Бұл туралы ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты.
өкініш қарай, биыл да қасиетті Рамазан айын пандемия жағдайында өткізгелі отырмыз. Жұқпалы дертті оқушаулану, сақтану арқылы ғана жеңуге болатынына ашық көзіміз жетіп отыр. Осы ретте, сіздерді ауызашар кезінде, құлшылық сәттерінде санитария талаптарын қатаң сақтауға шақырамын. Денсаулық — бәрінен қымбат құндылық, Алланың адамзатқа берген аманаты. Осы орайда жасы 60-тан асқан аға-апаларымыздан ауыз бекітуден бұрын медицина тексеруінен өтіп, дәрігерлердің кеңесіне жүгінуді сұраймыз. Өйткені біздің дініміз жеңілдікте қалайды. Денсаулықтарыңызға қарап, дәрігердің кеңесін алғаннан кейін ораза ұстасаңыздар хайырлы болады, — деді бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
ҚМДБ төрағасының айтуынша, егде жастағылар мен балалардың эпидемиология ахуалы тұрақталғанша мешітке бармағаны жөн.
Егде жастағы және балиғатқа толмаған азаматтардан күрделе ахуал тұрақталғанша мешітке бармай, құлшылықты үйінде орындауын сұраймыз. ҚМДБ Рамазан айында айтылатын уағыз-насихат, сұрақ-жауап жұмыстарын онлайн режимде өткізуді жалғастырады. Құран хатым жасау рәсімдері де қашықтықтан оқытылады, — деді бас мүфти.
Наурызбай қажы Тағанұлы сонымен бірге биыл да Рамазан айының онлайн бағдарламасы дайындалғанын, пітір садақа мен зекетті қашықтан беруге болатынын айтты.
Біз Рамазанда бір ай бойы жалғасатын діни дәрістердің, қасиетті Қадір кешінің, ұлық мейрам ораза айттың онлайн бағдарламасын дайындап қойдық. Интернет желісі арқылы сұраққа жауап алып, онлайн насихат тыңдап, үйден шықпай сауапты амалдарға ортақтасуға болады. Біз қазіргі жағдайды ескеріп, өткен жылы жүзеге асқан жобамыз бойынша пітір садақа мен зекетті онлайн режимде берудің оңтайлы жолын тағы да ұсынып отырмыз, — деді діни басқарма төрағасы.
Наурызбай қажы Тағанұлы қазақстандықтардан коронавирусқа қатысты енгізілген шектеу шараларын сақтап, ауыз бекіткен жағдайда дұрыс тамақтануға кеңес берді.
Құрметті отандастар, сіздерді пандемия кезінде барынша сақтанып жүруге, адам көп шоғырланған жерлерге барынша бармауға, ауыз бекіткен жағдайда дұрыс тамақтануға, мүмкіндігінше жұмыс кестесін ыңғайлап, денсаулықты күтуге шақырамыз, — деді ол.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы қасиетті айда қайырымдылық жасап, сауап алуды ниет еткен жандарға ауызашар қораптарын еріктілер немесе мешіт қызметкерлері арқылық ораза ұстаған, мұқтаж кісілерге жеткізуге болатындығын айтты.
Тағы оқыңыз: 2021 жылғы ораза кестесі: ауыз бекіту және ауызашар уақыты
Ауызашар, пітір садақа. Пандемияға тура келген екінші ораза қалай өтеді?