Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстандық вакцинаны сынаудың үшінші кезеңі Хаттамада көзделген зерттеу субъектілерінің 50% белгісінен өтті және оны ағымдағы жылдың 25 маусымында аяқтау жоспарланып отыр. Осыдан кейін QazVac тиімділігін толық бағалау жүргізіледі.
Вакциналардың клиника зерттеулері, соның ішінде III фазада, дүниежүзінде жалғасып жатыр. Сонымен, Ресей Федерациясы «Спутник V» зерттеулерін 2021 жылдың мамыр айының басында аяқтауды жоспарлап отыр, ал әлемдегі фармацевтика компаниялары өз зерттеулерін 2022-2023 жылдары аяқтайды.
Қалыптасқан эпидемия жағдайына байланысты коронавирус инфекциясына қарсы вакциналарды медициналық қолдануға жедел жіберу туралы шешімдер дүниежүзінің көптеген реттеуші органы қабылданады. Вакцинация аурудың таралуымен күресудің ең тиімді әдісі және ұжымдық иммунитетті қалыптастырудың сенімді әдісі болып қала береді. Бұл ретте, вакциналарды қолдануға рұқсат етудің қысқа мерзіміне қарамастан, олардың сапасы мен қауіпсіздігін тексеру мұқият және барлық талабын сақтай отырып жүргізіледі.
Жағымсыз реакциялар анықталған, «пайда-тәуекелдің» қолайсыз арақатынасы туралы деректер алынған, өнертабысқа немесе пайдалы модельге үшінші тұлғалардың айрықша құқықтарын бұзу туралы күшіне енген сот шешімі болған жағдайларда вакцинаны уақытша тіркеу тоқтатыла тұруы, жойылуы мүмкін екенін атап өткен жөн.
Қазақстанда COVID-19-ға қарсы вакцинациялау ерікті түрде жүзеге асырылады және екпе алушы өзі еккізгісі келетін вакцинаны таңдауға да құқылы.
Анықтама: QazVac вакцинасы — Білім және ғылым министрлігінің Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты әзірлеген COVID-19-ға қарсы белсенділігі жойылған вакцина. Алдын ала мәліметтер бойынша, оның тиімділігі 90% — дан жоғары.
2020 жылғы 31 желтоқсанда «Қазақстан Республикасында өндірілген COVID-19 коронавирусына қарсы вакциналарды уақытша мемлекеттік тіркеу қағидаларын бекіту туралы» Үкіметтің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы №850 қаулысының негізінде вакцинаға 30.09.2021 жылға дейінгі мерзімге 31.12.2020 жылғы ҚР-БП-№1 уақытша тіркеу куәлігі берілді.
Вакцинация бұлшықет ішіне 2 кезеңде жүргізіледі, бірінші және екінші дозаны енгізу арасындағы аралық – 21 күн. Вакцинациялау пунктінде алдымен тексеру жүргізіледі, сауалнама толтырылады және вакцинациялауға жазбаша ақпарат беріледі.
Вакцинация 18 жастан асқан адамдарға ұсынылады. 18 жасқа дейінгі балалар үшін тиімділік пен қауіпсіздігі зерттелмеген.
QazVac вакцинасының 50 мың дозасы өңірлерге таратылды: 6 000 дозадан Нұр-сұлтан мен Алматы, 4 000 дозадан Шымкент, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстары, қалған өңірлер 2000 дозадан алды. Мамыр айында тағы 50 мың доза шығарылады деп жоспарланып отыр. Болашақта препарат өндірісі кезең-кезеңімен айына 500 мың дозаға дейін артады.