Алматыда коронавирустың “үнді“ штамына байланысты локдаун жариялана ма?

Бұл туралы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде айтты.

Қала әкімінің айтуынша, Алматыда локдаун болмаса да, арнайы шектеу шаралары күшейеді.

Қазіргі кезде бас санитар-дәрігердің шешімін күтіп отырмыз. Шешім шыға салысымен Алматы қаласы да өз шектеу шараларын жариялайды. “Дельта” штамының қаншалықты тез таралып жатқаны баршамызға мәлім. Сондықтан алматылықтарды ғана емес, барша қазақстандықтарды коронавирусқа қарсы вакцина алуға шақырамын, — деді Бақытжан Сағынтаев.

Сонымен бірге Бақытжан Сағынтаев қаладағы вакциналау жұмыстарына қатысты түсінік берді. Соңғы деректер бойынша Алматыда жалпы саны 403 000 ға жуық адам вакцина салғызған. Бұл  пайыздық көрсеткішпен қала тұрғындарының 36%-іне тең.

Естеріңізде болса, наурыз айында екі апта локдаун енгізілді. Қалада шектеу шаралары күшейді.  Көптеген сауда орталықтарының жұмыстарына шектеу қойылды. Сонда біршама кәсіпкерлік нысан иелері қарсылық білдірді. Олар «Бізге жұмыс істеуге рұқсат беріңіздер, біздің барлық қызметкерлеріміз вакцина салдырады. Біз бұған уәде береміз» деген еді. Меніңше, вакциналау қарқыны төмендемесе, мұндай жағдай қайталанбайды, — деді қала әкімі.