Асхат Аймағамбетов сапасыз университеттерді жабу жалғасатынын айтты

Мемлекеттік гранттар сұранысқа ие мамандықтарға ғана бөлінеді. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.

Ведомство басшысының айтуынша, жоғары оқу орындарына ерекше талап қойылады. Университеттерде сыбайлас жемқорлық фактісі тіркелсе, кадр дайындау лицензиясынан айырылады.

Жоғары білімнің сапасын арттыру үшін педагогтарды, дәрігерлерді, заңгерлер мен сәулетшілерді даярлайтын университеттерге ерекше білік талабын енгіземіз. Бұған қоса академиялық адалдықты бұзғаны және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін лицензиядан айыруға дейін жауапкершілік нормативтік құқықтарға бекітуді дайындадық. Сапасыз жоғары оқу орындарын жабу жұмысын ары қарай жалғастырамыз, — деді министр Үкімет отырысында.

Асхат Аймағамбетов колледждер білім беру бағдарламасын өздері таңдайтынын айтты.

Колледждерге академиялық дербестік беріледі. Аталған шара білім беру бағдарламаларын мазмұнын өзгертіп, білім сапасын арттырады. Оқу мерзімі қысқарып, түлектер тезірек жұмысқа орналасады, — деді министр.

Жоғары білім беру жүйесінде биылдан бастап «Аймақ тірегі» жобасы іске асырылады.

Нақты критерий бойынша 15 өңірлік ЖОО іріктейміз. Осы университеттерге өңірдегі білім сапасын арттыру үшін қаржы бөлінеді. Жаңа лабораториялар мен білім бағдарламалары ашылады, — деді Асхат Аймағамбетов.

Министр мұның алдында еліміздегі мектептерде математика, тілдер және информатика пәндеріне ерекше назар аударылатынын айтқан еді.