«Отшашу жоспарда жоқ». Нұр-Сұлтан әкімі Қала күнін тойлау туралы

Журналистер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Алтай Көлгіновтен Қала күніне қарсы қандай мәдени іс-шаралар ұйымдастырылатынын, тұрғындар мен қала қонақтарына арналған отшашу жоспарда бар-жоғын сұрады.

Әрине, Қала күні тұрғындар үшін ерекше мереке. Адамдар мейрамды атап өткісі келеді, көбі күтіп те жүрген шығар. Алайда эпидемиялық жағдайға байланысты жоспарымызға түзетулер енгіздік. Жыл басында жоспар болды, бірақ санитария дәрігерлерінің талабына құлақ аса отырып, жабық мекемедегі іс-шаралар онлайн форматқа ауысты. Ал көшеде әлеуметтік арақашықтық пен санитарлық талаптарды сақтай отырып, өткізіледі, — деді әкім.

Нұр-Сұлтан әкімінің сөзінше, Астана күнін әлеуметтік бағытта өткізу жоспарланып отыр. Сол күні кезекте тұрғандарға 400 пәтер, үлескерлерге 20 көпқабатты тұрғын үй мен 50 жөнделген аула қолданысқа беріледі. Қала басшысы астанада зағип балаларға арналған балабақшаның ашылуы өтетінін айтты.

Біз пайда әкелетін нақты жобаларға назар аударғымыз келеді. Бірақ, әрине, адамдарды да қуантқымыз келеді, бірақ іс-шаралар қысқартылды. Отшашу жоспарда жоқ, — деді Алтай Көлгінов.

Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, эпидемиология жағдайын ескере отырып, Қала күніне арналған іс-шаралар онлайн форматта өтеді, ал қалған бөлігі өтпейді.

Астананың бас санитар дәрігері Сархат Бейсенованың қаулысына сәйкес жабық орындар мен концерт залдардағы іс-шараларға тыйым салынған. Сондай-ақ ашық ауадағы аттракционның барлық түрінің жұмысына тыйым салынады.

Толымдылығы 20%-тен аспайтын театрлардың, сондай-ақ ПТР-тесттері бар жылжымалы концерттердің жұмысына ғана рұқсат етіледі. Сол сияқты Ashyq жобасы негізінде карантин шараларын қатаң түрде сақтай отырып, ашық ауада өтетін іс-шараларға рұқсат етіледі.

Мысалы, 6 шілде күні «МузАрт» онлайн-концерті жоспарланған. Онлайн-трансляция бойынша барлық ақпарат Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет басқармасының Instagram желісіндегі @ns.madeniet парақшасында жарияланады.

Қала күнін мерекелеу әлеуметтік жобаларға арналады және тек әлеуметтік сипатта болады. Нақтырақ айтқанда халықтың әлеуметтік осал топтары арасында кезекте тұрғандарға баспана кілтін табыстау, құрылысы ұзаққа созылған 20-ға жуық үйді аяқтау, Өндіріс және Көктал аудандарындағы ірі дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысын аяқтап, пайдалануға беру іс-шарасы өтеді.

Сонымен бірге көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мамандандырылған балабақша ашылады, 50-ден астам ауланың, 10-ға жуық қоғамдық кеңістіктің құрылысы аяқталады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да