Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айту хатында Ескендір Өтегенұлын халқымыз қоңыр дауысты әнші және жан тебірентерлік әндер шығарған композитор ретінде өте жақсы көргенін жазды.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Ұзақ жылғы шығармашылық жолында жемісті еңбек етіп, отандық музыка өнерінің дамуына зор үлес қосты. Халқымызға 200-ге жуық ән, романс және хорға арналған шығармаларын тарту етті. Әсіресе, «Атамекен», «Анаға сәлем», «Есіңе ал», «Айналайын», «Әдемі-ау», «Гүлсезім» және басқа да тамаша туындылары көрермен тарапынан жоғары бағасын алды. Халқымыздың сүйіспеншілігі мен айрықша құрметіне бөленді. Еліміздің өнері мен мәдениетін өркендетуге атсалысып, соңына жарқын із қалдырған Ескендір Өтегенұлының бейнесі ұмытылмайды, есімі халқымыздың жадында сақталады, – делінген жеделхатта.
Elbasy.kz сайтының хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ КСР-ның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ескендір Хасанғалиевтің өмірден озғаны туралы суыт хабарды күйзеліспен қабылдады.
Ескендір Хасанғалиев өзінің қайталанбас туындылары арқылы қазақ музыка өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Оның «Атамекен», «Әдемі-ау», «Ескірмеген махаббат» сияқты патриоттық және лирикалық әндері қалың көпшіліктің жүрегінен ерекше орын алып, қазақстандықтардың туған жерге деген сүйіспеншілігі мен отаншылдық сезімін күшейте түсті. Талантты тұлғаның артында қалдырған мол музыкалық мұрасы мен оның жарқын бейнесі жұртшылық жадында әрдайым сақталады деп кәміл сенемін, – делінген жеделхатта.
Еске салайық, бүгін әнші, композитор Ескендір Хасанғалиев 81 жасында қайтыс болды. Бірнеше күн бұрын марқұмның ұлы Біржан Хасанғалиев ата-анасының коронавируспен ауырып, жансақтау бөлімінде жатқанын хабарлаған еді.