Этносаралық кикілжің — Орталық Азия елдерінде кездесетін басты проблемалардың бірі. Сөз болып жатқан соңғы дау көпке таныс: 2021 жылдың 28 сәуірінде Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасының маңындағы қос ұлт өкілдері тұратын ауылдардың арасында жанжал болды. 29 сәуірде бұл қақтығыс тағы қайталанды. Жүздеген адам жарақаттанып, бірнеше адам көз жұмды.

1 мамырда екі тарап атысты толығымен тоқтатуға және конфликт туған аймақтардан әскерді шығаруға келісті. 2 мамырда Қырғызстан мен Тәжікстан шекара туралы хаттамаға қол қойды.

Медиаэксперт Элира Турдубаеваның айтуынша, қырғыз-тәжік арасындағы қақтығыс кезінде Орталық Азия елдері және Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдары біржақты ақпарат тарыпты.

Қырғызстан, Тәжікстан, Ресейдің медиасы Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы қақтығыс туралы қалай сипаттап жазғанына мониторинг жасадым. «Спутник Тәжікстан», Риа Новости, Lenta.ru сияқты медиа арналарды, Владимир Соловьев секілді танымал журналистердің Twitter парақшаларын анализдедім. Өкінішке қарай, олар келешекте қырғыз-тәжік шекарасындағы мәселені одан әрі шиеленесуге алып келетіндей тек біржақты ғана қарастырған. Мұндай БАҚ пен журналистер контентінің мақсаты қандай екенін білмеймін. Бірақ, меніңше, кез келген осы тектес кикілжің, қақтығыс ақпараттық соғыс салдарынан пайда болады. Әлеуметтік желі қолданушылары түрлі монтаждалған видео, сурет, жалған ақпаратты бөлісе бастайды. Ал медиа сауаты төмен халық толассыз таралатын мағлұматты сүзгіден өткізуді әлі күнге білмейді, — дейді медиа сарапшысы.

Маманның сөзінше, мұндай шұғыл жағдайларда мемлекеттер халыққа шынайы мағлұмат беретін арнайы штат құруы қажет.

Дүниежүзінің барлық БАҚ-ында ақпараттық вакуум бар. Ол журналистердің мүмкіндігін шектейді. Осындай шекара мәселелерінде басқа елдің журналистері бір елден бір елге өте алмайды, сұхбат ала алмайды, суретке түсіре алмайды. Яғни өзге дереккөздер көмегіне жүгінуіне тура келеді.

Мемлекет осындай оқыс оқиға кезінде 24 сағат шынайы ақпарат беріп отыратын штаб қалыптастыруы қажет. Үкімет мұндай төтенше жағдайға үнемі дайын болғаны дұрыс. Себебі пропаганда контент, жалған ақпарат, соғысқа үгіттелген видеолар тарағанда халық дүрлігіп, дұрыс шешім қабылдаудан алыс болады.

Біздің жуналистер конфликт болған жерден репортаж түсіру, ақпараттың рас-өтірігін тексеру, дереккөзбен жұмыс істеуді білмейтінін байқадым. Осы мәселені назарға алып, БАҚ қызметкерлерін қайта оқытуымыз қажет. Төтенше жағдай кезінде екі жақты теңдей беретін, баланс сақтай алатын, шынайы ақпарат беретін журналистерді дайындауымыз керек. Ондай маман Мейлі сол оқиға орнында туса да, эмоцияға берілмегені жөн. Сонымен бірге қақтығыс кезінде өз қауіпсіздігін қорғауды да үйреткен абзал, — дейді Элира Турдубаева.

Ал саясаттанушы Камолиддин Раббимовты Орталық Азияда елдерінде ұлттық мәселелердің жылдан жылға көбеюі алаңдатады. Оның айтуынша, мұндай этносралық жанжалдар адамдарда психология, мораль жарақатын қалдырады.

1990-2000 жылдары кезінде өзбектер мен қырғыздар арасында екі рет кикілжің туды. Соның салдарынан өзбек халқы үлкен травма алды деуге болады. Кешегі Тәжікстан мен Қырғызстан арасында дауға өзбек халқының көзқарасын зерттеп көрдім. Көбі қырғыздарға қарсы екенін ашық түрде айтып жатыр. Бұл — травма алған қоғамның белгілері. Себебі өзбектер мәселенің мән-жайын түсінуге тырысып бақпай, бірден қырғыздарға қарсы, тәжіктердің жақтасып жатыр. Бұл — өте қорқынышты жағдай және Орталық Азияның барлық мемлекетінде бар проблема, — дейді ол.

Маманның сөзінше, әрбір елде екі параллель сызық бар. Оның бірі — ұлттық бірегейлікті қорғау, Яғни елдегі титул ұлт мәртебесін көтеру. Алайда Орталық Азиядағы елдің барлығы дерлік  көпэтносты мемлекеттер. Камоллодин түрлі этнос өкілдерін бір қоғамда бейбітшілікте сақтаудың ең тиімді жолы — ислам дінін объективті түрде назарға алу деп есептейді.

Орталық Азия елінің барлығы — құқықтық әрі зайырлы мемлекет. Дегенмен мұндағы халықтың басым көпшілігі бір ұстанымдағы мұсылмандар екенін ескеріп, Орталық Азия үшін ислам дінінің рөлін объективті түрде қарауымыз қажет деп ойлаймын. Бұл жаппай бүкіл халықты исламдандыруымыз қажет дегенді білдірмейді. Тек қоғамға ортақ құндылықты интеграция ретінде қолданған абзал, — дейді ол.

Қазақстандық «Hola news» сайтының бас редакторы Зарина Ахматова адам құқығы кез келген мемлекеттің ұлттық идеясына айнауы керек деп санайды.

Жалпы орыстілді болсын, қазақтілді болсын редакциялар ұлтаралық тақырыптағы контент жасауды, бұл өзекті әрі қиын тақырыпты талқылауды білмейтінін байқадым. Көп жағдайда қақтығыс жайлы ақпараттарда журналистің, бас редактордың немесе тағы бір басқа адамның эмоционалды күйі сезіліп тұрады. Меніңше, кез келген мемлекетте адам құқығы ұлттық идеяға айналуы қажет. Сонда ғана халық бірлігі, медиада көрінісі орнығуы мүмкін, — дейі журналист.