Бала кезімнен тәттіге құмармын
Бала күнімде Жаңа жыл қарсаңында іші шоколад-кәмпитке толы 6-7 сыйлық жиналатын. Ата-анамның жұмысында береді, туыстар әкеледі, мектептен аламыз. Әрқайсысы — 1 кг «Рахаттың» шоколады. Ол екі аптада жоқ болады. Осыдан-ақ тәттіге деген құмарлығым қандай болғаны түсінікті шығар.
Алайда 12-13 жаста шыққан безеу, стоматологтың «Ертең тіссіз қаласың» деген қорқынышты сөзі, студент кезде гастрит болғаным — осының бәрі тәттіден бас тарту керек деген ойға әкелді. Бірақ ойлау басқа, оны іске асыру басқа екен.
Алғашқыда бір ай тәтті жемеймін дедім, бірақ тек екі аптаға шыдадым. Диетаны бір бұзсаң, кейін тоқтамай жей бересің. Өзім арықпын. «Бәрібір толып кетпеймін ғой» деген ой да тәттіден бас тартуға кедергі болды. Бір кезде таза какаодан жасалған шоколадтарды іздей бастадым. Тәтті жегім келгенде «Қазақстан» шоколадын немесе банан алатын болдым. Бірақ десерт көрсем, бәрібір тоқтай алмай қалатынмын.
Тәттіден бас тартуға негізгі мотивация — беттегі акне
Беті тап-таза, аппақ қыздар көбіне «Не жеймін?» деп бас қатырмайды. Ал мен ащы немесе тым тәтті тамақ жеп қойсам, «Бетімнің қай жеріне безеу шығады екен?» деп алаңдайтынмын.
Тәттімен күрес 2016 жылы басталды. 2018-де тамақтан қашып, бетке арналған күтім косметикасын зерттей бастадым. Ал 2020 жылы жалғыз косметикамен алысқа кетпейтінімді ұқтым. Артынша ел-жұрт салауатты өмір сүру салтына белсенді көше бастағанда, мен де бірге бастап кеттім.
Біріншіден, тәттіден түбегейлі бас тартуға болмайтынын түсіндім. Ол жақсы көңіл-күй сыйлайды, оның үстіне физиологиялық тәуелдік бар. Содан тәттіге балама іздеу керек деп шештім. Интернеттегі блогер мен нутрициологтар жариялаған дұрыс тамақтану аясындағы тәттілердің рецептін алып, карантинде пісіріп көрдім. Қант орнына құрма қостым. Жемісте қант көп болатындықтан оны түрлі шөппен араластырып, смузи дайындай бастадым.
Бірақ құмарлығым жоғалған жоқ. Әсіресе менструация уақыты таяғанда артып кететін. Көңіл-күйім түскенде әдеттегідей десертке жүгіремін. Осылай диетаны бәрібір ара-тұра бұзып тұрдым.
Жалпы, дұрыс тамақтану тақырыбы қазір актуал ғой. Тәттімен бірге глютеннен де бас тарту керек деген шешімге келдім. Басында наннан бас тарттым, бірақ макаронды, тәтті пирогтарды жеп қоятынмын.
Дұрыс тамақтануға шындап кірісуге денсаулық мәселесі себеп болды. Тістегі кариес, ішек жолындағы проблемалар, гормонал өзгерістер, оның репродуктив жүйеге ықпалы сияқты проблемалардың қасында беттегі безеу түк болмай қалды. Диета ұстауға қасымдағы құрбымның да дұрыс тамақтануы көмектесті. Одан глютенсіз өнім сататын дүкендерді біліп, осындай азық-түлік сатып ала бастадым. Бірақ глютенсіз нан аса дәмді емес.
Глютеннен бас тартқан соң біраз өзгеріс байқалды
Глютенді рационнан алып тастаған соң мынадай өзгерістерді байқадым:
1. Тәттіге құмарлық кетті. Дәрігерімнің айтуынша, глютен — іштегі қажетсіз бактерияларға азық. Олар қант сұрайды екен. Содан адам тәттіге құмартады.
2. Ішек жұмысы жақсарды. Өзімді жеңіл сезіне бастадым.
3. Бет терісі тазарды, яғни бастапқы мақсатым орындалды.
Дұрыс тамақтанғанда денедегі өзгерістерді сезе бастайсың. Тамақтың дәмін сезесің. Мысалы, шоколадты жегенде ондағы зиян майдың дәмі білініп тұрады. Сөйтіп жегің келмейді. Қазір глютенсіз, қантсыз және дүкенде сатылатын сүт өнімдерінсіз тамақтанамын. Барынша табиғи өнімдерді жеуге тырысамын.
Фанатизмге қарсымын
Фанатизмге қарсы екенімді айта кеткім келеді. Фанатизм бар жерде үрей де болады. Үрейден жүйке жұқарады, ағза қиналады, көңіл-күй түседі. Тәтті немесе кәдімгі ұннан жасалған тағамды жеп қойсам, шашымды жұлып, диетаны күшейтпеймін.
Біріншіден, ақпан айынан бері диетаны аса бұзбай ұстағандықтан сапасыз тамаққа деген құмарлық жоқ. Екіншіден, бір шоколадтан кейін де диетаны жалғастыруға болады, бәрі оп-оңай. Сол үшін қонаққа барғанда да қиналмаймын. Мысалы, бауырсақ ұсынса, кемі ауыз тиемін. Біріншіден әдеп, екіншіден, қонаққа барудың ләззаты сол. Бірақ тәтті жемеуге тырысамын. Барған жерімде дұрыс тамақтанып жүргенімді ескертемін. Оған ешкім ренжімейді.
Басында анау-мынауды оқып алып, еттен де бас тартуды ойладым. Бірақ рационымда малдың майы болуы керек. Етті авокадо да, Омега-3 те, ерітілген май да алмастыра алмайтынын түсіндім. Ағзаға дұрыс май қажет.
Дұрыс тамақтануға көп қаражат кетпейді
Адамдар маған «Онсыз да арықсың, саған диета неге керек?» дейді. Басында аздап арықтадым. Ол малдың майы жетіспегеннен, рационды дұрыс таңдамағаннан болды. Қазір салмағым тұрақты. Сонымен бірге таныстарым «Сен сияқты дұрыс тамақтануға көп ақша керек» дейді. Шын мәнінде зиянсыз тәттілерді үйде жасап, дұрыс тамақтануға керек өнімдерді сатып алсаңыз, алматылықтардың тамаққа жұмсайтын шығынымен бірдей болады.
Түйін:
1. Дұрыс тамақтану — ғылым, мәдениет. Қолға алғыңыз келсе, дұрыстап зерттеу керек.
2. Кез келген дүниеде ұстаз керек. Дұрыс тамақтануда да тура солай. Дәрігермен кеңесіңіз. Қажет болса, жақсы нутрициолог тапқан да тиімді. Себебі дұрыс тамақтану нәтижелі болуы үшін саплименттер қосу қажет.
3. Өзіңізді жақсы көріңіз, тәніңізді сезе біліңіз және асықпаңыз. Себебі үрей, өзіңді қинау бар жерде дұрыс тамақтану болмайды.