Онлайн ұйымдастырылған республикалық конференцияға облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақып, Кәкен Хамзин және журналистер, ЖОО студенттері, магистранттар, докторанттар қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова өңірдегі журналистерді алдағы мерекелерімен құттықтап, шара қатысушыларына аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетовтің атынан ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті КеАҚ Басқарма төрағасы Саламат Идрисов ҚР Мәдениет қайраткері Алмас Ахметбекке «Құрметті профессор» куәлігін табыстады. Сондай-ақ, «Рахымжан Отарбаевтың Руханият Қоры» атынан университет студентіне шәкіртақы тағайындады.
Жиын барысында ескерткіш орнату, Т. Амандосов көшесіне тақта ілу және көгалдандыру сынды мәселелер қозғалды. Сонымен қатар, республикалық Тауман Амандосов атындағы қаржылай сыйлықты қайтадан қолға алу сынды ұсыныстар айтылды.
Айта кетейік, биыл Қазақстан журналистикасының негізін салуда және оның іргетасын қалыптастыруда өзіндік орны бар тұлғалардың бірі – жерлесіміз, профессор, Атырау облысының Құрметті азаматы Тауман Амандосовтың туғанына – 100 жыл. Ұйымдастырушылардың айтуынша, атулы датаға орай белгілі ғалым атындағы республикалық ғылыми конференция Атырауда алғаш рет өтіп отыр.