Қарағандыдағы үйдің құлауына қазандықтың жарылуы себеп болған

«Тұрғын үй қазандықтың жарылуынан құлаған. Шахандағы бірқатар тұрғын үйлерге жылу автономдық жүйе арқылы беріледі. Бұл қазандық үй комитетінің есебінде болды. Қазір төтенше жағдайдың салдарын жою және себебін анықтау бойынша облыстық комиссия құрылды», — деді облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков.

Мәліметтерге сәйкес, көпқабатты үйде 118 тұрғын мекендеген, ал ТЖ орын алған кезде құлаған бөлігінде шамамен 30 адам болған. Сонымен қатар, оқыс оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

«ТЖ дерегіне қатысты материал ҚР ҚК-нің 292-бабының 3 тармағы (Адам өліміне әкеп соқтырған өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарының тізіміне тіркелді», — деп хабарлады Қарағанды облыстық ІІД.

Айта кетейік, кеше 22:40 шамасында облыстық ТЖД-ға көпқабатты үйдің опырылғаны туралы хабарланған. Соңғы мәліметтер бойынша, үйінді астынан 9 адамның денесі шығарылды. Олардың үшеуі — ер адам, үшеуі — әйел адам, үшеуі — бүлдіршін.

ДереккөзҚазАқпарат