— Андрей, оммаж жасауға неліктен «Түрксіб» картинасын таңдадыңыздар?
— Шамамен жарты жыл шабыт іздеп, оны осы картинадан таптық. Әбілхан Қастеевтің «Түрксібінде» динамика, прогресс бар. Ол жаңалықты, дамуды көрсетіп тұр. Біздіңше, картина біздің жоба философиясы мен идеясына сай келеді. Бұл картинаны басқа суретшілер ғимараттарға, басқа да жерлерге салды. Біразы классикалық форматты ұстанды. Біз арт-объектіні жасауға айға жуық уақыт жұмсадық. Көше суретшілері ретінде картинаның рухын өз көзқарасымызға сүйеніп, бейнеледік.
Адамдар біз салған граффитидің қасынан өтіп бара жатып «Мен бұны былай көріп тұрмын» деп айтады. Бір қызығы олардың пікірі картинаның мағынасымен түйіседі.
— Граффити өнері қаншалық табысты іс?
— Сондай қомақты қаржы алып келетін іс деп айтпас едім. Граффити — біз үшін хобби, қызығушылық, орта. Осы іспен тапқан қаражатымыз өмір сүруге жетеді. Біз суретті тек қабырғаға салмаймыз ғой. Көлікке, кафелердің ішіне, кез келген нәрсеге сала береміз.
— Граффити суретшілері қайдан шығады?
— Мысалы, өзім Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясын бітірдім. Арамызда медицинаны оқыған суретші бар. Сонымен қатар әу бастан сурет өнерін игергендер де жетеді. Олардың жұмысынан осы саланы оқығаны байқалып тұрады. Біразында негізгі база бар. Бірақ ешқандай хабарсыз келіп те үйренуге болады. Адам қаласа, мақсатына қол жеткізе алады.
Басында хобби ретінде бастадық. Сосын граффити негізгі жұмысымызға айналып кетті. Сурет салып жүріп, саяхаттауға болады. Тек граффити емес, иллюстрациямен де айналысамыз. Біраз жан үшін граффити — старт жасайтын сала. Әрі қарай басқа мамандыққа жол ашылып жатады. Фотограф болады, типографияға кетеді, татуировка сала бастайды.
— Қазақстанда граффити жаңа трендке айналып жатыр ма? Көпсіздер ме?
— Қазақстандағы граффити суретшілерінде әжептәуір тәжірибе жиналды. Мысалы, біз қайда сурет салуға болатынын білеміз. Еуропаның өзінде вандализм элементтері эстетикалық жұмысқа ұласты. Граффитиді енді бастап жатқан адамдарда да солай болуы мүмкін.
Граффити суретшілері көп деп айта алмас едім. Алматының өзінде саусақпен санарлықтай ғана. Біразы байқап көріп, «маған келмейді екен» деп бас тартып жатады. Граффити өнерін жақсы табыс алып келетін іске жатқызбас едім. Оны көбіне жан рахаты үшін жасайсың.
— Төтенше жағдай кезінде немен айналыстыңыздар?
— Басқалар сияқты онлайн жұмыс істедік. Сызу, графика, иллюстрациямен айналыстық. Біздің топта біраз адам компанияларда графика дизайнері болып жұмыс істейді. Кейде бар суреттің диджитал форматын дайындаймыз. Пандемия ойда жоқта келді. Біз де жағдайға қарай ыңғайландық.
— Repas командасы граффити салуды үйрете ме?
— Бәріміз Repas деп танылып кеттік. Бұл лақап ат десек те болады. Командада 8 суретші бар. Жетеуіміз Алматыда, ал біреуі Қырғызстанда. Алматыда болсын, Қырғызстанда болсын, бірге жүзеге асыратын жоба көп. Ресейге де бірнеше рет бардық.
Пандемияға дейін шағын мектебіміз болған. Себебі «Граффити деген не? Оны қалай салады?» деп келетін суретшілер бар. Сосын оларға көрсетеміз, әңгімелесеміз. Өйткені нақты оқулық немесе оқытатын мекеме жоқ. Суретшілерді дайындайтын оқу орындары кәдімгідей көмектеседі. Бірақ граффити — басқа бағыт. Баллонмен сурет салу өзгеше. Үлгермей кеттік, сондықтан мектеп жұмысын ысыра тұрдық. Дегенмен үнемі қандай да бір шара ұйымдастырып тұрамыз. «Мына жерде сурет салайын деп жатырмыз. Келіп, процесті бақылауға, сұрақ қоюға болады» деп хабарлаймыз. Ал мұндай мүмкіндік біздің кезімізде болмады.
— Бояу қымбат па?
— Қазір біз Воронежден келетін бояумен салып жүрміз. Ол нағыз граффитиге арналған. Жаңбыр мен қар жауса да, біраз жыл сақталады. Бір баллон бір жарым квадрат метрге жетеді. Енді алманы салу үшін қанша бояу қолданатынымды елестетіп көріңіз. Оны қызылдың бір ғана реңкімен салмаймын ғой. Минимум қызылдың бес, жасылдың үш реңкі керек. Воронежден келетін бояудың бір баллоны 2150 теңге тұрады. Жалпы граффити арзан сала емес.
— Әдетте халық көшедегі суреттерді біледі, бірақ оны кім салғанынан хабарсыз. Бұл туралы не ойлайсыз?
— Граффити – андеграунд мәдениет. Біз өзімізді жарнамалауды емес, адамдар өнерді тамашалап, бағалағанын қалаймыз. Қала тұрғындарына осында өмір сүру ыңғайлы болуы керек. Олар лас, сұп-сұр ғимаратқа емес, әдемі, түрлі-түсті, боялған шығармашылыққа қарап жүрсе дейміз. Жалпы дүниежүзіне танымал суреттер бар, бірақ халық авторды білмейді. Бұл біз үшін әбден қалыпты.
— Елбасы граффитиін кім салғанын білесіз бе?
— Білемін, бірақ кім екенін айта алмаймын. Стилінен, қолтаңбасынан кім салғаны көрініп тұр.
— Граффитиге қызығатын адам неден бастағаны жөн?
— Оқудан бастағаны дұрыс шығар. «Граффити деген не, қандай түрі бар? Қандай техника қолданылады?» деген қарапайым сұрақтарына жауап іздеп көрсін. Граффити дизайн қазір соншалық кең дамып жатыр. Он жыл бұрын санаулы стилі ғана болса, қазір өзгеріс көп.