Басты бетҚоғамSulpak маңындағы...

Sulpak маңындағы ағаштарды заңсыз отағандарға сот үкімі шықты

Алмалы аудандық соты жеке кәсіпкер Жанна Нұртаеваға қатысты істі Қылмыстық кодекстің 339-бабы 1-бөлігі «Өсiмдiктердің сирек кездесетiн және құрып кету қаупi бар түрлерін жою» бойынша қарады.

Сот Жанна Нұртаеваны Қазақстанның Қылмыстық кодексінің 339-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 55-бабының 4-бөлігін қолдана отырып, 1 500 АЕК мөлшерінде, яғни 4 миллион 167 мың теңге сомасында айыппұл түрінде жаза тағайындады. Айыппұлды төлеу мерзімі заңды күшіне енгеннен кейін екі ай деп белгіленсін, — деді судья.

Еске салайық, бұған дейін алматылықтар Төле би және Әуезов көшелерінің қиылысындағы ағаштардың кесілгеніне наразы болды. Жасыл экономика басқармасының баспасөз қызметі және Sulpak компаниясының өкілдері осы жағдайға қатысты пікір берді. «Arena S» (Sulpak сауда маркасы) өкілдері ағаштар кесілген аумақ компания меншігіне жатпайтынын мәлімдеді.

Алматы әкімдігі өкілдері 13 ағаш (9 емен және 4 қарағай) кесілгенін және мұны істегендер жазаланғанын айтты.

Кейінірек президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевқа ағашты заңсыз кескендерді жазалауды тапсырды.

Тағы оқыңыз: Ағашты заңсыз кесу: қандай шара қолдану керек?

Қазақстанда ағашты заңсыз кескендерге жаза күшейеді