Президент Атырау мен Ақтөбе облыстарының әкімдеріне тапсырма берді

Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-парақшасында жазды.

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов президентке аймақ тұрғындарына вакцина салу барысы, ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының сұранысына байланысты вакцина көлемін арттыру қажеттігі туындап отырғанын айтты.

Өңір әкімі Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыстың Үкіметпен бірлесе отырып, дамудың кешенді жоспарын әзірлеу жөніндегі мемлекет басшысының бұған дейін берген тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндады. Әкімнің айтуынша, аталған жоспардың іске асырылуы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырады.

Мемлекет басшысы Атырау облысының әкіміне медициналық қызмет көрсету саласындағы өзекті мәселелерді шешу, сонымен бірге мектептердегі білім беру сапасын арттыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин президентке коронавирусқа қарсы күрес бойынша қабылданып жатқан шаралар жайында есеп берді.

Сонымен бірге облыс әкімі мемлекет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері, соның ішінде инвестиция тарту, тұрғын үй салу, индустрияландыру картасы аясындағы жобалардың жүзеге асырылуы жөнінде баяндады.

Әңгімелесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Оңдасын Оразалинге өңірдегі санитария-эпидемиологиял ахуалын тұрақтандыруға және азаматтарды вакциналау жұмыстарын жандандыруға қатысты бірқатар тапсырма берді.