Біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін бағыттар бойынша лицензияларға қосымшаларды мемлекеттік жоғары оқу орындары да, жекеменшік білім ордалары да қайтарады.
Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНДА сұранысқа ие емес лицензиялар бойынша мониторинг жүргізді. Кейбір университеттерде 1-4 курстарда барлығы 10-15 студент немесе әр курста 3-4 адамнан оқитын бағыттар бар екенін көрдік. Мысалы, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде бакалавриаттың «мал шаруашылығы», «су ресурстары» және «суды пайдалану» бағыттары бойынша білім алатын студенттердің саны аз. Аталған мамандықтар бойынша тек 10-18 адам оқиды. Мұндай жағдай басқа да университеттерде кездеседі. Жоғары оқу орындары қолданыстағы лицензиялар бойынша ревизия жүргізеді және директорлар кеңесінің отырысында кадрларды даярлаудың бейінді емес бағыттары бойынша лицензияларды қайтару туралы шешім қабылдайды, – деді Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.
Еске салайық, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында мемлекет басшысы жоғары оқу орындарына қойылатын талаптарды күшейтуді тапсырған еді. Атап айтқанда, жоғары оқу орындарын кезең-кезеңімен профильдеу мен жоғары білімнің сапасын арттыруды қамтамасыз етуді жүктеді.