21 маусымнан бастап Түркістан-Ташкент жаңа әуе рейсі ашылады

Бұл туралы премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Үкімет басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық, ауыл шаруашылығы, энергетикалық, көлік-логистикалық ынтымақтастықтың, өнеркәсіптік кооперацияның, сонымен бірге аймақаралық және шекара маңындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылады.

Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы «Орталық Азия» Халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығының қызметін ұйымдастыру жөніндегі Іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруды жеделдетуге ерекше назар аударылды.

Трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалану және қорғау саласындағы өзара іс-қимылды, оның ішінде Қырғызстан мен Тәжікстан жіберетін суды Өзбекстан аумағы арқылы Түркістан және Қызылорда облыстарының мұқтаждықтары үшін кедергісіз транзиттеуді дамыту мәселелері қаралды.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы табысты өнеркәсіптік кооперацияның бір мысалы бірлескен жобалар – Қостанай қаласындағы Chevrolet маркалы автомобильдер өндірісі, Түркістандағы тігін фабрикасы, Шымкенттегі тоқыма фабрикасы және тағы басқалары.

Қазіргі уақытта медициналық бұйымдар (Шымкент), автоклавты газобетон (Ташкент облысы), SAZ маркалы автобустар (Қостанай), HOWO жүк автомобильдері (Саран), Hyundai маркалы автомобильдерді  құрастыру (Үргеніш), ас үй плиталары мен су жылытқыштар (Түркістан) өндірісі сияқты бірлескен жобалар іске асырылып жатыр.

Екі ел арасындағы әуе қатынасын кеңейту аясында 8 маусымнан бастап «Өзбек әуе желісі» Алматы мен Самарқанд қалалары арасында жолаушылар әуе тасымалын бастайды, ал 21 маусымда Fly Arystan қазақстандық компаниясы «Түркістан – Ташкент» бағыты бойынша тұрақты рейстер ашады.

Өзбекстан — Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі негізгі сауда серіктесі. 2021 жылғы қаңтар-сәуірде екіжақты тауар айналымы 1,2 млрд доллар болды, бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 41,3% және 2019 жылдың алғашқы төрт айының көрсеткішінен 33,3% жоғары.

2020 жылы Өзбекстанда қазақстандық капиталдың қатысуымен кәсіпорындар саны 809-дан 919 компанияға дейін өсті. Қазақстанда өзбек капиталының қатысуымен кәсіпорындар саны 1 231-ге жетті.

Келіссөз қорытындысы бойынша Асқар Мамин мен Абдулла Арипов сауда-экономикалық қатынастарды дамыту, тәжірибе алмасу және бірлескен тауар өткізу жүйесін қалыптастырудағы ынтымақтастық туралы ведомствоаралық келісімдерге қол қойды7