті дамыту қажет. Ал ұжымдық иммунитеттің үлесі 60%-тен асуға тиіс. Қазір қалада вакцинаның бірінші компонентін 229 мыңнан астам адам алды. Медицина қызметкерлерінің 90%-тен астамы, ал коммуналдық қызметкерлердің 70%-тен астамы коронавирусқа қарсы вакцина салғызды. Вакцинация ғана өз денсаулығыңызды, жақындарыңыз бен айналаңыздағы жұрттың денсаулығын қорғауға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.
Еске салайық, 2 шілдеден бастап қаланың бас санитар дәрігері Сархат Бейсенованың Қала күніне арналған бұқаралық іс-шараларға тыйым салу туралы қаулысы күшіне енеді. Жабық мекемелердегі іс-шаралардың бәріне тыйым салынады (Ashyq жобасының тәртібі бойынша театрлардың толуы 20%-тен аспауы керек).
Сондай-ақ саябақ аумағында орналасқан ашық ауадағы аттракциондардың барлық түрінің жұмысына тыйым салынады.
