URKER-2021 ұлттық сыйлығына өтінім қабылдау басталды

Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, байқауға Қазақстан аумағында медиаконтент өндіретін және тарататын республикалық, өңірлік радиостанциялар, баспалар мен интернет-басылымдар қатыса алады.

Өтінімдерді 17 мамыр мен 15 маусым аралығында қабылданады.

Конкурстық жұмыстар 2020 жылдың 1 қарашасы мен 2021 жылдың 1 маусым аралығында басылым мен интернет-ресурста жариялануы не радиоэфирде шығуы керек. Әр үміткер бәйгенің тек екі номинациясына қатысуға құқылы, — делінген хабарламада.

Өтінімдер  urker-awards.kz ресми сайтында 11 номинация бойынша қабылданады:

  1. Жылдың үздік фотосуреті
  2. Жылдың үздік репортажы
  3. Жылдың үздік аналитикалық материалы
  4. Жылдың үздік журналистік зерттеуі
  5. Жылдың үздік сұхбаты
  6. Жылдың үздік танымдық материалы
  7. Радиостанциядағы үздік жоба
  8. Жылдың үздік жаңалықтар порталы
  9. Жылдың үздік газеті
  10. Жылдың үздік журналы
  11. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған үздік материал

Биылғы ұйымдастырушы комитет еліміздің Тәуелсіздік жылдарының қалыптасуына арналған жұмыстарға арнайы номинацияны енгізді.

Тәуелсіз қазылар алқасының құрамына енген кәсіби журналистер, саланың еңбек сіңірген қайраткерлері және Әзірбайжан мен Германияның халықаралық медиа-сарапшылары жұмыстарды бағалайды.

Ұлттық бәйге жеңімпаздары «Үркер» естелік мүсіншесінің және 1 000 000 теңге мөлшеріндегі қаржылай сыйлықтың иегері атанады, — делінген хабарламада.

Ұлттық бәйге ұйымдастырушылары — Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қоры және «Қазмедиа орталығы» басқрушы компаниясы.

URKER — баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы үздік жетістіктер үшін беріледі. Аймақтардағы мультимедиялық журналистиканы дамытуға ықпал етуге, журналистика мәртебесін арттыруға, кәсіби стандарттар мен критерилерді бекітуге, азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған.