Асқар Мамин: Қоғам вакциналау пандемияны тоқтататынын түсінуі керек

Бұл туралы Primeministr.kz хабарлады.

Республика бойынша вирустың репродуктивтік көрсеткіші 1,15%. Инфекциялық төсек орындарының жүктемесі 41%, реанимация төсек орындары – 27%. Қазіргі уақытта COVID-19 таралу қарқыны бойынша Нұр-Сұлтан мен Алматы, Батыс Қазақстан, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Ақмола және Қарағанды облыстары «қызыл» аймақта тұр. Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарын қоспағанда, қалған барлық өңір – «сары» аймақта.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев санитария-эпидемиология жағдайын тұрақтандыру және вакцина алатындардың санын арттыру бойынша алдымызға нақты міндет қойды. Әкімдерге эпидемиология жағдайына байланысты жедел шектеу шараларын қабылдасын. Барлық емдеу мекемесін дәрі-дәрмектер мен медицина бұйымдарының қажетті көлемімен толық қамтамасыз етуді, санитария нормалары мен маска тағу режимін сақтауды күшейтуді тапсырамын, — деді Асқар Мамин.

Фото: Primeminister.kz

Премьер-министр Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктерге төсек орын қорының толық дайындығын қамтамасыз ету, сонымен бірге қоғамдық орындарды, оның ішінде сауда орталықтарын пайдалана отырып вакциналаудың қолжетімділігін қамтамасыз етуді тапсырды.

Вакциналау кестесін қатаң сақтау керек. Сәуір айында, сонымен бірге мамыр мен маусым айларында жоспар бойынша ай сайын 2 млн адамды вакциналау қажет, — деді Үкімет басшысы.

Денсаулық сақтау, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп вакциналаудың маңыздылығы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын одан әрі жүргізуді тапсырды.

Қоғам санитария нормаларын сақтау мен вакциналау пандемияның таралуын тоқтатуға мүмкіндік беретінін түсінуі керек, — деді Асқар Мамин.