Қазақстанда үш күнде 300-ге жуық пәтер ұрысы ұсталды

Бұл туралы Ішкі істер министрлігі криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов мәлімдеді.

Іс-шараны өткізуге криминалдық және әкімшілік полиция қызметкерлері жұмылдырылып, олар аталған кезеңде 238 пәтер ұрлығын ашты. Қылмыстық жауапкершілікке 294 пәтер ұрысы, оның ішінде 22 топ тартылды, — деді ол Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі алаңында өткен брифингіде.

Оның айтуынша, ұрланған заттар сатылатын 1 500-ден астам орын тексерілді. Бұған дейін пәтер ұрлығы үшін іздеуде жүрген 8 қылмыскер, 67 күдікті ұсталды.

Мәселен, Қостанайда істі болған 2 жергілікті тұрғын қолға түсті. Олар пластик терезелерді бұзу арқылы 4 пәтерді тонағаны анықталып отыр. Күдіктілер келтірген шығын 1,5 миллион теңгеден асып түседі. Сонымен бірге олардың ұрланған алтын бұйымдарды ломбардтар арқылы бірден сатып жібергені анықталды, — деді Қанат Нұрмағамбетов.

Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов 2021 жылдың 4 айында елімізде пәтер тонау 30% қысқарғанын айтты.

Қабылданған іс-шаралар кейінгі 5 жылдың ішінде пәтер ұрлығының санын 67% төмендетуге мүмкіндік берді. Сонымен бірге оң үрдіс осы жылы да байқалып отыр. Биыл 4 айдың ішінде олардың саны 30% қысқарды. Бұған қоса, мұндай қылмыстарды ашу 13% жақсарды, — деді ол.

Қанат Нұрмағамбетов сонымен бірге Ішкі істер министрлігі пәтер ұрлығының алдын алуға бағытталған республикалық іс-шараны тұрақты түрде өткізетіндігін айтты.

Криминогендік ахуалға алдын алу іс-шаралары оң ықпалын тигізіп отыр. Ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомстволық бағдарламаны жүзеге асыру аясында тұрғын үйлердің аулаларына 54 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылды. Сондай-ақ тұрғындардың бастамасымен 14 мыңнан астам құрылғы қойылды. Бұл жұмыс жалғасып жатыр, — деді криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да